Елтаңбадағы "QAZAQSTAN" жазуы туралы: Қаріптің стандарты болмай шықты
Бүгін Мемлекеттік рәміздер мен нышандар күні. Еліміздің елтаңбасы – егемендігіміздің белгісі. Ал Елтаңба стандарты бертінде жаңа заманға сай жүйеленіп, өзгеріске ұшырады. Бұл өзгерістің қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге байланысты енгізілгенін Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Ең бастысы, ғалымның айтуынша, елтаңбадағы "Қазақстан" жазуындағы қаріп таңбасын да өзі ойластырып тапқан.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы кириллица әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы бастама көтергенін жақсы білесіздер.
2019 жылы жаңа стандартты жасауға Елтаңбадағы кириллица әліпбиімен бедерленген "ҚАЗАҚСТАН" жазуын латын графикасында "QAZAQSTAN" деп жазу мәселесіне қатысты болды. Сондықтан бұл мәселеге де жіті үңілуге тура келді. Себебі рәмізге пайдалануға келетін қаріптің стандарты болмай шықты. Кейін министрлікте осы мәселе қозғалып, маған "қаріпті қайдан алдыңыз?" деген сауал жолданды. Өздері де іздеп таба алмаған ғой. Мен мұндай қаріптің дайын үлгісі жоқ екенін жеткіздім. Бұл қаріптің геральдика, көркемдік, қазақы нұсқа заңдылықтары бойынша рәміздің ажырамас бір бөлігіне айналғанын, рәміздегі өзге элементтер қалай ойластырылса, бұл қаріп түрі де солай әзірленгенін айттым", - дейді ғалым.
Міне, осылайша жаңа стандартты Мемлекеттік хатшы қарап, Елбасы 2019 жылдың қаңтарында мақұлдаған соң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңына өзгертулер енгізілді. Елтаңба стандарты өзгертілген соң, Тудың жобасымен көк түсті матаға Елтаңба тігілетін Қазақстан Президенті штандартының стандартын да қайта әзірлеп шықтық. Мемлекет басшысының қызмет орнына ілінетін, түрлі салтанатты шарада әдіптелетін жаңа штандарт биылдан бастап қолданысқа енгізілді. Оның стандарты бұған дейін болмағанын да атап өту қажет. Алайда мәні мен маңызы Елтаңбадан ешқандай кем емес.
"Кейін осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, жүйесін баяндайтын "Қазақстан Елтаңбасы" кітабын жарыққа шығардым. Бұл деректі кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне жазылған. Бірден айта кетейін, Елтаңбаның жаңа стандарты шықты екен деп бұған дейін ілулі тұрған рәмізді бірден алып тастау ешкімге міндеттелмейді. Бұл туралы арнайы заң бар. Соған сәйкес Елтаңбаны ауыстыруға үш жыл мерзім қарастырылған", - дейді ол.