Базалық мөлшерлеме 9,00% деңгейінде сақталды
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 7,50% болады, деп хабарлайды zakon.kz.
Әлемдегі экономикалық белсенділіктің қалпына келуі қалыпты және COVID-19 екінші толқыны аясында тұрақсыз сипатта. Сырқаттанудың жаңа өршуі нәтижесінде әлемде жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелуде, бұл үкіметтерді Қазақстанның ірі сауда әріптестері – Еуроодақ елдері мен Ресей Федерациясын қоса алғанда, көптеген елдерде жаңа шектеулер енгізуге мәжбүрлейді. Мұнай нарығында әлемдік сұранысты қалпына келтіру жөніндегі белгісіздікке байланысты жоғары құбылмалылық байқалады. Геосаяси тәуекелдер артып келеді. Белгісіздіктің сақталуы және сыртқы тәуекелдерді іске асыру ықтималдығының артуы базалық мөлшерлемені төмендету әлеуетін шектейді.
Екінші ай қатарынан инфляцияның тұрақтануы байқалады. Дезинфляциялық факторлардың басым болуы жалғасуда және төмен жиынтық сұраныспен, халықтың нақты кірістерінің төмендеуімен және іскерлік белсенділіктің баяу қалпына келуімен көрінеді. Қысқа және орта мерзімді келешекте проинфляциялық факторлар да бар. Орта мерзімділерге кейінге қалдырылған сұранысқа байланысты инфляцияның ықтимал жылдамдауын, ағымдағы шоттың және төлем балансының күтілетін нашарлауын және мемлекеттік бюджеттің кейінге қалдырылған шоғырлануын жатқызуға болады. Қысқа мерзімді сипаттағы факторларға эпизоотиялық жағдайдың нашарлауы (құс тұмауының таралуы нәтижесінде құстың жаппай қырылуы), өндіріс өсуінің баяулауына, экспорттың жандануына, электр энергиясы тарифтерінің өсуіне және Ресей Федерациясындағы қант бағасы өсуінің жылдамдауына байланысты бензин бағасының өсуі жатады.
2020 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша жылдық инфляция Ұлттық Банктің күткенінен төмен 7,0% деңгейінде (тамызда 7,0%) қалыптасады. Инфляцияның азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктері тиісінше 10,8% (тамызда 10,9%) және 5,5% (тамызда 5,5%) болып, тұрақтанды. Ақылы қызметтердің инфляциясы 3,6% деңгейінде қалыптасты. Ұлттық Банк инфляцияның құрамдас бөліктерінің серпінін бақылауда. Азық-түлік инфляциясының құрылымында нарықтардағы ет және нан-тоқаш өнімдері бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы байқалды. Маңызды импорттық құрамдас бөлігі бар тауарлар тобына бағаның өсуі байқалады. Нан-тоқаш өнімдері мен жармалар бағасының жылдық өсуі 13,4%, ет және ет өнімдері – 10,3%, май мен тоң май – 9,8%, шай мен кофе – 9,4%, алкогольдік ішімдіктер – 7,7% болды. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның серпіні халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуінен, сондай-ақ карантиндік шараларды сақтау мен сауда объектілерінің жұмысына шектеулерден туындаған төмен тұтынушылық сұраныс аясында салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Карантиндік шараларды жеңілдетуге және нақты сектор кәсіпорындары қызметінің қайта жандануына қарай 2020 жылғы қыркүйекте бензин бағасының жылдық өсу қарқынының 2,7%-ға дейін үдеуі байқалады. Ақылы қызметтер инфляциясын жылдамдатқан негізгі фактор реттелетін коммуналдық қызметтердің 0,7%-ға, атап айтқанда, электр энергиясының 6,6%-ға қымбаттауы болды. Көрсетілетін қызметтер бағасының жалпы өсуіне білім беру және байланыс қызметтерінің тиісінше 3,3%-ға және 2,1%-ға қымбаттауы да ықпал етеді.
Инфляциялық күтулер 2020 жылғы қыркүйекте төмендеді. Алдыңғы бағалаумен салыстырғанда аз респонденттер азық-түлік өнімдері бағасының, көп респонденттер – азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасының өсуін атап өтті. 2020 жылғы қыркүйекте инфляцияның бір жылға ілгері сандық бағасы 6,5%-ды құрады. Келесі 12 ай ішінде бағаның ағымдағы өсуінің сақталуын немесе неғұрлым жылдам өсуін күтетін респонденттердің үлесі 2020 жылғы қыркүйекте 49%-ға дейін (2020 жылғы тамызда 55%) төмендеді. Оң өзгерістерге қарамастан респонденттердің бағалаулары айтарлықтай өзгермелі болып қала береді.
