10 минутта жету керек: Алматының жедел жәрдемі қалай жұмыс істейді
Алматыда коронавирус өршіді. Науқастар санының көбеюі қаланың жедел жәрдем қызметінің жұмысына өз әсерін тигізді. Жедел жәрдем ұйымында қазір 351 дәрігер, 1867 фельдшер, медициналық кіші буын персоналы қатарынан 224 қызметкер мен 900 көлік жүргізушісі жұмыс істейді. Жедел жәрдемдегілердің жұмыстағы бір күні қалай өтетінін zakon.kz тілшісі біліп келді.
Алматыда бір тәулікте төрт ауысыммен жедел жәрдемнің 206 бригадасы кезекшілікке шығады. Оның 65-і мамандандырылған (реанимациялық, шұғыл терапия, дәрігерлік бригадалар) және 141-і фельдшерлер бригадасы.
Бір тәулікте "103" пультіне 6500-ден астам қоңырау келіп түседі.
Жедел медициналық көмектің диспетчерлік қызметі бөліміне бөтем адам кіре алмайды. Мұнда тек операторлар, әкімшілік пен IT-мамандар отырады. Қала тұрғындарынан келіп түсетін қоңырауларды қабылдап-жалғаумен 16 фельдшер айналысады. Бұрын олардың саны екі есе аз болатын, пандемия басталғалы жұмыс күшейтілді. Келіп түсетін қоңырауларды қабылдайтын байланыс каналдары екі есеге көбейтіліп, жедел медициналық көмек бригадалары мен диспетчерлік қызмет үшін арнайы корпоративтік байланыс құрылды. Мұның бәрі "103" қызметіне түсетін жүктемені азайту үшін.
Диспетчерлер үшін ең қарбалас қауырт жұмыс кешке басталады.
Кейде қытайлық смартфон иелері шұғыл қызметтерге хабарласа алмай қалады. Ондай кезде оларға "9103" нөмірін теру керек. "103-ке" қоңырау келгенде ең алдымен хабарласушының нөмірі жазылады, байланыс үзіліп қалған жағдайда оған қайта хабарласу мүмкіндігі болуы үшін. Сосын барып диспетчер қалған ақпаратты қабылдайды – аты-жөнін, жасын, мекен-жайы, аурудың белгілері сияқты деректерді.
Қоңыраулар көрініп тұратын арнайы табло да бар. Шақыртулардың бәрі тіркеледі. Диспетчерлердің үстелінде компьютерден бөлек, екі телефон тұрады. Алда-жалда бір линия істен шықса, екіншісі дайын болуы керек өйткені. zakon.kz тілшісі диспетчерлік бөлімде отырған кезде қызметкерлер келген қоңыраулардың бәрін қабылдап, өндеп үлгерді. Диспетчерлермен бірге ауысымда бес аға дәрігер мен аға фельдшер отырады. Олар шұғыл жағдайлар туындаған кездері бригадалармен байланыста болып, өз көмегін тигізеді.
Тұрғындардың қоңырауларына жауап беретін диспетчерлер осы
Эвакуация залында бағыттаушы диспетчерлер жұмыс істейді. Науқасқа бригаданың баруы қажет болса, қоңырауды соларға қосады. Бақылаушы үш аға дәрігер де осында отырады.
Бағыт беруші диспетчерлер аудан-ауданға бөлінген: "Солтүстік", "Оңтүстік", "Батыс", "Шығыс", "Экватор", "Наурыз", "Орталық" және "Құлагер" деп. Олардың әрқайсысы үшін бірнеше шағын станциялар бекітілген. Қоңырау түскеннен кейін диспетчер шақыртудың электронды картасын толтырғанда қай аудан екені автоматты түрде көрсетіліп тұрады.
Бағыттаушы диспетчерлер
Олар пациентті жеткізетін бригадалармен де, науқасты қабылдайтын стационарлармен де байланыста болады. Науқастың жағдайына қарай аға дәрігер оны қай ауруханаға жатқызуды шешеді. Кейде бір минутта 10 шақырту түседі. Қоңырау емес, шақырту, - дейді медициналық бөлім директорының орынбасары Андрей Ложкин.
Бағыттаушы диспетчерлердің қолында Wialon бағдарламасына қосылған қаладағы барлық бригадалардың орналасу картасы бар. Ол көліктерді спутник арқылы көріп отыруға арналған. Жұмыс ыңғайы үшін IT-қызмет мамандары түске бөлу схемасын әзірлеген. Мәселен, жасыл түс мәшине мен бригаданың қазір бос екенін, сары түс – көліктің қазір өңдеуде екенін білдіреді. Шақырту уақыты, жедел жәрдемнің бағыты, бригада науқаспен қанша уақыт өткізді – мұның барлығы тіркеліп тұрады.
Диспетчер қаланы бес саусағындай білуі керек. Әрине, оның алдында карта тұр, бірақ картамен жұмыс істеу, кіріс-шығыстың қыр-сырын білуі міндетті.
