Қазақта Чакрабортиден де мықтылар бар. Билік оларды кеңесші етпейді
Күні кеше Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды. Аталған кеңеске Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті Сума Чакрабарти енгізілген екен. Сонымен қатар Чакрабарти ҚР Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі боп та тағайындалыпты.
Жалпы, Қазақстан экономикасын дамыту үшін кеңесші ретінде шетел экономистері бұған дейін де шақырылған, деп жазады abai.kz. Оларға ай сайынғы еңбекпұлы үшін мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражат та қомақты. Мәселен, 2011-2017 жылдары Ұлыбритания премьер министрі болған Тони Блэр экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық реформалар бойынша кеңесшісі боп жүрді біраз жыл. Ал, британдық "The Telegraph" басылымы Тони Блэрдің Қазақстандағы консультациясы үшін жылына 6,3 миллион доллар алғанын жазған.
Ал, "Daily Telegraph" газетінің хабарлауынша, Тони Блэр Назарбаевтың кеңесшісі ретінде жылына шамамен 8 миллион фунт стерлинг алып отырған екен.
Қазақ қоғамының саясатшылары Тони Блэрдің кеңесшілікке алуды "Лондонның элиталық ортасында Нұрсұлтан Назарбаевтың мүддесін қорғау және Қазақстанның Батыстағы беделін жақсарту үшін ғана" жасалған шешім деп деп санайды.
Қалай десекте, мемлекет қазынасынан алынған миллиондаған қаражат Тони Блэрдің қалтасына құйылды. Бұл жөнінде Тони Блэрдың өзі де айтқан. Өзінің кеңесшілік қызметі үшін көп ақша шығындалғанын айтып, Назарбаевқа кеңесші болғанына өкінгенін жеткізіпті.
Одан бөлек, Қазақстан экономикасын алға жылжыту үшін америкалық экономист, экономикалық бәсекелестікті зерттейтін маман Майкл Портер де кеңесшілік етті. Ол 2005 жылы: "Орталық Азия аймағының экономикалық орталығы болуға Қазақстанның мүмкіндігі толық жетеді", деп бірнеше бағыт ұсынып, сұхбат беріпті. Портердің кеңесшілігі де аса нәтиже бере қоймаған сияқты. Себебі, Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасы 2008 жылғы дағдарысқа төтеп бере алмағанын айтты.
Сонымен, Блэр мен Портер есебін таба алмаған Қазақстан экономикасына күні кеше ғана Тоқаевқа кеңесші болған Чакрабарти тың серпін бере ала ма? Әлде, бұл да кезекті имидждік жоба ма? Біз бұл жөнінде сарапшылардан сұрап көрген едік.
Әуелі, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Олжас Құдайбергеновке хабарластық. Алайда Құдайбергенов мырза бұл мәселеге қатысты пікір білдірмейтінін айтты.
Мақсат Серәлі, экономист:
- Негізі өте өзекті мәселе. Бір кездері Ұлыбританияның премьер министрі де кеңесші болды. Қазір Президент Чакрабарти мырзаны кеңесші етіп жатыр. Бұған дейін миллиондаған қаражат төлеп, ел экономикасын қалай дамытамыз, деп Майкл Портерді де шақырған. Ол кісі келіп Қазақстан экономикасындағы басым бағыттар ретінде 7 кластерді дамытуға болады деп кеңес берген. Бірақ, одан нәтиже шыққан жоқ. Ой, идея жақсы. Бірақ, ол нәтижесіз қалды.
Сондықтан, меніңше бұл жердегі ең маңызды дүние – шетел азаматтары кеңесші болса, болсын. Бірақ, оған мемлекеттік бюджеттен қанша ақша төленіп жатыр деген мәселе маңызды сияқты. Егер ол ақылға қонымды, әлемдік стандарттар дәрежесіндегі қаражат болса, жарайды.
Бір жағынан мұндай шетелдік кеңесшілерді жалдау, осындай экономист, саясаткер кеңесші болып жатыр деген имидж үшін ғана керек сияқты. Ал, шын мәнінде олар Қазақстан экономикасына қаншалықты пайда келтіріп жатыр. Келелі кеңес бере алды ма?
Және бір нәрсені ескеру керек. Экономиканың өз заңдылықтары бар. Егер соның төңірегіндегі нақты кеңестер болса, біздің елдің экономикасын алға жылжытып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартып жатса құба-құп. Оларға бөлінген ақша өзін-өзі ақтайды деген сөз. Бірақ, ол кеңестер көп жағдайда Қазақстанның ұлттық ерекшеліктеріне келмей қалады. Сондықтан дамыған елдердің кейбір тәжірибелері бізге тура көшіре салуға болмайды.
Ал, егер олардың кеңесі өз шығынын ақтай алатын болса, онда да оларға төленетін гонарар әлемдік стандарттан асып кетпеуі керек. Меніңше сол қаражатты кеңесшілерге, түрлі экономикалық форумдарға жұмсағанша, әлеуметтік мәселелерге салу керек.
Әрине, бізде де ішкі нарықты білетін, мықты сарапшы мамандар бар. Сол мамандардың да ұсыныстары жүзеге асып жатса, экономикамыз ақырын-ақырын дами берер еді. Бірақ, сол сарапшыларымыздың ұсыныстары да көп жағдайда жүзеге аспай қалады. Тіпті, ескерілмейді де...
Расул Жұмалы, саясаткер:
- Меніңше мәселенің екі жағы бар. Рас, тек қана шетелдік кеңесшілерге құмарта беру, солар келіп барлығын түзеп береді деген асыра сілтеушілік. Себебі, 90 жылдары есімізде, Еуропадан, Азиядан, Араб елдерінен талай кеңесшілер келген. Бірақ, олар дұрыс реформаларға мұрындық бола алмаған. Сондықтан, бәлкім тек шетелдіктерге ғана емес, отандық мамандарымызға да сенім артқан дұрыс сияқты.
Бірақ, сол 90 жылдардағы кеңесшілердің берген кеңестері, рекомендациялары іске асырылмауы бәлкім, тек қана кеңесшілердің ғана кінәсі емес шығар. Себебі, оны орындайтын өзіміздің жауапты мекемелер. Олар қалай жұмыс істеді? Оны тексеріп жатқан адам жоқ. Бұл жағын да қарастыру керек.
Мәселенің екінші жағы бар. Негізінен Президенттің жанындағы кеңесшілердің басым көпшілігі Олжас Құдайбергенов, Ерлан Карин т.б сияқты өзіміздің мамандар. Бірақ, өзіміздің мамандармен қатар, егер шынымен қолынан іс келетін болса, неге басқа елдің тәжірибесін де көрмеске?
Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаттары бола ма, мықты экономистер бола ма, оларды ортаға тартып, тәжірибелерін кәдеге жарату - ол да әлемдік тәжірибе. Себебі, ондай шетелдік кеңесшілер дамыған мемлекеттерде де бар. Азия мемлекеттерінде де аз емес. Сондықтан шетелден келетіндердің барлығын "аузы қисық" деуге тағы болмайды. Сондықтан Президенттің бұл тағайындауының артында не тұрғанын, Чакрабаридің еліміздің экономикасына нақыт қандай үлес қосатынын көрейік... Кез-келген жағдайды нәтижемен өлшеген дұрыс қой.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz