Нақты сектор өсіп, қызмет көрсету саласында белсенділік қалпына келуде – А.Мамин
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов және энергетика министрі Н. Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндады.
Экономиканың базалық салаларында қабылданып жатқан шаралардың арқасында осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өсудің оң серпіні сақталуда. Өңдеу өнеркәсібінде 3,3%-ға, оның ішінде фармацевтикада 39,8%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіруде 18,9%-ға, машина жасауда 16,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 51,6%-ға, сондай-ақ қағаз өнімдері өндірісінде 15,1%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 14,1%-ға өсім қамтамасыз етілді.
Құрылыс көлемі 10,5%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9%-ға немесе шамамен 9,6 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді, жақсы өнім жиналды. ҚР алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қыркүйекте $94,1 млрд-қа дейін ұлғайды.
Металл кенін (+1,2%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+0,4%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндірудің төмендеуі (-3,5%) байқалады.
Қыркүйекте қызмет көрсету секторы белсенді түрде жандана бастады – тамыз айымен салыстырғанда, сауда-саттық 2,7%-ға, байланыс 1,3%-ға, көлік және қоймалау 1,2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторының өсуі шағын және орта бизнестің белсенділігін көрсетеді, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
"Көрсеткіштердің тұрақты өсу үрдісі жалпы экономиканың қалпына келуін көрсетеді", – деді А. Мамин.
Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Мұнай-газ секторындағы өндірістің төмендеуіне байланысты артта қалған өңірлер арасында Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бар.
"Жалпы, Қазақстан экономикасы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, нақты секторда да, қызмет көрсету саласында да көрсеткіштердің өсуін көрсетуде", – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін жұмысты жандандыруды тапсырды.
"Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспардың 100% орындалуына қол жеткізу қажет. Қазіргі жағдайларда бюджеттің атқарылуы тұрғысынан орталық және жергілікті органдардың басшылары жыл соңына дейін тиімді және уақытылы игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай қалды және барлық жобаларды аяқтап, жоспарларды іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет", – деп атап өтті Премьер-Министр.