Жаңалықтар тізбегі
0

Әмірхан Рақымжанов: Наурыз – түркі әлемінің қасиетті қазынасы

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.03.2021 02:40 zakon.kz
Ұлыс оң болсын!

Наурыз – түркі әлемінің тарихында, түркі әлемінің дүниетанымында, түркі әлемінің мәдениеті мен салт-санасында, өркениетінде ең айтулы мереке ғана емес, өткен мен бүгінін байланыстыратын, келешегіне мұра ғып қалдыратын қасиетті қазынасы. Қазақ халқының сан мыңжылдық тарихы мен ой-танымында Наурыздың орасан зор философиялық мәні бар.

Қазақ Наурыз келгенде яғни жиырма бірінен жиырма екісіне қараған түні күн мен түн теңеседі, сол күні тек күн мен түн ғана емес, хан мен қара, бай мен кедей теңеседі яғни Наурыз бұл әділдік пен ізгіліктің, дархандық пен кеңдіктің, береке мен бірліктің мерекесі – Жаңа жылдың бастауы деп санаған. Бұл күні әр шаңырақта жеті дәннен наурыз көже дайындалады, ежелден түркі жұрты ағашты кие тұтқандықтан, жаңа күн рауандап атысымен тал-шыбық егетін болған. Ұлтымыздың "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген даналығының мәні де осында. Алғаш шыққан көкті жұлма дейтіні – өмірін көктей солмасын, керісінше көктей жайқалып, өніп-өс деген берекелі тілектің белгісі.

Бізге жеткен тарихи деректерге назар аударар болсақ, ежелгі ғұндардың Наурыз мерекесін қалай қарсы алатыны туралы сан алуан дерек бар. Айталық, аруақтарға арнап мінәжат қылып құрбан шалу, ата-бабаның аруағына, жер мен көктің құрметіне арнап ас беретін болған, бұл ас беруді – шек деп атапты. Бір қызығы кей өңірлерде әлі күнге дейін соғымға сойылған етті қыста сүрлеп, көк көгерген наурыз айының қарсаңында кісі жинап, дастарқан жайып, шеке беру дәстүрі сақталған. "Самарқанның көк тасы жібіген күн" деген тіркес бүгінге дейін тіл қолданысымызда бар. Қыстан аман-есен шығып, әр шаңырақ қасиетті Наурыз мейрамында дастарқанға қоямыз деп сақтайтын жент-құртын, науаты мен ағын "Самарқанның көк тасы жібіген күні ашамыз" дейді екен.

Наурыз мерекесінің тағы бір басты ерекшелігі – бұл күн береке мен бірліктің мейрамы, ренжіскендер болса, бір-бірінен кешірім сұрасып, кең құшақ жайып көрісіп, қонақ шақырысып, мәз-мейрам болады. Ән мен жырдан шашу шашылып, ат жарыс, көкпар, теңге алу сынды ұлттық ойындар ойналып, қазан қайнап, ет асылады. Наурыз мейрамы ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын кең таныта алатын қадірлі дәстүріміз. Өткен ғаcырда Қазан төңкерісіне дейін Наурызды емен-жарқын тойлаған халқымыздың ән-күй өнерінің бүгінге дейін сақталып жетуіне осы мерекенің септігі зор болды. Олай дейтініміз, Наурызда ән мен жырдың түр-түрі айтылып, күмбірлеген күйдің мыңы тартылады. Осылайша әр өңір-өңірге тарап, келген қонақтың жадында жатталып, сақталып, таралып отырды. Бүгінде ұлттық ән-күйіміз халқымыздың қазыналы фольклорына айналды.

Наурыз мерекесін шығыс халықтары түгел дерлік тойлайды. Әр өңірдің өзінше тойлау дәстүрі бар. Мәселен, Иранда Наурызда тарихи деректер бойынша, арпаның пайдасы, қылыштасу өнерінің мәні, жүзім шараптың адамға пайдасы сынды ақпарлар сөз етілетін болған. Бірақ қазір шараптың пайдасы сөз етілмесе де, бұл күндері емен-жарқын жарқырап жүрудің маңызы, дастаран жайып, қонақ күтудің жыл бойы берекелі өмірге бастайтыны айтылады. Бұған дейін Наурыз мерекесінің шығу тегін тек иран халқымен байланыстыратын деректер де шығып жатты. Наурыз сөзінің өзі парсының "нау" - жаңа, "рыз" - күн яғни "Жаңа күн" деген сөзінен шыққаны белгілі. Бірақ Наурыздың шығу тегі тұтас түркі жұртының тарихымен астасып жатыр. Себебі "Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер" атты кітаптың "Ғұн баяны" атты бөлімінде Наурызды түркі жұртының тойлау ерекшеліктері баяндалады. Ал Наурыз мерекесінің пайда болғанына ғалымдар кем дегенде 4 мың жыл болды десе, шығыс халықтарының тойлап келе жатқанына шамамен 3 мың жылдай уақыт болған. Қазақтың ұлы ақыны Абай "Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы" мақаласында Наурыз мерекесінің тарихын сонау көшпенділер заманынан қайырса, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақтың төл тарихындағы өзіне тиесілі жалғыз мейрам осы Наурыз екенін жазады. Жалпы Наурыз барша түркі жұртына ортақ мереке, әр өлкенің әрине өзіне тән тойлау ерекшеліктері баршылық. Сондықтан өзіміздің ұлттық құндылығымыз саналатын қастерлі мейрамды өз ұлтымыздың болмысында жаңғыртқанға не жетсін. Қала берді талай жылдар бойы Кеңес Одағы "діни сарынды мереке" деген теріс түсінікпен Наурызды тойлауға тыйым салды. Бірақ Қазақстанның әр аумағында, кішігірім ауыл-аймақта ұлан-асыр ғып дүркіретіп тойламаса да, ата-бабаларымыз шама-шарқынша дастарқанын жайып, тілейтін тілегін тілеп, батасын қайырып, осынау ұлық мейрамды ұрпағына жеткізіп, аманаттап кетті. Бүгінде тәуелсіз ел атанып, айымыз оңынан туған шақта Наурызды ел болып дүркіретіп тойлаймыз. Осы жылы коронавирустың кең таралуы салдарынан ауқымды тойлауға мүмкіндігіміз болмаса да, әр шаңырақта қазан көтеріліп, қонақ шақырылып, игі ниеттер, ақжарма тілектер айтылатыны белгілі. Тәуелсіздік пен бейбіт күннің берері де осы – мереке мен берекеде, көңілдің тоқтығында, ертеңге деген жарқын сенімде, ұлт құндылығы мен дәстүрінің жаңғыруында.

Қазақ Наурызда ел мен жерді Қыдыр аралайды деп сенген. Осы күні тек қана жақсы сөздер айтып, бір-бірінен таза ниеттерін аямаған.

Дастарқанын тоқ болсын,

Уайым-қайғың жоқ болсын

Бақ-дәулет берсін басыңа,

Ғұмыр берсін жасыңа

Пәле-жала, шын-шайтан

Жоламасын қасыңа, - деп қазыналы қарттарымыз бата берген.

"Батамен ел көгереді" демекші барша түркі жұрты Наурызда ақ тілек айту алдағы жылымыздың жақсылық пен шаттыққа толы болуының кепілі деп сенген.

Осы орайда Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарны жарылған күн - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ең әуелі босағамыз берік, ертеңіміз жарқын, ел аман, жұрт тыныш болсын! Әр шаңырақ қуаныш пен бақытқа кенелсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Әмірхан Рақымжанов,

Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: