Президент тапсырмасы бойынша көлеңкелі экономикамен күрес қалай жүргізіледі
avesta-news.kz
Оффшорлық юрисдикциядағы шоттар ақша аударымдарына қатысты заңнамалар жетілдіріледі.
ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қазақстанда көлеңкелі экономикаға қарсы күрес қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
- Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары жаңартылады. Оффшорлық юрисдикциядағы шоттар ақша аударымдарына қатысты заңнамалар жетілдіріледі. Осы жылдың аяғына дейін ЭЫДҰ елдерінің салық органдары арасында жеке және заңды тұлғалардың қаржылық есепшоттары туралы алғашқы ақпарат алмасуды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тиісінше, біздің елдегі азаматтар туралы алынған ақпаратқа талдау жасалады, - деді Әлихан Смайылов үкіметтің брифингінде.
Ол салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жұмыстары да жалғасатынын атап өтті.
- Тауарларды қадағаланудың ұлттық жүйесі қазірдің өзінде құрылып жатыр. Биылғы жылдың 1 қазанынан бастап темекі өнімдерін таңбалау енгізіледі. Таңбалауға жататын тауарлардың тізімі үнемі кеңейіп отырады, бұл экономикадағы, әсіресе саудадағы көлеңкелі айналымды айтарлықтай төмендетеді, деп атап өтті ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске сала кетейік, өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қаржы министрлігі Экономикалық тергеу қызметінің бағытын қайта қарастыруды, негізінен оны көлеңкелі экономикаға қарсы күреске бағыттауды тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бір бөлігі көлеңкелі экономиканы құрайды.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript