Қазіргі қыздар "өзі үшін" бала туып алғыш болды
Тұрмысқа шыққым жоқ, бірақ перзент сүйгім келеді. Бұл қазіргі қоғамдағы жасы 30-ға таяған немесе 30-дан асқан қыз-келіншектер арасында кең етек жайып келе жатқан құбылыс. Бұл әсіресе етек жеңін жиған, ешкімге тәуелді емес, материалдық жағдайы түзік бикештер арасында көп кездеседі. Өкініштісі мұндай тенденцияның нақты статистикасын жүргізіп отырған ешкім жоқ, бірақ көрер көзге көрініп, естір құлаққа естіліп отырған жайт, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әрине бұған қилы өмір, тұрмыстық проблемалар, тәрк етілген неке, болмаса ер-азаматқа деген сенімсіздік, тағы сол сияқты мың сан себеп табылар. Бірақ салдарын ойлаған кім бар? Мыңдаған бала әкесіз өмірге келеді. Кім кінәліні емес, қайтпек керекті ойлаған абзал дейді мамандар да, ұлт жанашырлары да. Ұлт жанашырлары демекші аталған жайт проблема деп қабылданбай, қалыпты құбылыс деп танылатын болса, түбінде ұлттық мәселеге ұласады дейді олар.
Тұрар Саттарқызы, қоғам белсендісі:
Ол бала ертең қандай болып өсетініне кім кепіл?! Толық емес отбасында өсіп жатқан балаларымыз қоғамның дерті.
Мансап, жұмыс деп жүргенде ұмытылады тұрмыс. Қыз ғұмыр қу тізесін құшақтап өтсін бе енді?! Әйелге керегі әлди.
Гүлбақыт Жолдасбекқызы, психолог:
Ол дүниеге келген баланың әкесін білуге деген құқы бар. Әйел адам бүкіл ер адамның сапа қасиеттерін балаға бере алмайды.
Нәтижесінде жеті атасы жұмбақ, тегі түсініксіз, болашағы бұлыңғыр балалар көбейеді. Бақытгүл апа тап осы құндылықтарға көз жұмуға жүрексінген-ді.
Өзі үшін туып алу дегенді қалай түсінуге болады? Ертең ол бала өскенде балаға не дейді. Мен сені ойыншыққа алып едім дей ме? Мысықты өзі үшін алуына болады. Итті өзі үшін асырауына болады. Өзім деп басталатын әрекеттің артында өзге емес өз баласының тұтас тағдыры жатыр. Өкінетіндер де бар.
Ал отбасы жылулығына зарығып, әке махаббатына тарығып өскен бала ертең кім?
Сұлтанхан Аққұлұлы, ұлт жанашыры:
Әкесіз өскен ұл бала ол жасқаншақ, жалтақ болады. Ол бір. Екіншіден, қазақ қоғамында байқасақ көгілдірлер дейді. Қызтеке дейді. Сондай ұл балалардың көбейіп бара жатқаны өмірдің шындығы.
Бірақ жетесіздің бәрі ұлттың түбіне жетеді деп кесіп айту да қате. Некесіз тудың деп те күстаналай алмаймыз. Тұлғаны қалыптастыратын бірінші отбасы болса, екінші ортасы.
Тұрар Саттарқызы, қоғам белсендісі:
Қайғылы тенденция. Қазақтың тамырына балта шабу. Ертең ол болашақта мүмкін сол өзінің туған әкесінен туған балалары мен бір жерде танысып, кездесіп, мүмкін үйленіп қалатын да жағдай болады ғой. Бұл деген үлкен трагедия.
Ал тарихқа көз жүгіртсек, некесіздерге іштей жақтырмаушылық, күдікті көзқарас қалыптасқан. Өзге түгелі өз тегінен бейхабар бейбақ сын сағаттарда сырт айналып кетеді деп шеттеткен. Бір бармағын бүгулі ұстаған.
Некесіз балалардың көбеюі ертең ұлтымызға қандай зауал алып келерін әлі ешкім болжай алмайды. Белгілісі, қауіпті құбылыстың нобайы қазірдің өзінде қылаң беруде...
Отбасы және тәрбие министрлігі дегенді ашса да біз одан кенде қалмаймыз. Ол балалардың тағдырын мемлекет болсын, жалпы қоғам болып, қолға алуымыз керек. Өйткені ол жеткіншек ұрпақ біздің болашағымыз. Тіпті бүгініміз де.