Діни экстремизм мен терроризм заман дертіне айналуда
Жалпы дін туралы айтқанда адамдардың Жаратушы мен адам арасындағы қатынас немесе ерекше тылсым күштің барлығын мойындауы туралы ой келеді. Соңғы кезеңдерде дін туралы әңгіме өкінішке орай көбінесе діни экстремизм мен терроризм төңірегінде айтылатын болды.
Экстремизм бұл адамның басқа түсініктерді, сенімдерді, дәстүрлер мен құндылықтарды қабылдамауға түрткі болатын сенімдер мен шектен тыс радикалды (белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны ғана жақтау) көзқарас жолын ұстануы. Бұндай көзқарас бұл белгілі бір діни идеологияға және белгілі бір доктринаны түсіндіру туралы өте радикалды және фундаменталистік көзқарастарды ұстанумен ерекшеленетін діни ағымдарға жататын адамдарға тән. Белгілі бір діни идеология мен қызметке негізделген, қоғамға енуге ұмтылған немесе қолданыстағы діни дәстүрлерді түбегейлі өзгерту, тіпті жою мақсатында олармен бітімсіз қарсыласуға яғни зорлық-зомбылық көрсетуге, билікті күшпен басып алуға, мемлекеттік жүйені күштеп өзгертуге дайын тұру.
Діни экстремизмнің негізі - демагогиямен ұштастырылған қатыгездік пен агрессивтіліктің шектен тыс көрінісі. Бұл діни бірлестік ішіндегі шиеленістің күрт өсуіне ықпал етеді. Қазіргі кезеңде діни экстремизм жалған діни идеология ретінде пайда болып, қоғам мен жеке адамдардың өмірін және бүкіл әлемді қайта құруға тырысады.
Осы мәселені зерттеуші ғалымдар діни экстремизмнің интеллектуалды, саяси, психологиялық, діни, әлеуметтік және саяси себептері барлығын дәлелдеген.
Діни экстремизмнің себептерінің бірі - діннің мақсаты мен мәні туралы толық және сенімді білімнің болмауы. Егер діни білімнің мүлде болмауы жай өзімшілдік пен азғындыққа апарса, ал шала діни сауаттылық көбінесе экстремизмге соқтырады. Себебі адам өзінде терең діни білімі бар екеніне сенімді болады, ал оның түсінігі өте үстірт және жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жалған білім ақиқатқа жеткізбейді, туындаған мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде адам көбінесе діннің негізгі мәніне емес, керісінше сыртқы әдет – ғұрып, құлшылық сияқты міндеттерге назар аударады. Өзінің нақты позициясы болмағандықтан ол діни ақиқат ретінде басқа адамның пікірін қабылдайды, берілген мәліметтерді сыни тұрғыда анықтай алмайды, фактілерді қарапайым болжамдардан бөле алмайды. Діннің мақсаттары мен ішкі ілімдік жүйесін дұрыс түсінбеу діни білімнің таяздығына және деструктивті сипаттағы ашуланшақтық, агрессивтілік, ғайбат айту, тәкаппарлық, күдік келтіру, жеккөрушілік белгілердің пайда болуына ықпал етеді.
Діни экстремизм насихатының ерекше белгісі төзімсіздік пен қаталдық деп атаған жөн. Бұл кезде адамды көз жұмып тек өзінің наным-сенімін ұстануға мәжбүр етеді және экстремистке басқа адамдардың мүдделері мен нақты жағдайларды ескеруге жол бермейді. Бұндай қатынас сұқбат құруға және даулы мәселелер бойынша көзқарастарды объективті түрде салыстыруға жол бермейді. Діннің мәні мен мақсаттарын бұрмаланған моральмен (тәкаппарлық, агрессивтілік, өзін-өзі ұстай алмау) ұштастыра отырып, біртұтас және терең түсініктің болмауы туындаған мәселелерді шешуде теңдестірілген және бейтарап тәсілден бас тартуға әкеп соғады. Бұл жердегі діни фанатизм - өзара түсіністікке елеулі кедергі келтіреді, өйткені екі жақ та қалыпты позициялар ұстанған жағдайда ғана келісімге келуге болады. Бірақ, екінші жақтың қарсылығына тап болған экстремист оған шынайы діни қағидаларды түсінбеу, сенім негіздерінен ауытқу және тіпті күнәкарлық бойынша айып тағады.
Жалпы лаңкестік, терроризм - саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әркет.
"Діни терроризм" тіркесі саясаткерлердің сөйлеген сөздерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және ғылыми зерттеулерде орын алды. Халықаралық терроризмнің толқындық даму тұжырымдамасының авторы, терролог Дэйвид Рапопорттың айтуынша, оның қазіргі төртінші толқынының негізгі қозғаушы күші - діннің күші. Бұл толқынның көтерілуінің ең айқын көрінісі 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ - тағы террористік актілер болды, оны Аль-Каиданың басшылары "Манхэттенге жорық" деп атап, арабтардың Халифат құру идеясымен байланыстырды. Өз кезегінде кіші президент Джордж Буш осы оқиғалардан кейінгі сұхбаттарында ол террористердің әрекеттерін "зұлымдықтың жаңа түрі", ал өздері - "зұлымдық жасаушылар" деп бірнеше рет атай отырып, антитеррорлық дискурсқа теологиялық элемент енгізді. 2002 жылы бұл көзқарас халықаралық саясатқа қатысты болды: АҚШ-тың айтуы бойынша терроризмге демеушілік көрсеткен немесе жаппай қырып-жою қаруын жасаушы "зұлымдық осінде" Иран, Ирак, Солтүстік Корея мемлекеттері тұр деп есептеді.
