Қала мен ауылды қап-қара ұлу басып жатыр
Түркістан облысының біраз елді мекені "бауыраяқтылардың" шапқыншылығына ұшырады. Бала кезден және биологиядан жақсы таныс жұмсақ тәнді бұл жәндіктер тасбақадай әзер қыбырлап, қауіпсіз көрінетін. Алайда олардың адам атаулыға зияны көп екені анықталуда, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл бәлекет Түркістан облысының Леңгір қаласына қарасты Төле би ауданына келіп отыр. Аудандағы Ақайдар-1 ауылының тумасы, жергілікті белсенді Ақару Бажи жалғыз осы елді мекеннің ғана емес, жалпы Леңгір қаласының келешегі алаңдататынын айтады.
"Бізде соңғы 2–3 жыл көлемінде ірі, қап-қара түсті ұлу қаптап кетті. Бұл мәселе бәрімізді қатты мазалап жүр. Алғашқы жылдары өзі кетіп қалатын шығар деп көп мән бермедік, әрі кетсе ұлуға қарсы улаушы дәрі алып, шашып жүрдік. Өкінішке қарай, бір-екі үй ғана дәрі шашқанымен мәселе шешілмейді екен. Себебі, ауылды жаппай жайлап алғандықтан уланған үй ішінде аз уақытқа шамалы азаяды да, артынша қайта көбейеді. Сөйтсек, бұл проблема тек біздің ауылда ғана емес екен, тіпті Леңгір қаласында да бар болып шықты", – дейді Ақару Бажи.
Ауылдықтар бұлардан балалар түгіл, ересектер де қорқатынын жеткізді.
"Ұлудың ең жаманы сол, түнде үйге кіріп, үйдің қабырғасына өрмелеп шығып алады, шырышты ақ іздерін қалдырады. Әсіресе, жауын жауғанда үй қабырғалары қап-қара түнек болып ұлуға толып тұрады. Ұлулар сары сілекей бөледі, оны жуып кетіру оңайға соқпайды. Ең қиыны, ұлулар әртүрлі аурулардың тасымалдаушысы саналатын көрінеді. Олар тек үй қабырғаларына өрмелеумен шектелмей, барлық егілген жеміс-жидектер мен көкеністерге жабысып, жеп, ластап жатыр. Бұл бір бұрын қазақ атын естімеген сорақы жайт болып тұр. Ұлулар жыл өткен сайын тек көбейіп барады", – дейді қоғам белсендісі.
Ауылдықтар бунақденелілердің елді мекендерді жайлауына жақын орналасқан су қоймалары мен бөгенді айыптайды. Төле би ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 6 мамырда Леңгір өзенінде су деңгейі көтеріліп, ернеуінен шыға тасып, Леңгір қаласын су шайып кетті. Оның үстіне ондағы су қоймаларының өткізу қабілеті аз. Сондықтан тасқын су аулалар мен сарайларды басты. Оның салдарларын аудан әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің және тұрғындардың күшімен өз бетінше жоюға тура келген.
Жергілікті тұрғындардың әңгімелеуінше, Кеңес одағы кезінде арнайы тікұшақтар көмегімен осындағы барлық елді мекендердерге, өзен-көлге ұлуға қарсы дәрі себілетін болған. Өйткені ұлулар індет таратады. Бір күн болмаса басқа күні сол тарала бастай ма деп ауылдықтардан маза кетті. Олар ел Үкіметі шегірткемен күрес үлгісінде енді Леңгір қаласына, Төле би ауданындағы елдімекендердің барлығына ұлумен күресуге қаражат бөлсе деп тілек білдіреді.
Жалпы, осы құбылыс көптен бері еліміздің басқа да өңірлерінде бас көтеріпті. Мысалы, қарағандылық журналист Мұрат Мусин 2014 жылы Қарағанды облысында ұқсас жағдай қайталанғанын айтады. Жауын-шашын көп жауғасын, қалалар көшелерін ұлулар жауып кеткен.
"Бізге жазған адамдар аулалар мен подъездердің ұлуларға толып қалғанына шағымданды. Түсініктеме берген мамандар ұлулар адамға қауіпті аурулардың табиғи ошағы болып табылатынын еске салды. Біздің редакциядағы бір жігіт сынақ өткізді: Әлиханов көшесінде осы бауыраяқтыларды жинап алып, бас қаладағы француз мейрамханасына апарын сатпақшы болды. Бірақ бұлар тамақ етуге жарамайтын болып шықты. Тек Еуропа мен Балтық теңізі жағалауын мекен ететін жүзім ұлуы ғана ас етуге жарамды екен", – дейді әріптесіміз.
Белгілі зоолог ғалым Андрей Гранович әзірге ұлулармен күресудің тиімді тәсілі табылмағанын мәлім етті. Ұлулар ауыл шаруашылығына да зиян келтіреді: көкөніс-жемістерді жалмайды, үйге кірсе терезедегі декоративті өсімдіктерге қырғидай тиеді. Бір күнде өз салмағынан 20 пайызға артық көлемде өсімдік жеуі мүмкін екен.
"Сенбессіз, бірақ олардың кейбір түрінің отыз емес, 30 мың ұсақ тісі бар. Кеңес одағы аумағында жүзім ұлуы, ариант, жалаңаш шырыш, тоспаұлу түрлері кең таралған. Ариант Кеңес кезінде Португалиядан жеміс-көкөніспен ілесіп келген. Еуропа фермерлері жүзім ұлуынан ондаған жылдардан бері жапа шегуде. Сондықтан болар, олар ұлудың дәл осы түрінің ірілерінен ас әзірлеуді үйреніп алды. Ұлулар тез көбейеді, өйткені өзге жәндіктер секілді еркек-ұрғашы болып бөлініп, бір-бірін іздемейді. Олар гермафродиттер: өзін-өзі ұрықтандырып, туа береді. Осылайша, үйіңіздегі әрбір ұлу жұмыртқа салуы ықтимал", – дейді Андрей Гранович.
Кейбір ғалымдар кейінгі жылдары әлемде бұл көріністің жиі бас көтере бастауына климаттың өзгеруі себепкер деген пікірде. Үскірік аязды күндердің аз болуы, көктемнің ерте келуі бунақденелілердің көбінің қыстан аман шығуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, шектен тыс көбейгені сонша, олармен қоректенетін шағалалар, басқа да құстар жемтігінің бәрінің бірдей жойып үлгермейді.
Ұлулар әлемдегі ең қауіпті жануар-жәндіктердің бірі: жыл сайын ол 10 мың адамға дейін өлтіреді. Бұл ретте ұсақ ұлу жаятын шистосомоз секілді дерттің мыңдаған өмірді қиятыны анықталды.
"Әрине, дәрі себу күтілген нәтиже әкелуі мүмкін. Бірақ бұл у-дәрінің өсімдікке және адам ағзасына қаупі бар. Демек, амалсыздан бұл шырыштыларды қолмен жинауға тура келеді. Олардың тез қаша алмайтыны бұған мүмкіндік береді. Күрестің биологиялық әдістері де бар: мәселен, нематодтарды – паразит құрттарды арнайы әзірленген препараттарда өсіріп, ұлулар шоғырланған ошақтарға төгеді. Финляндияны ұлулар басуда. Фин ғалымдары қайыңның қарамайы негізінде жасалған препараттарды сынақтан өткізіп жатыр. Ол адам мен өсімдік үшін зиянсыз. Ал ұлуға қарсы біршама тиімді", – дейді зоолог ғалым.