Онлайн оқудан балалардың көзі нашарлауда
Күні бойы телефонға телмірген балалардың көру қабілеті нашарлап барады. Офтальмолог дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Өйткені күн сайын көз дәрігеріне қаралатындардың 50 пайызы оқушылар екен. Сондықтан алдағы уақытта көзілдірік тағып, жанарына айтарлықтай зақым келген ұл-қыздар көбеюі мүмкін, дейді мамандар, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Алматылық Ая Байжанованың қызы биыл 1-ші сыныпқа барған. Баласының көзінде ақауы болғандықтан онлайн оқудан қиналады екен. Бірнеше сабаққа қатысқаннан кейін көзінің ауырғаны күшейіп, ынтасы төмендеп кететін көрінеді. Анасы қызының мектепке барып оқығанын қалайды. Себебі, бастауыш сынып оқушысы Zoom түгілі ватсап месенжерін толық білмейтіндіктен жанында ата-анасы отыруы керек.
Ая Байжанова, қала тұрғыны:
Былтыр баламның көзіне екі рет ота жасатқанбыз. Сондықтан көзілдірік тағамыз. Бізге өте қиын. Негізгі сабақтарға ғана қатысамыз. Ал қоршаған ортаны тану деген, тағы басқа пәндерге қатыса алмаймыз. Ол баланың көзіне салмақ салады.
Ал офтальмологтар күн сайын гаджеттер телміріп, онлай сабақтан кейін бірден үй тапсырмасын орындау көз жанарына үлкен салмақ салатынын айтады. Олардың пайымынша, онлайн оқу барысында бабаларға әр жарты сағат сайын үзіліс беру керек. Бұдан бөлек, жеміс-жидектерді жиі тұтынған жөн. Ал, теледидер қарап, телефонға телміргеннен кейін көзге арналған жаттығу жасау керек екен. Күніне қаралуға келетін 15 адамның тең жарымы балалар.
Сабина Еділова, офтальмолог дәрігер:
Пандемия адамзат өміріне өзгеріс енгізбей қоймады. Карантин кезінде үйде отырған тұрғындар теледидар мен гаджеттер қараумен болды. Институтқа келетін әр екінші адам көзінің көру қабілеті нашарлағанына шағымдануда. Ата-анасын көзі жақсы көргенімен, балаларыныкі нашарлаған. Жеңіл түрі болса емдеуге болады. Емделмейтіндеріне көзілдірік тағудан басқа амал жоқ.
Биыл көзілдірік жасайтын зауытқа тапсырыс берушілер қатары өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артыпты. Әсіресе, мектеп оқушылары көптеп келеді екен. Онсыз да смартфоннан ажырамайтын балаларына алаңдаған ата-аналар көзін тексеруді жиілеткен.
Арыстанбек Жұмағұлов, көзілдірік шығаратын зауыттың директоры:
Биылғы жылы көзілдірікке тарсырыс беру, биылғы жылы 50 пайыздан асты. Жаңа айттым ата-ананың баланы көзін тексеру ниеттері, сосын көздің көру қабілетінің сәл әлсірегені деп ойлаймыз.
Алматы қалалық білім басқармасы жаңа оқу жылынан бастап, онлайн оқуда смартфон пайдалануға тыйым салды. Балалар компьютер, ноутбук және планшет пайдаланулары тиіс. "Қазіргі таңда оқушылардың дені смартфон пайдаланатындықтан жыл соңына дейін не боларын көзге елестетудің өзі қорқынышты" дейді мамандар.