Қызылордалық күйеу келіншектің басын жарып, алты баламен үйден қуып шықты
Қызылордалық келіншек араша сұрады. 40 күндей болды, шаһардағы дағдарыс орталығын паналап жатыр. Алты баласымен. Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры, білдей бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған отанасының өз үйі өлең төсегінен қуылуына себеп – телефон, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Мәселе телефонда ғана болса, бұл неғылған трагедия дерсің. Түйткілдің төркіні әлеуметтік себепте болса керек. Ұрып соғу, тілдеу, қорлау. Келін емес, күң болып, қорғансыздың күнін кешкен келіншектің есімі – Ләззат Әбенова. Бұндай жайттар елімізде жүздеп, бәлки мыңдап саналады. Бір отбасының тағдыры мың отбасыға сабақ болсын. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ләззат Әбенова, көпбалалы ана:
Бізде күнде қырғын, күнде айқай-шу! Оң қолым да сынды, аяғым да сынды. Соңғы рет басымды жарды.
Даудың басы бұ жолы телефоннан басталды.
Ләззат Әбенова, көпбалалы ана:
Қызға телефон алып берейік дедім, сабақ онлайн болды ғой, содан басталды ғой қырғын. Енеміз алмайсыңдар дейді, біз аламыз дейміз. Сонымен қырғынның аяғы шығыңдар үйден деді ғой.
Шыдам шегіне жетті. Ләззат үйінен кетті. 6 баланы құшағына басып.
Ләззат Әбенова, көпбалалы ана:
Сенің қатының өз білгенін істеп жүр, шамаң келмейді, сен кет, мен басқа қатын әперемін дейді.
Енесі. Сөйтеді де ұлын әйеліне қарсы қояды. Екі оттың ортасында қалған азаматы анасының айтқанынан шыға алмайтын көрінеді.
Ләззат Әбенова, көпбалалы ана:
Жаздай сол күріш ектік, огород ектік, сол жақта жүреміз ғой, күннің ыстығы демейміз. Огородтан ана жақтан қаппен мына балалар тасиды бері қарай. Соны әкеліп трассада сатамыз. Әкелеміз мына балам бірдеңе сірдеңе алайқы дейді, мама әперші дейді. Мен сол алмаймын ғой бермеймін бұған. Сөйтіп әкелеміз де енемізге береміз ғой.
Анасының жылағаны қай балаға жақсын. Бірге еңіреп, көз жастарын көл етті.
Нұрислам, баласы:
Біздің мамамызды күнде ұрады. Самокатпен ұрады ішіп келіп, күнде айқайлап төбелеседі. Сендерге қол көтере ме? иә! Неге? 0646 білмеймін, ішіп келіп ұрады бәрімізді. Мамамызды талай ұрды.
Тіпті дым түсінбейді деген кенжесінің өзі бауырларына қарап бауыры езіліп отыр.
Келін емес күң болдым, не істесем де жақпадым деген Ләззаттың сөзін қайынжұрты жоққа шығарды. Кетіп қалу-келіннің күндегі әдеті.
Айша, Ләззаттың қайынбикесі:
Бұл әйел, Ләззат деген әйел 5 жыл бұрын да осылай сотқа беріп күйеуін сөйтіп ажырасып кеткен болатын. Сөйтіп, 6 ай жүріп, сотқа беріп алиментін төлеп тұрған менің інім. Сөйтіп, 6 ай жүрді де үйге келіп кірген-тұғын. Қаңғырып, қаңғырып келді дағы өзі үйге кірді. Ешкім қол көтерген жоқ. Ешкім қатты сөйлеген де жоқ. Нұрисламды қорқытып қойған олар.
Әркімнің өз шындығы бар. Көзбен көрмеген соң, анау жақсы, мынау жаман демейміз. Бірақ, анығы - бір күн ұрыс 40 күнгі ырысты алып кетеді. Ересектер ерегісінен үй, үй емес дала, жапа шегетін бала болады!
Серікгүл Сали, отбасылық психолог:
Себебі бала дұрыс өсуі үшін ол балада бір ғана орта болуы керек. Ол бала қорғаныста, қауіпсіз ортада болу керек.
Ал, күнде айқай, күнде шу баланың болашағына құйылған у!
Серікгүл Сали, отбасылық психолог:
Әкесі үніме анасын, баланың өзін ұрып отыратын ортада қауіпсіз сезімі болмайды. Ол сезім болмаған жерде бала сау болып өспейді. Психикасы сау болып өспейді.
Ал көз жасы құрғамаған балалардың жан дүниесімен 40 күннен бері дағдарыс орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Бізде психологиялық стресске түсіп, қатты шаршаңқы болып келді. Қазіргі таңда өте адамдармен еркін араласып, ашық ортаға түсіп кетті, бейімделді. Біздің орталықта балалар онлайн режимде оқып жатыр.
Жә. Бүгін араздасқан үлкендер ертең татуласып кетеді. Бірақ баланың жүрегіндегі жара ешуақытта кетпейді. Айтпақшы, отағасы ажырасуға арыз беріпті. Көпбалалы ана орталықты ары кетсе 4-5 ай паналай алады. Барар жері, басар тауы жоқ ана мен 6 баланың ары қарайғы тағдыры түсініксіз.