Кешегі Жолдау. "Рухани жаңғыру" институтының сарапшылары пікірін айтты
"Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттардың қоғамның дамуы мен сананың жаңғыруына қалай әсер ететіндігіне пікірлерін білдіріпті, деп хабарлайды zakon.kz.
"Рухани жаңғыру" ҚҚДИ басқармасының төрағасы Данияр Есиннің пікірінше Жолдау мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа шешімдердің катализаторы болуы тиіс. Оның айтуынша биыл көптеген бағыттардағы құндылықтардың қайта қарастырылған жыл болды. Халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы дағдарыстан шығу шараларына, мемлекеттік аппарат жүйесін жетілдіруге және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударған.
"Басты назар аударатын нәрсе – барша азаматтардың белсенділігі мен санамыздың жаңғыруын қамтамасыз ету. Барлық шешімдер халықтың қажеттілігінен туындап отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, аймақтарды дамыту, баспана мәселесі сынды әлеуметтік көмек, отбасылық-демографиялық жағдайды жақсарту, білім деңгейін көтеру, экологиялық сауаттылықты арттыру келелі мәселелердің барлығы қамтылған. Осылардың бәрінен азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың күшейіп келе жатқанын көруге болады. Сондықтан, бұл шешімдердің барлығын бірлесе отырып шешуіміз керек", - деді Данияр Есин.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдардағы мемлекеттік дамуының негізгі мақсаттарын айтып өтті. "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ Қоғамдық процесстерді зерттеу орталығының жетекшісі Гауһар Мысаеваның пікірінше, Жолдау азаматтардың барлық сындарлы мәселелеріне дер кезінде назар аударатын "Тыңдайтын мемлекет" концепциясының негізінде құрылды.
"Жолдау барлық саланы қамтыған, әрі тереңдете түсіндіріліп, нақты шешу қадамдары көрсетілген. Қазақстандық қоғамның эволюциялық өзгеру бағыты, коронакризистен құтқару жолдары, ғаламдық трендтердің ақ-қарасын ажырату мәселелері дұрыс көтерілген. Жалпы, Жолдау "Тыңдайтын мемлекет" концепциясының жалғасы ретінде қоғамның түйткілді мәселелерін шешуге түрткі болуы тиіс", - деді Гауһар Мысаева.
Сарапшылардың пікірінше, барлық азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық бағытқа да ерекше назар аударған жөн. Ол 7 қағидадан тұрады: игіліктер мен міндеттемелерді әділетті бөлу, шағын және орта бизнесті қолдау, әділ бәсекелестік, экономиканың технологиялығы, адам капиталының дамуы, жасыл экономика, мемлекеттік шешімдердің дәлелділігі және қоғам алдындағы жауапкершілік. Жолдауға үн қосқан "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев Президенттің тапсырмалары тез, әрі нақты шешімдерді қажет ететіндігін айтты.
"Коронавирустан кейінгі дағдарыс бүгінде қоғамның қай саласында болмасын жаңа өзгерістерді қажет ететіндігін көрсетіп жатыр. Бұл мемлекеттік басқаруға да қатысты. Сондықтан, Мемлекет басшысынан қоғамды алаңдатқан барлық сауалдарға жауап алып, нақты шешім жолдарын білдік. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды салаларды қолдау жұмыстары одан әрі жалғасатындығы да қуантады", - деді Аян Сакошев.
Жолдауда қоғамдық келісім мен халықтың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Олардың арасында азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі даму концепциясын жасау мәселесі бар. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті еліміздегі әр алтыншы отбасының балаға зар болып жүргенін айтып, ажырасулардың 20 процентке жуығы соның кесірінен болатынын атап өтті.
"Отбасылық саясат тұрғысынан алғанда бірінші кезекте отбасылық-демографиялық жағдайды көтеру мәселесін қолдаймын. Осыған орай "Аңсаған сәби" бағдарламасы еліміздегі балаға зәру отбасыларға үлкен көмек болады деп сенемін", - деді осы орайда "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ Отбасылық институтты зерттеу орталығының жетекшісі Әйгерім Әшімова.