Келесі демократиялық революция Тәжікстанда болуы мүмкін
2020 жылы Тәжікстанда халық наразылығы күшейгені байқалды. Кейбір мәселеде билік көпшіліктің қалауын орындаса, кейде қудалау әдістеріне жүгінді, деп жазады centralasian.org.
Сарапшылар жаңа жылда экономикалық жағдай одан сайын қиындап, қоғам наразылығы күшейеді деп болжайды. Билік өкілдері мұндай көзқарасты жақтамайды. Олар наразылықты демократияның дамуы деп түсінеді.
2020 жыл Тәжікстан үшін COVID-19 пандемиясы ғана емес, әлеуметтік мәселелер көбейген жыл болды. Республиканың түрлі өңірлерінде түрлі наразылық болып, әлеуметтік желі қолданушылар билік әрекетін сынады.
Биыл сәуір айында Тәжікстанның солтүстігінде өлім көп тіркелді. Билік оны пневмония деп атады. Елде коронавирус бар екені көрініп тұрса да, ресми билік жұқпалы аурудың тіркелгенін 30 cәуірде ғана мойындады. Мемлекет басшысы халық алдына 20 мамырда ғана шықты. Ол Душанбеде төрт уақытша аурухана ашып, билікке қатысты сындардың бірқатарына жауап берді.
Бұл уақытта әлеуметтік желілерде билік әрекетін сынаушылар көбейді. Шетелдегі оппозиция мен ел ішіндегі белсенділер ауру мен ресми статистиканы жасырғаны үшін билікті сынады. Кейбірі президенттің отставкаға кетуін талап етті.
Сонымен бірге тәжікстандықтар Қазақстан мен Ресей шекарасында, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қалып қойды. Билік мәселені шешуге асықпаса, шетелдегі оппозицияның сыны күшейе берді.
Саясаткер Хайрулло Мирсаидовтың айтуынша, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жыл өткен сайын ауырлап барады.
"Халықтың экономикалық жағдайын билік өзгертуге дәрменсіз, сол себепті ол өз қауіпсіздігін ғана нығайтып жатыр", - деді Мирсаидов. "Билік жыл сайын адамдардың әрекетін түрлі заңдармен, құқық қорғау органдарының күшімен шектеп отыр. Сол себепті наразылық күшейе береді, халықтың басқа амалы жоқ", - деп болжады саясаткер.