Кеше Жаңаөзенде "Өзенэнергосервис" жұмысшылары ереуілге шықты
20 шілдеде Жаңаөзен қаласында "Өзенэнергосервис" компаниясының 60-қа тарта жұмысшысы компания кеңсесінің алдына жиналып, наразылық акциясын өткізді.
"Жұмыстан қысқартылайын" деп отырған наразылар қысқартуға қарсы шығып, сонымен бірге еңбек жағдайын жақсартуды, компания басшысын қызметтен кетіруді талап етті, деп хабарлайды centralasian.org.
Олар ақпарат құралдарына "кәсіби біліктілігі жоғына байланысты 40 жұмысшыны қысқарту қажеттігі" туралы құжатты көрсетті. Оған компанияның директоры міндетін уақытша атқарушы және Жаңаөзен әкімінің орынбасары қол қойған.
Жұмысшылар жіберген видеода ондаған жұмысшының компания өкілдеріне шағымдарын ашынып айтып тұрғаны көрінеді. "Мынадай төтенше жағдайда басшылық неге халықтың тілегін ескермейді? Халықтың жағдайы онсыз да мүшкіл кезде неге біз жұмыссыз қалуға тиіспіз?" деді наразылар.
- Еңбек жағдайы жоқ. Бір жылда екі бала тоққа түсті. Премия деген болған емес. Зейнетақы жарнасы жүрмейді. Несие ала алмаймыз. Кәсіподақ жоқ. Алатынымыз 60 мың теңге. Ол ештеңеге жетпейді. Біз нағыз жалшылар сияқты жұмыс істеп жатырмыз, - деді Азаттыққа инспектор болып жұмыс істейтін Гүлмира Сахариева.
Жұмысшылар ереуіл кезінде сонымен бірге көлікке жанар-жағар май, техникалық құжат берілмейтіні, жұмысшылардың өмірі сақтандырылмайтыны туралы айтты. "Айлықты жүз пайызға көтерсін!" деп айқайлады.
"Компанияда тамыр-таныстық жайлаған. Бізде 19-20 жыл жұмыс істеген тәжірибелі дипломы бар білікті жұмысшылар жетеді. Неге олар басшы болмайды? Басшылық өзіне ұнамағандарды қысқартады, қорқытады. Бұған қоса, тұтынушылар өздері тұтынған энергиядан артық ақша төлейді. Себебі компания шығынын солай өтегісі келеді. Заң қайда? Бізге әділдік керек" деді наразылардың бірі.
Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Қабылұлы наразыларға барып, сөйлеспек болып еді, жиналғандар қала әкімінің келуін талап етті.
Ал компанияның директоры міндетін уақытша атқарушы Қанат Қонысбаев мән-жайды телефон арқылы былай түсіндірді:
- Кәсіпорын жоспары бар. Бірақ ол бекітілмеген. Олардың бәрі (қысқарту мәселесі - ред.) әлі мәселе ретінде қаралып отыр. Ешқандай қысқарту болып жатқан жоқ. Біз басқа жолдарын да қарастырып жатырмыз. Құжаттың электронды нұсқасы тарап кеткен. Жұмысшылар соны көріп байбалам жасап отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, Жаңаөзен қаласына электр энергиясын тасымалдаумен айналысатын компанияда 185 адам жұмыс істейді. Мекемеге тарифтен басқа табыс түспегендіктен мекеменің қаржылай ахуалы күрделі. "Тұтынушылардың электр энергиясына артық ақша төлейтіні" туралы сұраққа ол:
- Тұтынушылардың тапсырған көрсеткіштері арқылы бір тәуліктік шығыны анықталып, сондай тәсілмен 30-31 күндік көрсеткіші есептеліп жатыр. Бұрын-соңды ондай әдіс-тәсіл жасалмаған. Тұтынушылар айдың кез келген күнінде көрсеткіштерін тапсыра береді. Соның шығынын толық есептеп беріп жатқан жағдай, - деп жауап берді.
Шамамен 100 мыңнан астам адам тұратын Жаңаөзен қаласында жұмыссыздыққа байланысты наразылық акциялары жиі өтеді. Маусым айының соңында бірнеше тұрғын Нұр-Сұлтанға барып, Ақорда алдында акция өткізді. Кейіннен полиция оларды ұстап, айыппұл салды.
2019 жылы қала жастары биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап етіп, наразылық білдірген еді. Олардың жетекшісі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында бес жылға сотталды. Оның үстінен "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Елшібаев пен оның жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.