Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттігіміздің нышаны
Тіл – тәрбие діңгегі, тіл - білім-ғылымды игеру көзі, тіл – ұлттың жаны. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттігіміздің нышаны. Елбасымыз халыққа Жолдауында: "Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек", – деп атап көрсеткен болатын.
Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы енгізіліп, жүзеге асырылып жатыр. Осы тұрғыда халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек өз ойымен бөліседі. Тіл маманы қазақ тілінің кең өріс алуына не кедергі болып отырғанын, бағдарламалардағы қателік пен тіл саясатының тетіктерін айтты.
Ол тіл бағдарламаларын жүзеге асыруға қаржы жеткілікті деңгейде бөлініп жатқандығын атап өтті.
Тіл комитеті, өңірлердегі тіл басқармалары арқылы азын-аулақ бөлінеді. Қазақ тілі кафедраларына да Ғылым комитеті арқылы қазақ тілін зерттеуге ақша бөлінеді. Осылардың бәрін бір бағытқа, бір нүктеге жұмсап, жұмыс істесе, қаржы жеткілікті деп ойлаймын. Әрине одан көбірек бөлінсе тіптен жақсы болар еді, - дейді ол.
Сонымен қатар, Бижомарт Қапалбек мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы да пікірін ортаға салды.
Біздің тіл туралы заңда орыс тілін ресми тілдің орнына жүреді деп жазып қойған, олардың бәрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде демографиялық жағдай өзгеше кезде жазылған. Қазір жағдай басқа, тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Қазақ тілін мелекеттік тіл ретінде төрге шығаратын кез келді. Соған қазір парламентке жақсы ұлтшыл жігіттер келді, азаматтық қоғам да төменнен қатты талап етіп жатыр. Мәселен, Қазақстанның аумағында қазақ тілінде қызмет көрсетіңіздер дейді. Бұның бәрі заңды. Сондықтан тіл саясатының үш негізі бойынша да жұмыстар әлі жүргізілуі тиіс. Заң қатаңдау керек. Мысалы мемлекеттік қызметтегі азамат мемлекеттік тілді білуі ктиіс. Бізде мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметшілер әлі күнге дейін бар. Олар көп. Біз осыны жоймайынша мемлекеттік тілдің өрісі кеңейеді деп айта алмаймын, - дейді тіл маманы.
Әдістеме нашар ма, әлде тіл меңгермеудің басқа себебі бар ма?
Елімізде мемлекеттік тілді оқытатын орталықтардың саны бүгінде артып келеді. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге де қазақ тілін оқытатын бағдарламалар бар.
Қазақ тілі орыс сыныптарында жүреді. Өңірлерде тіл басқармаларының қасында тіл орталықтары бар. Солар мемқызметшілерге тіл үйретеді. Оны үйрететін мұғалімдерге қаржы бөлінеді. Бірақ нәтиже болмай отыр. Көп адам қазақ тілінің әдістемесі нашар, ағылшын тіліндей үйретсе деп, соған жабады. Өзіміздің қаракөз азаматтар да орыс тілін жетік меңгеріп, қазақ тілін жақсы деңгейде білмейді. Сөйтіп қазақ тілінің табиғатын өзінің деңгейіндей деп ойлайды. Сондықтан қазақ тілін дамыту керек, ол орыс тілінің деңгейіне жеткенше орыс тілі жүре тұрсын деген ниетте, - дейді ол.
Сондай-ақ, Бижомарт Қапалбек халыққа қазақ тілін ұтымды үйретудің, оның мәртебесін көтерудің жолдарымен бөлісті.
Тілді үйрену - мемлекеттік тіл екен-ау, бұл менің ана тілім екен-ау деген сезіммен келмейді, ол қажеттіліктен туады. Кез келген Қазақстан азаматы мемлекеттік тілге қажеттілікті сезінсе, оған ешқандай әдістеменің керегі жоқ. Ол өзі үйреніп алады. Біз ақша шашып, әдістеме жасап үйретіп жатқанымызға 10-20 жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ, себебі үйреніп жатқан адамға қазақ тілінің қажеті жоқ. Қазақ тілсіз-ақ өмір сүре алады. Мемлекеттік тілсіз Қазақстан аумағында өмір сүру, тіршілік ету мүмкін болмаған жағдайда ғана үйрену басталады. Кез келген ТМД мемлекетінде солай. Бізде ғана жалпақшешейлік, шегіне беру, 10-20 жылдық бағдарламаларды қайта-қайта қабылдай беру, - деп ашынады маман.
Тілден тілдің кемдігі болмайды, тілден тілдің кеңдігі болады. Қазақ тілін тиесілі аумағына толық жаятын болса, оның мүмкіндігі шексіз, - дейді филология ғылымдарының кандидаты.
Ол кез келген салада, кез келген стильде, жанрда қызмет ете алады. Тек оның барлық жерге таралуына мүмкіндік жасайтын - тіл саясаты. Оны мемлекет міндетіне алуы керек, - деді ол.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының "Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" мемлекеттік гранты аясында "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен "Тіл-халық рухы" іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.