Қазақстанның зайырлы сипаты және азаматтық қоғамның зайырлы құндылықтары
Зайырлылық – еліміздің маңызды конституциялық құндылықтарының бірі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп көрсетілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мемлекеті өзінің зайырлы сипатын нығайтуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді.
Қазіргі уақытта көптеген азаматтарымыз зайырлықты мемлекеттің діннен бөлінгендігі ретінде қарастырады. Қазақстан Республикасының "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңының 3-бабында "Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген (1-тармақ). Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді (3-тармақ) деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңы зайырлықтың конституциялық-құқықтық мазмұны мен негіздерін белгілейді.
Зайырлылықты бірнеше аспектіде қарастыруға болады. Бірінші дүниетанымдық тұрғыдан, зайырлық діни дүниетанымнан өзгеше принциптер мен ұстанымдарға негізделетін көзқарастар жүйесі. Бұл тұрғыда зайырлы дүниетанымның қалыптасуында ғылыми білімдер жүйесі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Екіншіден, зайырлылық ерекше құндылықтар жүйесі ретінде де қарастылады. Зайырлық мəдени құндылықты феномен ретінде ойлау мəнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мəдени феномендерді қамтиды. Үшінші саяси-құқықтық тұрғыдан, зайырлық мемлекеттік басқару мен əлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді.
Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады. Конституцияның 5-бабына сай "Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берілмейді". "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңның 3-бабының 8-тармағына сәйкес "мемлекет діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді. Осы Заңның 3-бабының 9-тармағына сәйкес діни бірлестіктер мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды. Саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды".
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары мемлекет пен діннің және діни бірлестіктердің арасын ажырата отырып, олардың қызмет салаларын және осы салалардағы құзыреттерін де белгілейді. Мемлекеттік ұйымдар мен мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай тіркеліп, әрекет ететін діни бірлестіктердің заңды қызметіне кедергі келтіруіне жол берілмейді. Сол сияқты мемлекеттік ұйымдарда, мемлекеттік білім беру мекемелерінде діни бірлестіктердің бөлімшелерін ашуға тиым салынады. Алайда мемлекет пен діни бірлестіктер өзара ынтымақтасып орнатып, қоғам үшін маңызды іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асырып отырады.
Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі мемлекеттің зайырлы сипатын нығайтуға және зайырлық принциптеріне негізделген азаматтық қоғам құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған тұжырымдамалар мен кешенді жоспарларды жүзеге асырып келеді. "Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы" азаматтардың діни наным-сенім және ар-ождан бостандықтарын кепілдендіре отырып, мемлекеттің зайырлы сипатын нығайтуға және дінді деструктивті мақсаттарға пайдалану мүмкіндіктеріне тосқауыл қоюды мақсат етеді. Тұжырымдама “еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты”- деп атап көрсетілген.
Сонымен, зайырлылық қазіргі Қазақстан мемлекеті мен қоғамының тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін конституциялық-құқықтық принцип және азаматтық құндылық болып табылады. Зайырлық принциптерінің кешенді жүзеге асырылуы – құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам институты ретіндегі діни бірлестіктердің үйлесімді қарым-қатынасының кепілі.
Затов Қ.А., философия ғылымдарының докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы