Алматыда коронавирустан 71 бала емделіп жатыр
Алматыдағы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева қанша кішкентай алматылықтардың СOVID-19-мен ауырғаны, қанша адамның сауыққаны және аурудың себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айнұр Уәлиеваның айтуынша, қазір Алматы қаласының ҚКБЖАА стационарында 71 бала ем алуда. Оның ішінде 1 жасқа дейін – 20, 1 жастан 4 жасқа дейін – 17 бала, 5 жастан 14 жасқа дейін – 24 бала, 15-18 жас аралығында – 10 адам бар.
Біз эпидемиологиялық көрсеткіштеріне қарай балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызамыз. Мысалы, егер отбасының барлық мүшелері ауырып қалса және клиникалық көрсеткіштер болса. Ауруханаға жатқызылған балалар саны ауруханаға жатқызылғандардың жалпы санынан 30-35%-нан аспайды, – деді Айнұр Уәлиева.
Педиатрдың айтуынша, мегаполисте балалар арасында коронавирустық инфекцияның өсуі наурыз айындағы мерекелерден кейін және сәуірде байқала бастады.
Наурыздың екінші жартысында біздің мамандар 72 баланы, ал сәуір айында 176 баланы емдеді. Сәуірдің бірінші онкүндігінде ауруханадан 139 бала шығарылды, ал 11-19 сәуір аралығында 107 бала шығарылды, – деді Айнұр Уәлиева.
Баланың сауығып шыққанына қарамастан, педиатр дәрігер учаскелік дәрігерден тексеруден өтуге кеңес береді. Оңалту кезінде үйлестірілген тамақтануды ұстану, тыныс алу жаттығуларын жүргізу, дене шынықтырумен айналысу өте маңызды.
Айнұр Уәлиева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жұқтырудың негізгі факторы үй жағдайында болатынын атап өтті. Яғни, бір отбасының ересектерімен тығыз байланыс жасаған кезде.
Біз балалар жаппай ауыра бастады, коронавирустық инфекция балалар арасында эпидемиологиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Сырқаттанушылықтың өсуі ересек халықтың арасында ауырғандардың көбеюімен тікелей байланысты, ересектер арасында жұқтырып, ауырғандар азайған кезде, бірден балалар арасында да жұқтырудың төмендеуі орын алады. Бүгінгі күні ауруханада ауру ағымы ауыр өтіп жатқан балалар жоқ. Көп жағдайда ауру симптомсыз өтіп жатыр, – дейді педиатр.