Питер Гриффитс Қазақстанның авиациялық билігіне доқ көрсетіп жүр
ҚАӘ-нің Ұшу жарамдылығы департаментінің директоры-аға авиациялық инспекторы, "Болашақ" түлегі Әйгерім Шалекенова ұйым басшылығын қазақ халқына тіл тигізді деп айыптап отыр, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның азаматтық авиация саласының тұрақты дамуына ықпал ету, ұшу қауіпсіздігі деңгейін көтеру секілді мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін елімізде 2019 жылы "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оның бас директоры Питер Гриффитс бұған дейін Еуропалық Одақтың "біртұтас еуропалық аспан" бастамасының тиімділігін бағалау жөніндегі органының төрағасы болған. Білікті инженер, тәуекелдерді, дағдарыстар мен апаттарды басқару саласындағы магистр дәрежесіне ие маман ретінде таныстырылған.
Кейінгі жылдары "Қазақстан авиациялық әкімшілігі" (ҚАӘ) айналасында қызу пікірталастар өрбуде. Сарапшылар мемлекеттің осынау стратегиялық функцияны жекеменшік компанияға жүктегенін сынайды. Енді компанияның өз ішінен дау өрті қаулағанға ұқсайды.
ҚАӘ-нің Ұшу жарамдылығы департаментінің директоры–аға авиациялық инспекторы, "Болашақ" түлегі Әйгерім Шалекенова ұйым басшылығын қазақ халқына тіл тигізді деп айыптап отыр.
Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты "мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылықтар, дискриминация жасауы, қазақ ұлтын қорлауы" жайында хабардар етті.
"Еліміз үшін репутациялық тәуекелдер бар..."
ҚАӘ департаментінің директоры "ұйымда орнаған заңсыздыққа, ұлттық нышанына қарай кемсітуге қатысты мәліметтер" келтірді.
Біріншіден, жұмыс істегеніне 2 жыл өтсе де ҚАӘ компанияны және саланы дамытудың нақты, баршаға ұғынықты стратегиясын сол бойы қалыптастырмады. Орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған егжей-тегжейлі жоспарлары жоқ. Қолданыстағысы еш сын көтермейді, өрісі тар сипатта болып келеді, әрі барлық мүдделі меморгандармен келісілмеген. Нарықтың қатысушылары ҚАӘ қай бағытта дамып жатқанын түсінбейді. Барлық шешімдер бей-берекет қабылданады, жүйелі тәсіл жоқ. Компания дау-жанжал, интрига, соттағы талас-тартыстар батпағына батты. Басқарудың "британдық моделіне" көшу әлі күнге іске аспады, – дейді Ә.Шалекенова.
Екіншіден, оның мәліметінше, "ҚАӘ ақпараттық қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын сақтамайды".
ҚАӘ басшылығы енгізген бағдарламалық өнімдер ақпараттық қауіпсіздікке ықпал ететін және еліміз үшін бедел-репутациялық тәуекелдерге алғышарт болатын елеулі осалдыққа ие. Нақтылай кетсек, П.Гриффитс таңған, елдің әуе флотының техникалық жай-күйімен байланысты қызметтерді онлайн өңдеуге арналған Business Optix бағдарламасы жете пысықталмаған және көптеген проблемалары бар. Қызметкерлер оны өнеркәсіптік пайдалану барысында өз бетінше жетілдіруге мәжбүр. Ондағы осалдық кесірінен қызметтік және коммерциялық құпия саналатын деректер сыртқа ағып кетсе, халықаралық жанжал туындауы мүмкін, – деді Әйгерім Шалекенова.
Оның дерегінше, ҚАӘ бас директоры әуе көліктері мен азаматтық пилотсыз ұшатын аппараттардың қозғалысын қадағалайтын шетелдік Sunflower өнімін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өнім "өзге елдерде кең өнеркәсіптік қолданыста болмаған". Бұған қоса, Sunflower енгізілсе, әуе көліктері иелеріне жаңа жабдықты орнатып, қосымша шығын шегуге тура келетін көрінеді. Коронадағдарысқа байланысты орасан қиындықтарды еңсеріп жатқан әуе компанияларына бұл қосымша жүктеме. Ал шағын авацияның ол шығыннан еңсесі езілуі ықтимал. Шағым иесі "ҚАӘ басшылығының бұл өнімдерді ілгерілетуде жеке бизнес мүдделері болуы мүмкін" деген жорамал айтты.
Ол тағы бір жөнсіздікті байқапты. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде толыққанды электронды құжат айналым жүйесі қалыптастырылмаған болып шықты: "барлық қызметтік хат алмасу қарапайым, қорғалмаған электронды пошта арқылы жүргізілді".
"Сен қазақ болуыңды қоюың керек" деген екен
Үшіншіден, басшылық жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін қызметкерлерге қатысты репрессияға назар аудартамын. Көптеген жоғары білікті қызметкер басшылықтың заңсыз әрекеттеріне қарсы шыққаны үшін қудалауға ұшырады. Бұл әділетсіздікті білу үшін еш себепсіз еңбек шарттары ұзартылмаған қызметкерлер тізімін тексерсе, жеткілікті. Маған қатысты ондай репрессивті әрекеттер 2020 жылғы желтоқсаннан бері жасалуда. Сол кезде мен адал еңбегім үшін Елбасының жоғары бағасын алған болатынмын. Гриффитс өзгелердің табысын күндейтін болса керек, – дейді Ә.Шалекенова.
Оның айтуынша, бірде П.Гриффитс оны ұлттық нышанда кемсітуге, қорлауға дейін барып, намысыма тиген көрінеді: "Сен қазақ болуыңды қоюың керек, әйтпесе ҚАӘ-де саған орын жоқ, онда министрлікке не Азаматтық авиация комитетіне бар" депті.
Ол бірнеше рет доқ көрсетті. Таяуда "жұмыстан қууға кепілдік беретінін" мәлімдеді. Мен еңбек шартым мерзімсіз болып табылатынын есіне салдым. Бұл ретте жұмыстан шығаруға еш негіз жоқ. Қайта, мен басқаратын Ұшу жарамдылығы департаменті ҚАӘ-дегі ең үздік нәтижелердің біріне ие. Өткен екі жыл ішінде ҚАӘ жүргізген барлық тексерулердің жартысынан астамы біздің департаментке тиесілі. ҚАӘ әшкерелеген бұзушылықтардың 70%-ын менің қызметкерлерім анықтады. ҚАӘ көрсететін 20 мемлекеттік қызметтің 9-ы біздің департамент еншісінде. Департаментім компания жинаған барлық алымның 50%-дан астамын қамтамасыз етті, – дейді ол.
Соған қарамастан, әкімшілік биылғы жыл басынан бері департаментті 7 жауапты қызметкерінен айырыпты.
Әйгерім Шалекенова П.Гриффитсті сот тәртібімен жауапқа тарту үшін біраз факті қордаланғанын және алда сотқа жүгінуге ниетті екенін хабарлады. Ол бұған дейін авиацияға жауапты индустрия министрлігіне шағымданғанын, алайда ведомство тіпті қызметтік тексеру де жүргізбегенін жеткізді.
П.Гриффитс Қазақстанның авиациялық билігіне доқ көрсетеді. Ол Қазақстанды өзіне және өзі енгізген бағдарламалық қамтылымға тәуелді ететін жағдай туғызды. Егер оны жұмыстан босатса, не кетуге мәжбүр етсе, Қазақстан ЕуроОдақтың "қара тізіміне" кіреді деп қорқытады. Ол мемлекеттік органдарды коррупцияға айыптайды, жұрт көзінше ел басшылығын және Үкіметті негізсіз сынады. Жалпы, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігіндегі" ахуалды хаос деп сипаттауға болады. Жауапты лауазымдарға авиациялық білімі жоқ тұлғалар қабылдануда, – дейді Әйгерім Шалекенова.
Ол Үкіметтен сарапшыларды, Парламент депутаттары мен БАҚ өкілдерін тартып, ҚАӘ-ге қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізуді сұрады.
Құзырлы министрлік не дейді?
Бұл мәселеге жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз блогында орналастырды.
Онда ҚАӘ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым ретінде құрылғаны айтылған. "Әкімшілік 2019 жылғы 1 тамызда жұмысын бастады және оның бірінші басшысы болып, осы саладағы халықаралық ұйымдарда үлкен тәжірибесі бар шетелдік маман Питер Гриффитс тағайындалды.
Әкімшілікке қызметкерлер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданған. Ә.Шалекенова ҚАӘ-нің басқарма басшысы–бас авиациялық инспекторы лауазымына 2019 жылғы тамызда бір жылға қабылданды. Ал 2019 жылдың желтоқсанында бас директордың бұйрығымен Ұшу жарамдылығы департаментінің директоры болып тағайындалды. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушіге жұмысқа қызметкерді қабылдау және онымен шартты бұзу бойынша таңдау еркіндігі берілген. Дегенмен, қазіргі уақытта Ә.Шалекеновамен еңбек қатынастары тоқтатылмаған", – делінген онда.
Ұжымдағы әлеуметтік кернеуді анықтау мақсатында ҚАӘ-нің комплаенс және ішкі қауіпсіздік аға инспекторы қызметкерлер арасында анонимді сауалнама жүргізді. Оның нәтижесінде ұжым мүшелері ұлттық нышаны бойынша кемсітуді жоққа шығарған деседі.
Респонденттер жалпы, бұзушылықтардың жоқтығын атап өтіпті.
Сондықтан индустрия министрлігі Әйгерім Шалекеноваға сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал қызметкерлер арасындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту үшін "Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне" еңбек ұжымында қолайлы климат құру жұмысын күшейтуге ұсыным берген.
Бұл жерде арыз иесінің ақиқатты айтып отырғаны, әлде адал адамдарға жала жауып отырғаны белгісіз болып қалды.
Жанат Ардақ