Жер үшін жерлестер жаға жартысып жатыр
Жамбыл облысында Сәду Шәкіров атындағы ауылдың тұрғындары төрт түлігін қораларында қамап бағуға мәжбүр. Өйткені, елдімекен маңындағы жер жекенің қолына өтіп кеткен. Сол аумаққа аяқ басқан мал атаулыны жер иесі ұстап алып, қожайындарына қайтармай қинайды екен. Ал жуырда кәсіпкер меншігіндегі жерді айналдыра екі метрлік ор қазып тастап, тірі жан өтпестей еткен. Жұртшылық осының бәріне ауылдың дәл іргесінен бизнесменге жер берген билік кінәлі деп ашуланып отыр. Ал жер иесі өз әрекетін заңды деп санайды, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық иесі арасындағы дау осыдан 3 апта бұрын басталған. Кәсіпкер дәл ауыл маңындағы өзіне тиесілі 78 гектар аумақты осылайша етіп айналдыра қазып бастапты. Мұны байқаған тұрғындар ауыр техниканың алдына тік тұрып, жұмысты тоқтатып тастаған.
Нұржан Мергенбай:
Масқара, қазылып жатыр егістік. Ауыл деген мынау тұр, 1-ақ километр. Түгел қазіп тастаған жердің бәрін. Халық не істейді енді байдың бетіне қарап отыра ма? Ашынған халық тұр міне, бой берер емес.
300-ден астам түтіні бар ауыл халқы кәсіпкерге осылай ренжулі. Шаруа елдің пікірімен санасып отырған жоқ дейді. Ашуланған тұрғындар осы мәселені көтеріп, ауыл әкімдігінің алдына барды.
Талғат Иманбеков, Сәду Шәкіров атындағы ауылдың тұрғыны:
Осы ауылдың малын қойдым, сиырын қойдым, жаман лақ-қозы жайылатын жер қалған жоқ бізде. Біз сонда не істеуіміз керек?
Дүйсенбай Сауытбеков, Сәду Шәкіров атындағы ауылдың тұрғыны:
Мал шығаратын жер таппай отырмыз ауылдың іргесіне дейін кәсіпкерлерге берілген, карта бойынша белгілеп қойған. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Аудан әкімі облыс әкіміне жеткізіп, осы мәселені халықты шулатпай бүгінге дейін шешіп беруге жағдай болса, біз тура осы секілді тұрмас едік.
Жергілікті атқамінерлер бұл проблеманы біледі. Тек, ештеңе істей алмайды. Себебі, заң бойынша кәсіпкер өз иелегіндегі жерді қалай пайдаланса да өз еркі.
Төрехан Қойлыбаев, Талас ауданы әкімінің орынбасары:
Ол ауылдан мынанша метр, мынанша километр деген жоқ. Ол егістік жерлер ауылдың шарбақтың түбінен басталып игеріліп жатыр. Ол егістік жер, қоршап ала ма, игеру керек жерді.
Ал кәсіпкердің өзі болса мұндайға амалсыздан бардым дейді. Себебі, тұрғындар егістік үстіне мал жаюын қоймай отыр екен. Шаруа ол жерді 2004 жылы рәсімдеп, пайдалануға биылдан бастап кірісіпті.
Нариман Мәуленов, шаруа қожалығының иесі:
Жұрттың айтып жатқан арызы орынсыз, қйткені ол жер суармалы жер, оны суары керек, оны маған тиімді пайдалану керек. Бір жағынан қорған болсын деп, екінші жағынан су деңгейін алып келу үшін біз арық қаздық.
Бұл даудың жуық арада шешілер түрі жоқ. Себебі, тұрғындар да, кәсіпкер де алған бетінен қайтпай отыр. Тараптарды татуластыруға әкімдіктегілер күш салып көрмекші. Жуық арада дауласушыларды ауылға жинап, бір мәмілеге келуді көздеп отыр.