Әліпби ауысса, қазақша оқып-сөйлейтіндер екінші сортты топқа айналады
Мен мынаған түсінбеймін: латынға көшкенде не ұтамыз? Көшпесек бірдеңеден құр қаламыз ба? Басты қатырмай-ақ осы алфавитпен жүре бермейміз бе, деді желіде Сәбит Шілдебай.
Басында, "латынға не үшін көшеміз?" деген сұрақтың бір жауабы - компьютер тілі, техниканы игеру оңайлайды деген де жауап болған. Қазіргі кезде, мұның 100 пайыз өтірік екенін мамандар дәлелдеп берді.
Орта білім беру жүйесінде тек қазақ сыныптары ғана, арнаулы және ЖОО-да тек қазақ бөлімдері ғана латынмен оқып, қалғаны кирилмен жүрсе, одан кім ұтады?
Біріншіден, қоғам екі жарылмай ма? Екіншіден, емлесі қалыптаспаған жаңа әліпбидің сарсаңын неге қазақ тілділер тарту керек?
Қазақстанда бүкіл мемлекеттік билік органдары орыс тілінде сөйлеп-жазады, қазақ тіліндегі құжаттар түгел аударма. Заң шығару органдары орыс тілінде заң қабылдайды, онда да заңдар қазақ тіліне аударылады. Құқық қорғау органдары түгел орыс тілінде жұмыс істейді. Еліміздің қаржы-банк жүйесі түгел орысша, қазақ тілі екінші орында екені бәрімізге белгілі. Денсаулық сақтау жүйесі, инженерлік-техникалық және инновациялық, нано технологияларға қатысы бар бүкіл сала орыс тілінде жұмыс істейді. Сонда тек қазақша оқығандар артта қалатын заман келмей ме?!
Бұл реформа - менің ұғымымда, қазақ халқының мәйегі болып отырған қазақ тілді топқа қарсы бағытталған сияқты. Егер әліпби ауысса, қазақ тілінде оқып-сөйлейтіндер анық екінші сортты топқа айналады. Еңбекақысы төмен мамандықтар ғана қазақ тілінде болмақ. Сонда бұл реформаның түпкі мақсаты не? Мүмкін, мен шынында да ештеңе түсінбейтін шығармын. Маған және осы сұрақ санасын мазалаған мыңдаған қазақстандықтарға осыны түсіндіріп бере алатын мемлекеттік билік органдары немесе мемлекеттік биліктің жоғарғы эшалонындағы тұлғалар бар ма? Халықтың осы сұрауына мүмкін депутаттар жауап сұрар?! Мүмкін, осы мәселемен айналысып, нанын тауып жеп жүрген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жауап берер?
Бірақ, мен "саяси шешім әлдеқашан қабылданып қойған! енді латынға көшу дұрыс па әлде бұрыс па деген сұраққа жауап іздеу кеш! Енді қалай көшеміз деген сұраққа жауап іздеу керек" деген ессіз жауапқа қанағаттана алмаймын! Кез-келген саяси шешім - мемлекет құрушы ұлт өкілдеріне қарсы бағытталмаған болуы тиіс және оларға түсінікті әрі тиімді болуы қажет! Халықтың көңілінен шықпаған кез-келген саяси шешім қоғамдық көңіл-күйге жағымсыз әсер етіп, онсыз да алшақтап кеткен билік пен халықтың арасына сына қағады.
Мен ортақ түркі әліпбиі жасалып, барлық қазақстандықтар жаңа әліпбиге көшетін болса ғана, барлық ұлттың балалары жаңа әліпбимен оқитын болса ғана латын әліпбиіне көшуге қарсы болмас едім!
"Орыстың пайдасына ортақ болып, зарарынан қашық болуға" негіз болған кирилл қарпінен дәл қазір қашудың қажеті жоқ деп ойлаймын!
Бірінші кезекте, тоқырап жатқан ғылымды көтеріп, ғылымды мемлекеттік ұйымдастыру мен білім беру саласындағы келеңсіздіктерді жою керек. Сонымен қатар, еліміздің экономикасындағы негізгі секторларды реформалау қажет; ауыл шаруашылығы мен халықтың тұтынуы үшін қажетті жер санаттарын қайта қарап, ең бірінші жайылымдық және шабындық жерлердің мәселесі шешілуі тиіс! Айта берсек толып жатыр, тағысын-тағы болып кете береді, дейді пост авторы.