Дэйвид Рапопорттың айтуынша, халықаралық терроризмнің төртінші толқынының пайда болуына 1979 жылы болған үш оқиға түрткі болған: Ирандағы ислам революциясы, Ауғанстанға Кеңес әскерлерінің кіруі және мұсылман күнтізбесі бойынша "жаңа ХV ғасырдың" басы жақындаған кезде мұсылмандардың "исламды тазарту", "шынайы сенімді қалпына келтіру" мақсаты. Бұл құбылыстың салдарынан 1980 жылдары "исламды тазарту" ұранымен күресті бастаған террористік ұйымдар ("Египеттік исламдық жиһад", "Исламдық жиһад ұйымы", "Хезболла") пайда болды. Жаңа толқынның өсуі ең алдымен Таяу Шығыста байқалды, ол жерден 1980-2000 жылдары ол Ауғанстан мен Пәкістаннан бастап Шығыс Африка мен Тынық мұхиты аймағына дейінгі аралықта басқа елдер мен аймақтарға таралды. Ислам терроризмінің толқыны Еуропаның жағалауларына 1990 жылдардың екінші жартысының ортасында жетті. Францияда 1994-1995 жылдары Алжир исламдық қарулы тобы шабуылдады. Германияда, Гамбургте 1998-1999 жылдары радикалды шетелдік студенттер тобы пайда болды, олар кейінірек Ауғанстанда орналасқан Аль-Каида құрылымының бір бөлігіне айналды. Бұл, "Гамбург клеткасы" аталатын мүшелер ауған лагерлерінде арнайы дайындықтан өтіп, 2001 жылдың 11 қыркүйек шабуылында шешуші рөл атқарған.
Американдық қалалардағы террористік актілер адамзаттың жаңа тарихындағы ауыр қазаның біріне айналды. Шынында да, әлем және халықаралық қатынастар айтарлықтай өзгерді. Жаңаша қауіп пайда болды, оған қарсы күресте мемлекеттердің қаруланған әдеттегі әдістері қолданылмайды. Бұл қауіптің қайнар көзі көбіне белгісіз болып келеді. Террорлық шабуылдардың нысандары тек әскери қондырғылар мен әскери қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар қарапайым қорғансыз азаматтар мен бейбіт тұрғындар болып табылады. Террорлық актілер жаппай дүрбелеңді таратуға, қорқытуға, билікке деген сенімді төмендетуге және оларды құлатуға бағытталған. Қиындық тек мемлекеттердің үкіметтеріне ғана емес, сонымен қатар заманауи қоғамдық тәртіпке жүктелуде.
2000 жылдардың ортасында Европадағы жиһадшылардың саяси қастандықтары мен ауқымды террористік актілері (2004 жылы Голландия режиссері Тео ван Гогты өлтіру, 2004 жылы Мадридтегі және 2005 жылы Лондондағы жарылыстар) бүкіл әлемді тағы да исламға қарсы қойды.
Қазіргі кездегі Ирак және Левант ислам мемлекетінің әрекеті діни фанатизмнің ерекше "үлгісін" көрсетіп отыр десе болады. Бұл елдің террористік әрекеті бүкіл әлемдік қауымдастыққа үлкен қауіп төндіруде. ДАИШ ұйымы жақтастары "Ислам мемлекетін орнатамыз" деген желеумен Сирия, Ирак аумағындағы қырғын соғыстар жүргізіп, мыңдаған адам қаза болды, қаншама адам ата - мекенін тастап босқынға айналды. Екі елдің аумағындағы ежелгі өркениет ескеркіштері қиратылып, жер жексен болды.
Осы айтылған оқиғалардың бар себебі кейбір адамдардың діндегі жиһад, шахид, халифат ұғымдарын өздерінің мүддесіне сай түсіндіріп, қоғамда іріткі салып, мемлекеттік жүйеге қарсы іс әрекеттер ұйымдастырып, әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің арасында қақтығыстар тудыруда.
Халықаралық терроризм - қазіргі өркениетке ең қауіпті қатерлердің бірі. Бұл құбылысты жоюдың жолдарын халықаралық қауымдастық әлі де анықтап жатыр, дегенмен қазірдің өзінде көп нәрсе жасалуда. Терроризмнің таралу ауқымы ерекше сипат алды, әлемдегі ешбір ел өз аумағында террористік актілердің жасалмауына толық кепілдік бере алмай отыр. Осыған байланысты, бұл мәселені ғаламдық сипатқа ие деп қарастырып, соған сәйкес онымен күресу жолдарын ұйымдастыру қажет.
Борбасова Қ.М., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры