Дінаралық татулық – мемлекет тұрақтылығының кепілі
Дін ежелгі уақыттардан бері адамдардың өмірінде шешуші рөл ойнап келе жатқан маңызды феномен және ол бүгінгі күнде де еш маңызын жойған жоқ. Адамзат үшін қазіргі таңдағы басты міндет – ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау. Себебі татулық пен бірлік орнықпаған жерде берекелі бейбіт өмірдің болмайтыны анық. Дінаралық келісімнің міндеті түрлі дін өкілдері арасындағы өзара келісім мен ынтымақтастықты, толерантты арақатынасты орнықтыру болып табылады. Дінаралық келісім арқылы діни саладағы түрлі шиеленістердің алдын алып, берекелі бейбіт өмірге қол жеткізуге болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 18 конфессия және 3800-ден аса діни бірлестік өзара татулықта өз қызметтерін атқарып келеді. Яғни, Қазақстан көпконфессиялы мемлекет болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституиясы мен Қазақстан Республикасының "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңы азаматтардың ар-ождан бостандығына кепілдік берген. 2011 жылы 11 қазанда қабылданған ҚР "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңының преамбуласында: "Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алатыны" туралы аталып өткен. Қазақ елі дінаралық татулықтың озық модельін қалыптастырып отыр. 2012 жылы қабылданған "Қазақстан – 2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси дамуы" атты стратегиялық жолдауында: "Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық. Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек" деп аталып өткен.
Қазақстан Ресупубликасы дінаралық татулықты сақтау жолында жаһандық деңгейдегі ірі бастамаларды да жүзеге асыруда. Бұл орайда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін атауға болады. Әрбір дін өз сенушісін ізгілікке, бейбітшіліке, мейірбандылыққа, қайырымдылыққа, жақсылыққа тәрбиелейді. Сенушілер діни көшбасшылардың үндеулеріне құлақ асады. ХХІ ғасыр кеңістігінде әлем аумағында таралған діндердің өзара диалогын ұйымдастыру жаһандық деңгейдегі өзекті іс-шаралар қатарына жатады. Бұған дейінгі уақытта Италияның Ассизи қаласында 1986 және 2002 жылдары жер жаһандағы діндердің басын қосқан кездесу болып өткен еді. Бірақ ол мәжіліс жүйелілікке түсіп, тұрақты диалог алаңына айнала алмады. Ал Нұр-Сұлтандағы съез әлемдік діндермен қоса ұлттық діндердің де басын қосып, татулық пен бірлікті қалыптастыруға бағытталған құрылым болуымен ерекшеленеді. Пікір қайшылықтары және өзара келіспеушіліктер болып жатқанына қарамастан, дін өкілдері ортақ диалог алаңында әлемді алаңдатқан мәселелерді талқылап, келісімге келуге ұмтылады.
Экстремизм, терроризм сияқты жаһандық қауіп-қатерлер, діни төзімсіздік, халықаралық дау-жанжалдар, қақтығыстар, діни құндылықтарды қорлау фактілері белең алып тұрған бүгінгі заманда аталған келеңсіздіктердің алдын алу өте маңызды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаты қандай да бір діннің артықшылығын анықтау емес, күрмеуі қиын адамзатқа ортақ мәселелерді өзара бірлесіп шешуге әрекет ету болып табылады. Түрлі дін өкілдерінің басын бір ортаға қосқан мәжіліс өткізу арқылы Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлеріне ортақ бір келісімге келуге мүмкіндік жасап беруде. Нұр-Сұлтан қаласындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ең алғашқы съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында өтіп, оған ислам, христиан, буддизм, индуизм, иудаизм, синтоизм діндерінің өкілдері қатысты. Жалпы 2003 жылы өткен бірінші съезде әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері, 2006 жылы екінші съезде 26 елден 29 діни делегация, 2009 жылы үшінші съезде 35 елден 77 делегация, 2012 жылы төртінші съезде 40 елден 85 делегация, 2015 жылы бесінші съезде 42 елден 80 делегация, 2018 жылы алтыншы съезге 46 елден 82 делегация бас қосты. Жиынға қатысушы дін өкілдерінің саны әр съез сайын көбеюде. Аталмыш цифрлар діндер форумының маңызының жылдан жылға артып келе жатқандығына дәлел бола алады. Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді құрылымдар съез жұмысына қолдау көрсетуде. 2015 жылы 11-15 маусым аралығында өткен V cъезге БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі де қатысты. Қазақстан әлемдік саясаттың белсенді мүшесі ретінде діндер форумында адамзатты алаңдатқан күрделі мәселелерді талқылауға ұсынып, оларды шешудің жолдарын іздеп келеді.
Өткенге көз тастап қарайтын болсақ, діндер форумы барысында бірталай жұмыстар атқарылды. 2003 жылы 23 – 24 қыркүйек аралығында өткізілген алғашқы отырыста съезді әр үш жыл сайын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім ары қарата өз жалғасын тауып, осы күнге дейін съез жүйелі түрде жұмысын атқаруда. Діндер съезіне арналып, Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Татулықтың символы іспетті бұл ғимаратта 2006 жылғы ІІ съезден бастап, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің отырысы тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2003-2021 жылдар аралығында діндер форумының Хатшылығы, Діни лидерлер кеңесі құрылды
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде діндер съезі жөнінде "оны өткізу ХХІ ғасырдағы әлемді қалыптастырудың маңызды қағидаты ретіндегі жаһандық толеранттылықты орнықтыру ісіне қосқан Қазақстанның ең ұлы сыйы" деген еді. Шын мәнінде Қазақстан толеранттылық саясатын ұстануы арқылы конфессияаралық және ұлтаралық татулығымен әлем елдеріне үлгі болып отыр. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары С.Нұрмұратов елімізде өткізіле бастаған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жөнінде мынандай баға береді: "Қазақстан Республикасында Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізу идеясы гуманистік бастама ретінде көтерілуі жаһандық деңгейдегі үлкен оқиға екені анық. Ол Елбасының қазіргі әлемді гуманизациялауға, ғаламда тарихи қалыптасқан әртүрлі көзқарастарды диалогқа шақыруға ұмтылған сындарлы қадамы және әлеуметтік дүниені руханиландыруға қосқан қомақты үлесі болары сөзсіз".
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің 34-ші қара сөзінде "Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсе қызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?" деп жазған. Данышпан ақын, барлық адамдардың өзара тең екендігін, бір-біріне көз алартушылық пен өзара қырқыстың саналы тіршілік иелеріне жарасымсыз құбылыс болатынын меңзеген. "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген Абай бабамыздың өнегелі сөзін есте сақтап, адамның барлығына сүйіспеншілікпен қарау бір ғанибет екені сөзсіз. Әлемдегі болып жатқан бітпейтін өзара қырқыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудің маңыздылығын адам баласы Жаратушы алдындағы міндеті әрі парызы екендігін білсе керек.
Елнұр Әскенұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы