Ауыл мектептерін қолдауға бағытталған жаңа жоба іске қосылды
7 шілдеде "Aitas KZ" пен "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ (НЗМ) "Ауыл мектебі" жобасын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба Тұрақты даму стратегиясы аясында Ақмола облысының Бұланды ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Катонқарағай аудандарындағы 4 мектепте жүзеге асырылады.
Қазақстандық мектептердің 72,2%-ы ауылды елдімекендерде орналасқан. Сонымен бірге ауылды елдімекендерде оқушылардың 46%-ы білім алады. Себебі елдегі мектептердің 49,4%-ы шағын жинақты мектептер болып саналады. Одан бөлек ауылдағы мектептердің әсіресе оқу құралдарымен жеткілікті деңгейде жасақталмауы мен білім алу мүмкіндіктерінің төмен деңгейі ерекше байқалады.
Сондай-ақ қазақстандық оқушылар соңғы 10 жылда халықаралық PISA-2018 15 жасқа дейінгі оқушылардың функционалдық сауаттылығын зерттеу нәтижелері бойынша алғаш рет сауаттылық деңгейінің төмендегенін көрсетіп отыр. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 37 балды құраған.
Жоба бастамашыларының ойынша, қоғамның, билік пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығы ауылды аймақтарда тұрақты даму стратегиясын жүзеге асыруға және НЗМ тәжірибесін елдегі жалпы білім беретін мектептерге трансфер жүргізуге мүмкіндік береді.
2011 жылдан бастап "Назарбаев Зияткерлік мектептері" Дербес білім беру ұйымдары өз тәжірибесін елдегі орта білім беру жүйесіне трансляциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – ұйым жұмысының басымдыққа ие әрі стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады.
"Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі жолдауына сәйкес әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңінде және қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім беру сапасы алшақтап жатқан уақытта, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында алты аймақтың әкімдігі "Ауыл мектебі" жобасын пилотты режимде бастау үшін 14 білім беру ұйымын іріктеп алды. Аталмыш жоба аясында ДББҰ оқу және тәрбие беру процесіне, оның ішінде сабақтарды бақылап, оқу жетістіктеріне мониторинг жасай отырып зерттеу жүргіздік. Мониторинг нәтижелері негізінде оқушыларға әдістемелік қолдау көрсетілді. Мұғалімдерді кәсіби тұрғыда шыңдау және материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді, мектептерді дамытудың жоспары жасалды" - деді жоба жайлы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма Төрағасы Күләш Шәмшидинова.
НЗМ іске асыратын жобаның негізгі міндеттері – мектеп инфрақұрылымын түгендеу және ауылдағы білім беру қызметінің сапасын арттыру. Өз кезегінде "Aitas KZ" АҚ мектептердің жабдықталуын қамтамасыз етіп, жобаны қаржыландырады. Жергілікті атқарушы органдар мектептерде жөндеу жұмыстары мен жаңа оқу жылына дайындықты жүргізеді.
"Ынтымақтастықтың осындай форматы аймақтардағы қазіргі білім беру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе елдің басқа аймақтарында да осыған ұқсас жобаларды дамытуға жол ашады. НЗМ-ның жалпы білім беру саласындағы мүмкіндіктері ауылдық мектептер деңгейінде де, елдің басқа қалаларының деңгейінде де қызықты. Жобаның жүзеге асырылуы өз нәтижесін сөзсіз көрсетеді. Алайда қазірдің өзінде қол жеткізген жетістігімізді оң нәтиже деп бағалауға болады" - деп атап өтті "Aitas KZ" АҚ Бас директоры Серік Толықпаев.
"Ауыл мектебі" жобасы келесі жұмыс бағыттарын көздейді:Ауыл мектептерінің күшті және әлсіз жақтарын, сонымен бірге орта білім беру ұйымдарының қажеттілігін зерттеу.
Білім беру қызметін ұсынудың шарттары мен сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу.
ДББҰ тәжірибесін есепке ала отырып, оқытуды ұйымдастырудың, оқытудың, бағалаудың, тәрбие беру жұмыстарының инновациялық тәжірибелері мен технологияларын енгізу.
Материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмысы жылдар бойынша жүргізіледі:2020 жыл: мектептердің диагностикасы; кабинеттерді жабдықтау (информатика, робототехника, ұлдар үшін инженерия мен қыздар үшін еңбек кабинеті); құрылымдалған кабельді желі мен БЖ (бағдарламалық жасақтама); мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектеп кеңістігін ұйымдастыру;
2021 жыл: кабинеттерді жабдықтау (химия, физика, биология, музыка, жаратылыстану, спорт және акт залы); оқушылардың біліктілігін арттыру;
2022 жыл: бастауыш, негізгі және жоғарғы мектептердің кабинеттерін жабдықтау.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысы 2020 жылы бүкіл жоспарлы жұмыстармен қатар жүргізіледі.
Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің бөлігі жүзеге асырылған. Яғни жобаға енгізілген мектептерге диагностика жүргізілді (Катонқарай мен Үлкен Нарын ауылы, Қасым Қайсенов кенті, Макинск қаласы). Сонымен бірге осы жылдың сәуір айынан бастап НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығының мамандарының қатысуымен "Когнитивті (танымдық) процестерді дамыту: назар, есте сақтау, сөйлеу, ойлау", "Сабақтағы кері байланыс: түрлер, ұсыныс нұсқалары", "Дарынды балаларды оқытудың амал-әдістері" және тағы басқа тақырыпта мектеп мұғалімдеріне арналған 20 вебинар өткізілді.
Көзделген міндеттерді жүзеге асырудың маңызды аспекттері – оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де оқу процесі болып есептеледі. Мұғалімдерді оқыту үшін де бірқатар кешенді шара жүзеге асырылады. Олар: педагогтар үшін біліктілікті арттыру курсы, сабақ беру мен оқыту әдістемесі бойынша семинарлар; НЗМ мен басқа да базадағы тағылымдамалар мен оқытулар.
Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша мектептегі білім берудің жаңа деңгейін ауылды елдімекендердегі 3000 оқушы алады. Жобаның жалпы бюджеті 800 миллион теңгені құрайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша жобаға қатысатын мектептерде 2021 жылдың соңына дейін мемлекеттік қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіледі.