300 мыңнан астам тұратын Семейде өзі екі-ақ көпір бар еді
Семейде Ертістің үстіне салынған екі көпірдің бірі опырылып кетті. Апатты жағдайдағы өткел жабылып, көлік кептелісі туындады. Сонау 60-шы жылдары пайдалануға берілген нысанның жабындысы қираған. Жұрт діттеген жеріне жете алмай, бірнеше жол апаты тіркелген. Бұл жөнінде жергілікті шенеуніктер не деді?
Семейліктердің жұмыс күні ұзын-сонар кептелістен басталды. Себебі, кеше Ертісті қақ жарып өтетін қаладағы ескі көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі опырылып, жарамсыз жағдайға түскен. Енді, қала тұрғындары пайдаланып жүрген жалғыз жаңа көпірге жүктеме артылып, ол да бір күні қирап қала ма деп қауіптенеді.
Үкімет тарапынан қандай да бір көмек болу керек қой. Әйтпесе, мынау қиын жағдай.
"Бүгін енді қатты болды кептеліс. Қаншама авария болды жаңа мосттың үстінде".
Кептеліс болғанда сұмдық кептеліс. 1,5 сағатта орталыққа аптекаға әрең бардым. Қолданатын түк те жоқ. Басшылар мықты жұмыс істеу керек. Жұмысшылардың ақшасын жақсы төлеу керек.
Таңертең әлі тұр ғой 5-6 сағат болды. Жұмысқа бару керек.
Ал, жергілікті инженерлер апатты жағдайға түскен ескі нысанды қайта қалпына келтіруге болады, - дейді. Ол үшін қыруар қаржы шашып та қажет емес екен.
Асан Омаров, инженер:
Үстіндегі қабатын жеңіл етіп алып, шарнирлерін қайтадан жасап, қайтадан қалпына келтіріп жасауға болады. Қазіргі заманда жеңіл конструкциялық материалдар бар. Жолағы кең көпір жасауға болады. Оны қайтадан бұзып тастаймыз, тас-талқан етеміз деген дұрыс емес пікір. Мен инженер ретінде айтамын ол қиын нәрсе емес.
300 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарда бар-жоғы екі-ақ көпір бар. Істен шыққан ескі нысан 1964 жылы салыныпты. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бірнеше рет күрделі жөндеуден өткізілген. Соңғысы биыл көктемде ғана жасалды. Ал, қоғам белсенділері Ертістің үстінен жаңа көпір салатын уақыт әлдеқашан келді деп есептейді. Қала тұрғындары бұл мәселені облыс деңгейіне дейін бірнеше рет көтеріпті. Бірақ, әзірге оны еститін атқа мінерлер табылмай тұрған көрінеді.
Сәтжан Кәріпбаев, қоғам белсендісі:
Әкімді жаңартқаннан ештеңе шықпайды. Көпірді жаңадан салу керек. Қала тұрғындары онсыз да еңсесін көтере алмай жатқан кезде ескі көпірдің опырылып түскені бізге жақсылық емес. Жаңа көпір салынуы үшін 31 млрд теңге қаражат бөлу туралы әңгіме қозғалды. Ол 31 млрд қашан бөлінеді, ол қашан салынып болады? Ал, енді қазір жығылғанға жұдырық болып жаңа көпірдің үстіне жармасып жатырмыз. Жаңа көпірдің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ.
Бүгін апатты жағдайға түскен нысанды жақында ғана қызметіне тағайындалған қала әкімі Бақытжан Баяхметовтың өзі аралап көрді. Аспалы жолдың сапасын тексеру үшін еліміздің бірнеше аймағынан комиссия шақыртылыпты. Сондай-ақ, мамандар ескі көпір күніне қанша көлікті өткізуге қауқарлы екенін де анықтайтын болады. Ал, шаһар басшысы көңіл көншітпейтін болжам айтты.
Бақытжан Баяхметов, қала әкімі:
Келесі жылы бұл көпірдің құрылысы басталуы тиіс. Сол 3 компания бүгіннен бастап зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Енді, осы сараптамашыларды күтейік. Аяғында мен ойлаймын осы 2-3 күннің ішінде жұмыстардың барлығын белгілеп, өз қорытындыларын айтады. Жаңағы біраз ограничениелер болады енді жүруге мүмкіншілік болған күннің өзінде де.
Қазір ескі көпір уақытша жабық тұр. Жүргізушілердің өтіп кетпеуін бақылау үшін тәртіп сақшылары қойылыпты. Білікті мамандар жөндеу жұмыстарына қанша қаражат қажет екендігін есептеп жатыр. Ал, халық жаппай пайдаланып жатқан жаңа аспалы көпірдің де жағдайы мәз емес. 2000 жылы пайдалануға беріліп, құрылысына 165 млн доллар жұмсалған нысан да қираудың сәл ақ алдында. Ал, салынған сәтте шетелдік компания пайдалану уақытын 200 жыл деп көрсеткен еді.