Базалық инфляцияның көрсеткіштері тұрақтанды. Базалық инфляция (жемістер мен көкөністерді, коммуналдық қызметтерді (реттелетін), теміржол көлігін, байланысты, бензинді, дизель отынын және көмірді қоспағанда) қыркүйекте 7,4%-ды (тамызда 7,4%) құрады, нақты инфляциядан ауытқу 0,4 п.т. дейін (2019 жылғы желтоқсанда – алшақтық 1,9 п.т.) қысқарды. Базалық инфляция – trimmed mean (бағаның барынша жоғары және барынша төмен 8% өзгеруін қоспағанда жалпы инфляция) және орташа инфляция 2020 жылғы қыркүйекте тиісінше 6,1% (тамызда 6,2%) және 4,6% (тамызда 4,5%) неғұрлым қалыпты серпінді көрсетеді.
Жылдың басынан бері нақты сектор күтілетін төмендеуді көрсетеді, бұл ретте қалпына келу жалғасуда. 2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ болжамдарға сәйкес 2,8%-ға қысқарды. Covid-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына теріс әсері сақталуда, алайда, жекелеген секторларда карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне және мемлекеттік қолдауға байланысты жақсару байқалады. Қыркүйекте өңдеу өнеркәсібі (2,9%), ауыл шаруашылығы (5,1%), құрылыс (24,2%), ақпарат және байланыс (7,3%) салалары оң үлес қосты. Саудада наурыздан бері алғаш рет 2,7%-ға өсу тіркелді. ІЖӨ серпініне негізгі теріс үлесті тау-кен өнеркәсібі (-7,7%) және көлік (-23,1%) салалары қосты. Кәсіпорындарға жүргізілген пікіртерім нәтижелері нақты сектордағы ахуалдың сәл жақсарғанын көрсетеді. 2020 жылғы қыркүйекте іскерлік беделдік индексі (ІБИ) 2,2 тармаққа көтеріліп, 47,6 (шілде – 44,7, тамыз – 45,4) болды. Бұл ретте ІБИ 50 тармақтан төмен сақталуда, бұл әлі де экономикалық белсенділіктің төмен және дезинфляциялық факторлардың басым екенін көрсетеді. Бизнес климат индексі алты ай теріс аймақта болғаннан кейін қыркүйекте 2,0 тармақты құрап, оң көрсеткішке көшті.
2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға инвестициялар коронавирус пандемиясынан туындаған күтілмеген өзгерістің әсерін көрсетіп, 4,9%-ға төмендеді. Көлікте және кәсіби, ғылыми-техникалық қызметте инвестициялық белсенділік (жыл басынан бері тиісінше 5,7%-ға және 57,1%-ға өсті, ж/ж) қалпына келуде. Инвестициялардың теріс серпіні тау-кен саласында сақталуда, мұнда қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша төмендеу алдыңғы айлармен салыстырғанда (2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте 23%-ға төмендеді, ж/ж) күшейді. Сонымен қатар инвестициялардың төмендеуі саудада, құрылыста және қаржылық қызметте байқалады. Нақты және мемлекеттік секторлардың барлық қалған салалары негізгі капиталға инвестициялардың өсуін көрсетеді.
Нақты жалақының өсуі баяулаған кезде 2020 жылғы тамызда халықтың нақты ақшалай кірісінің қысқаруы жалғасты. Нақты ақшалай кірістің жылдық төмендеуі 2,5% болды. 2020 жылғы қаңтар-тамызда халықтың номиналды кірісінің құрылымында өзін өзі жұмыспен қамтудан түсетін кіріс үлесінің төмендеуі және жалдамалы жұмыстан түсетін кіріс пен трансферттер түріндегі кіріс үлесінің өсуі байқалды. Бұл республикалық бюджеттің әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстары өсуінің жалғасуымен
(2020 жылғы қаңтар-тамызда 17,6%-ға өсті) қатар жүреді. Тамызда нақты жалақының (шағын кәсіпорындарды есептемегенде) өсуі 3,5%, қыркүйекте – 3,0% болды.
Сыртқы сектордағы ахуал әлемдік экономиканың қалпына келу жылдамдығына қатысты белгісіз болып қалуда. ХВҚ қазанда 2020 жылға арналған әлемдік экономиканың даму болжамын 4,9%-дан 4,4%-ға дейін жақсартты, алайда, 2021 жыл бойынша күтулерді төмендеу жағына 5,4%-дан 5,2%-ға дейін түзетті. Коронавирус жағдайына байланысты әлемдік экономиканың қалпына келу қарқыны бойынша белгісіздік сақталуда. Бұл ретте АҚШ-та президент сайлауының нәтижелері және АҚШ тарапынан ынталандыратын шаралар топтамасының мөлшері сыртқы нарықтар үшін маңызды тәуекел факторларының бірі болып қалуда.
ХВҚ-ның 2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі сауда әріптес елдер экономикаларының өсуі жөніндегі бағалауы жақсарды. Еуроодақ экономикасы бойынша
2020 жылға арналған болжам 10,2%-дан 8,3%-ға дейін жақсарды. 2021 жылға 6,0%-дан
5,2%-ға дейін төмендеді. Қалпына келу перспективалары коронавирусты жұқтырғандар санының өсуі аясындағы белгісіздікке, сондай-ақ Ұлыбританиямен болашақ сауда қатынастарына қатысты уағдаластықтың болмауына байланысты. Қытай экономикасы бойынша 2020 жылға арналған болжам 1,9%-ға дейін (алдыңғы бағалау – 1,0%) жақсарды.
2021 жылғы бағалау өзгерген жоқ – 8,2%. Қалпына келудің күтілуіне қарамастан, көптеген негізгі қалаларда коронавирустың таралуына және су тасқынынан кейін қалпына келудің баяу болатынына қатысты қауіптену сақталуда. Сонымен қатар 2020 жылғы шілде-тамызда импорттың құлдырауы ішкі тұтынудың әлсірегенін көрсетеді. Ресей экономикасы серпінінің 2020 жылға арналған болжамы да 6,6%-дан 4,1%-ға дейін жақсарды, бұл ретте 2021 жыл бойынша 4,1%-дан 2,8%-ға дейін біршама нашарлады. Нашарлау пайдалы қазбаларды өндіру салығының артуымен, санкциялық және геосаяси тәуекелдердің және әлемдік мұнай нарығының тұрақсыздығына байланысты тәуекелдердің күшеюімен байланысты.
Бүкіл әлем бойынша іскерлік белсенділіктің төмендеуі аясында сауда әріптес елдеріндегі монетарлық талаптар икемді болып қалуда. Сауда әріптес елдеріндегі инфляция нысаналы мәндерден төмен болуда. Сұраныстың әлсіреуі аясында 2020 жылғы қыркүйекте
Еуроодақта (0,2%) және Қытайда (1,7%) инфляцияның төмендеуі жалғасты. Ресейде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі аясында инфляция қыркүйекте 3,7%-ға дейін жылдамдады.
Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал бір баррель үшін 40$ базалық сценарий шеңберінде қалыптасуда. 2020 жылғы қыркүйекте Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 40$-дан төмен түсіп, кейіннен қалпына келді, бұл әлемде коронавирустың қайта өршуіне, сондай-ақ әлемдік нарықтарда мұнай ұсынысының өсуіне байланысты болды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша 2020 жылдың соңына дейін және 2021 жылы мұнайға сұраныс қалпына келуді жалғастырады. Ұсыныстың өсуі қалыпты болады және оны негізінен ОПЕК-тен тыс елдер қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұнай нарығындағы негізгі тәуекелдер: COVID-19 пандемиясына қатысты белгісіздік, Ливия мен АҚШ-та мұнай өндірудің қалпына келуі, ОПЕК+ елдерінің арасында тәртіптің төмен болуы сақталуда.
2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шотының теріс аймаққа ауысатыны күтіледі. Мұнай бағасының және оны өндіру көлемінің төмендеуінен наурыз-сәуірде сауда жағдайының нашарлауы 3-тоқсандағы төлем балансының көрсеткіштеріне әсер етеді. Төлем балансының серіс ағымдағы шоты импортқа қарағанда экспорттың ілгері қарқынмен қысқаруынан туындаған соңғы 20 жылдағы алғашқы сауда балансының тапшылығымен негізделетін болады.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім алдағы «қараша-желтоқсан» болжамды кезеңінің нәтижесі бойынша қабылданады және инфляция бойынша жаңартылған болжамдарға және қалыптасып отырған серпін мен коронавирус пандемиясының жалғасуына қарай басқа да макроэкономикалық көрсеткіштерге негізделетін болады, бұл монетарлық талаптардың экономикада күтілетін және нақты қалыптасып жатқан жағдайға сәйкестігін талдауға, сондай-ақ 2021 жылы инфляция бойынша мақсатқа жету ескеріле отырып, мөлшерлемені төмендету үшін кеңістіктің әлеуетті болуын бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 14 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.