Сұмдық! Кеше жүздеген қойды тірідей өртеп кеткен кім?
Қызылорда облысында егістік алқабында жайылып жүрген жеті жүзге жуық қой өртеніп кетті. Бір шаруа қожалығына қарасты ашатұяқтылардың өлексесін бақташы камераға түсіріп алған. Мал қожайындары түліктің әдейі өртелгенін алға тартып отыр. Бұған жайылымға жақын маңдағы күріш алқабы қожайындарының қатысы бар дейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Кеше ғана сарғайып жатқан мына күріш алқабы бүгінде қап-қара тегіс алаңға айналды. Күрішті жинап болған дихандар алдағы маусымға дайындық деген мақсатпен осы жерге от жіберіпті. Алайда осы уақытта осы жердегі алқапты екінші бір шаруа қожалықтың уақ малы жайылып жүрген көрінеді. Кәсіпкердің айтуынша, осы алқапта 1300-ден астам қой отқа оранған көрінеді.
Сәбит Әуелбеков оқиғаны өз көзімен көргенін айтады. Шаруашылықта бақташы болып жұмыс жасайтын ол егістікке дихандар келіп, еш ескертусіз от тұтатты деп отыр.
Сәбит Әуелбеков, бақташы:
Осы картада мал жайып жатқанмын. Сонымен мына бұрышында тұр едім бір машина өтті да арғы басына барып күбірлеп тұрды. Содан мен өртеніп, не қылып жатқан соң ана балалар көмек бере ма деп едім, ол балалар жағалап былай қарай өртеп кетті до конца. Сонымен малды шығара алмай қалдым, өзім келдім да қуып келіп осы араға келген кезде игере алмай қалдым ғой. Мынаның барлығын өрт басып кетті да сол малды тастап, өзім қашып кеттім.
Оқиға кеше кешкі сағат алтылар шамасында болған. Сол жерге жеткен төтеншеліктер тілсіз жауды 9-ға таяу сөндірген. Егістік бір мезетте күріштіктен мал өлекселерінің алқабына айналыпты. Ал, малдың иесі болса осының салдарынан қып-қызыл шығынға батқанын айтады.
Мейіржан Құтыбаев, шаруа қожалығының басшысы:
Қазір санадық, әлі де болса қосылып жатыр. 257-сі күйіп өлген, күйік шалғаны мына жерде қазір 253 бас, мына жақта тағы 300-дей күйгені бар. Аналық бас кемі 60 мың теңге ғой, тоқты бар оның ішінде 500 бас. Барлығы семіз, 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз олардың да барлығы жанып кетті.
Ал, диханшылар қойларды қасақана өртеген жоқпыз дейді. Олар келесі жылы да мол өнім алу үшін алқапты жоспарға сай өртегендерін айтады. Алайда, сол ортада жел күшейіп кетіпті.
Ғабит Исаев, шаруа қожалығы директорының орынбасары:
Осының 22-23-теріне жауын бар деген. Сол үшін біз срочно өртеп зәбке дайындауымыз керек болған. Мысалы ол 6-шы картадан қойған отты. Мал бірақ мына жақта болған шығар деген, бірақ мотоциклмен кетіп қалды дей ма бір бәле дейді. Сол екі арада жел күшейіп кеткен. Жел алып өтіп кеткен, әйтпесе дәл мал жатқан атызға ешкім от қоймаған.
Аққорған ауылдық округінің әкімі малшылардың бұл жерге үй жануарларын жаюға рұқсаттары жоқтығын айтады. Ауыл ақсақалдарымен өткізген жиналыста осыған қатысты шешім де шығарылған екен.
Ардар Садықов, Аққорған ауылдық округінің әкімі:
Шығынға ұшырап тұрған мал "Ынтымақ" деген шаруа қожалықтың малы. Ол Бірлікке ме басқа ауылға тіркелген. Бұл ауылға тіркелген мал емес. Жалпы ауылдың қоғамдастығымен, ақсақалдар кеңесімен бірлескен отырысының хаттамасы бар: ауылдың егістік алқаптарына ауылға тіркелген малдар жайылсын, басқа жақтын малдары жайылмасын деген сондай қаулы бар.
Кімдікі дұрыс, ал кімдікі бұрыс екені алдағы уақытта шешілетін болады. Қазір оқиға орнында аудандық полиция бөлімінің тергеушілері жүр. Ал, өтемақы мәселелері тек осы тергеуден кейін нақыт белгілі болады дейді шенділер.