Жоғарғы Сот судьясы Н.Рахметуллина: Жыныстық сипаттағы қылмыстарға қатысты жаза қатайтылды
Жақында Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты А.Марченкоға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Заңға сәйкес іс жабық сот отырысында өтті. Сондықтан, оқиғаның қалай орын алғанын жариялауға болмайды. Осы орайда "Zakon.kz" порталы жыныстық сипаттағы істердің санаттары, оларға қатысты қолданылатын жаза түрлері мен алқабилер соты туралы Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Назгүл Мәуілханқызы Рахметуллинаның пікірін беруді жөн көріп отыр.
Аса ауыр қылмыс бойынша айыпталған адамның істі алқабилердің қарауымен шешілуін сұрауға құқығы бар және осы істе айыпталушы А. Марченко сондай құқықты пайдаланды. Судья процесс аяқталғаннан кейін брифинг өткізіп, іс бойынша қандай шешім, қандай тәртіпте қабылданғаны туралы айтты. Сот бірнеше рет іс бойынша ақпарат жариялады.
Соттың дерегіне сүйенсек, А.Марченко 12-жастағы жәбірленушінің жас болуын және өз әрекетінің мәнін түсінбейтінін пайдаланып, жыныстық қатынасқа барған. Алайда, алқабилер соты істі қарай келе, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 120-бабынан 122-бабына ауыстырған.
Алқабилер соты сотталушы жәбірленушінің жасы 14-ке толмағаны туралы білмеген және жәбірленуші физиологиялық және психикалық дамуына сай әрекетін түсіне білген, жыныстық қатынас оның келісімімен жасалған деген қорытынды шығарған. Алқабилердің шешімімен зорлау әрекеті болмаған деген тұжырым жасалған. Осылайша, А.Марченко 2,5 жыл бас бостандығын шектеу туралы үкімге кесілді.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, сондықтан істің мән-жайын талқылау, алқабилердің шешіміне баға беруге ешкімнің құқығы жоқ. Заңға сәйкес бұл іске апелляциялық сот қана құқықтық баға бере алады.
Осы орайда алқабилер дегеніміз кімдер және олардың істі қарау тәртібі туралы айта кетейін.
АЛҚАБИЛЕР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
"Алқабилер туралы" Заңға сәйкес, алқаби дегеніміз – соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы.
Алқаби ретінде жасы 25-ке толған, сол іс қаралып жатқан облыс аумағында тұратын еліміздің азаматтары қатысады. Олар бұрын сотталмаған, наркологиялық, психикалық диспансерлік есепте тұрмаған адамдар болуы керек. Судьялар, адвокаттар, полиция немесе басқа құқық қорғау органдардың қызметкерлері алқаби бола алмайды.
Заңға сай істі 10 алқаби және 1 судья қарайды.
Олар процесті, ұсынылған дәлелдерді толығымен өздері көріп, тыңдап зерттейді. Сотталушыны, жәбірленушінің жауабын, куәгерлердің жауаптарын тындайды.
Содан соң, сұрақтар бойынша дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Шешім қабылдаған кезде судья мен алқабилердiң дауыстары тең. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетендер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi. Дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, үкім қабылданған болып есептеледi.
ЖЫНЫСТЫҚ ТИІСПЕУШІЛІККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАРҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?
Жалпы кез келген қылмыстық істі қарау нәтижесінде судья өзінің ойына келген жазаны тағайындай алмайды. Әрбір қылмыс бойынша жаза мөлшері Қылмыстық кодексте нақты көрсетілген. Мысалы, Кодексте белгілі бір бап бойынша жаза 5 жылдан бастап 10 жылға дейін деп көрсетілсе, судья жазаны 10 жылдан артық бере алмайды. Заң талабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде жаза тағайындауға тыйым салынған.
Кәмелетке толмаған және жас балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар туралы айта кетсек. Олардың түрлері мен жазалары да әртүрлі.
Ең негізді қылмыс құрамдары:
ҚК-нің 120 бабы – зорлау, яғни әйел адамға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, табиғи түрде жыныстық қатынас жасау. Осы бап бойынша жәбірленуші ретінде тек әйел адам болу мүмкін.
ҚК-нің 121 бабы – күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлық-зомбылыққа ұласқан сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Бұл еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе (табиғи нысандағы жыныстық қатынастан тыс) сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер.
Күш қолдану және оны қолдану қатерін төндірудің не екенін барлығы түсінеді.
Дәрменсіз күй дегеніміз не? Бұл, мысалы, алкоголдік ішімдік ішкен соң қарсылық көрсетуге мүмкіндігі болмаған жәбірленушінің күйі осындай мән-жай деп есептеледі. Дәрменсіз күй деп жәбірленушінің жастығы, яғни 14 жасқа толмағаны саналады. Сонымен бірге, айта кетейін, сотталушы жәбірленушінің 14 жасқа толмағанын білуі ескеріледі. Тек осындай жағдайда ғана ол қылмысты көрінеу жас балаға қатысты қасақана жасаған деп саналады.
ҚК-нің 124 бабы – жас балаларды азғындық жолға түсіру.
Бұл әрекеттер жыныстық қатынастан және сексуалдық сипаттағы әрекеттерден тыс әрекеттер. Мысалы, жас баланының жыныс мүшелерінен сипау.
ҚК-де 122-бап бар. Бұл он алты жасқа толмаған адаммен көрінеу жыныстық қатынас. Осы қылмыстың құрамы қандай, оның зорлаудан немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерден қандай айырмашылығы бар? Жәбірленушіге қатысты күш қолданбаған және оны қолдану қатерін төндірмеген кезде ғана сотталушының әрекеттері аталған бап бойынша сараланады.
Сонымен бірге, сотталушы жәбірленушінің 14 жасқа толмағаны туралы білмеген жағдайда, оның әрекеттері осы бап бойынша саралануға жатады.
ҚК-нің 122-бабы бойынша сотталғандар көбінесе бір-бірімен кездесіп жүрген жастар немесе кәмелет жасқа толмағандар. Мысалы, жәбірленуші 14-те, ал сотталушы 17 немесе 19 жаста. Ғаламтор арқылы танысады, кездеседі, ата-аналар білген соң полицияға жүгінеді. Көбі осындай істер бойынша сотта татуласып, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрайды.
5 жыл бұрын, мәселен, ҚК-нің 124-бабының 1-бөлігінде көзделген, яғни жас балаларды азғындық жолға түсіру қылмысын жасағаны үшін тек 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген болатын. Санкциясында бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. Бұл қылмыс ауырлығы орташа қылмыс деп саналатын. Жәбірленушімен татуласқан жағдайда сот осындай істерді қысқартуға міндетті болатын. Өзім де осындай істерді қарадым. Жас баланың анасы сотталушымен татуласқан жағдайлар да болған.
Қазіргі таңда кәмелетке толмаған жас балаларға қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып, жаза күшейтілді. Мысалы, жас балаға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін балалармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жыл мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Жас балаларды азғындық жолға түсірген адамдар сотталған кезде балалармен жұмыс істеуге құқығынан 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы жас балаларға қатысты зорлау қылмысын жасағаны үшін 37 адам, сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін 50 адам сотталған.
2019 жылы жас балаларды зорлағаны үшін 41 адам, сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін 55 адам сотталған. Олардың барлығына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.