Wialon жедел жәрдем көліктерінің қайда екенін осылай көрсетеді
Диспетчердің бір ставкасы айына кемінде 150 сағат жұмысты құрайды, ал бір жарым ставканың жұмыс уақыты шамамен 226 сағат. Кей қызметкерлер тек күндіз жұмыс істейді, сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін, кейбіреуі тек түнде жұмыс істейді, сағат 18:00-ден 08:00-ге дейін. Қызметкерлердің тағы бір санат бір тәулік бойы жұмыс істеп, екі-үш күн демалады.
Диспетчер толассыз қоңырауларға жауап беріп, компьютер алдында отырады. Ішкі тәртіп пен еңбекті қорғау заңнамасының талаптары мен стандарттарына сәйкес, олар екі сағат жұмыс істеп, 20 минут демалады.
Сол үзіліс кезінде олар тамақтанып, туысқандарымен сөйлесе алады, - деп түсіндіреді Андрей Ложкин.
Кейде "103-ке" хабарласқан тұрғынға жай кеңес қана қажет. Бірақ диспетчерлер дәрігерлік кеңес бере алмайды. Ондай кезде қоңырау шалушыны аға дәрігермен байланыстырады немесе оған бірыңғай мединицалық call-орталықтың, Алматы телемедицина орталығының нөмірін береді. Ол орталықтардан тұрғындар қажетті ақпараттың бәрін толық ала алады.
Жер сілкінісі, өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде диспетчерлер өзінің жұмыс орнында отырады. Олар өз кауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда да тұрғындармен байланыста болуы тиіс. Жұмыстың жайсыздығы мен жүйкеге түсетін салмақ үшін оларға өтемақы төленеді.
Қоңыраулардың ішіндегі ең кезек күттірмейтіні – адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жол-көлік апаты, өрт, биіктен құлу, суға бату сияқты оқыс апаттар. Ондай кездері әр минут санаулы.
Жедел жәрдемге шақырған жерге жету үшін орташа есеппен 10-15 минут қажет. Біреудің жарақаты ауыр болса, біз тезірек жетуге тырысамыз, өйткені адам өмірін сақтап қалу керек. Жолда кептелістер мен басқа да кедергілер туындайды, кейде сирена мен "мигалкаға" пысқырмайтын жүргізушілердің жол бермей қоятыны болады. Көп нәрсе адамдардың санасы мен жол ережелерін сақтауына байланысты. Сол себепті жол полицейлері осындай ереже бұзушылықтардың алдын алу үшін рейдтер жүргізіп жатады, - дейді Андрей Анатольевич есімді жүргізуші.
Бір тәулікте әр бригада шамамен 15 шақыртуға шығады, оның ішінде: инфаркт, инсульт, оқыс оқиғалар, толғақ қысу, инфекциялар мен коронавирус бар.
Коронавирус күдігімен де "103-ке" хабарласып жатады. Егер коронавирус науқасқа бару қажет болса, бригаданың барлық мүшелері арнайы костюм мен қорғаныс құралдарын киеді.
Фельдшерлер арнайы костюммен ковид-науқасқа келгенде
Киімінің үстінен матадан жасалған ұзын жеңді, капюшоны бар комбинезон киеді, аяққа резіңке етік, қолына қолғап. Басты жабатын капюшон көзге тағатын очкидің резіңкесімен қымталады. Беттің астыңғы жағы респиратормен жабылады. Костюм тарс түймеленіп, сырттан ауа кірмейтіндей етіледі. Тыныс алу қиын, көздің алды буланып кетеді. Фельдшерлер қайтып келгенге дейін осындай жабық киіммен жүреді.
Шақыруға келген соң, жүргізуші көлікте қалады, науқасқа екі фельдшер барады. Бірі температура, қан қысымын, пульсті, сатурацияны (қандағы оттегі деңгейін) өлшейді, екіншісі қосымша сұрақтар қоя отырып, шақырту картасын толтырады. Егер науқастың гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты болса, актив учаскелік дәрігер мен аумақтық емхананың мобильді тобына беріледі. Егер науқасты ауруханаға жатқызу керек болса, бригада науқастың жағдайы туралы аға дәрігерге толық баяндайды. Аға дәрігер науқасты қай инфекциялық стационарға жатқызуды анықтайды.
Фельдшер шақыру картасын толтыруда
Коронавируспен ауырған науқастан кейін базаға оралған көлік жуылады, зарарсыздандырылады. Фельдшерлердің костюмдері де жуылып, өңделеді. Маска, көзілдірік, қолғаптар утилизацияға тасталады. Өне-бойы терге малшынатын медиктер мұндай сапарлардан су киіммен оралуға үйреніп қалған. Бізге бар айтқаны:
Біздің міндетіміз – қолымыздан келетін көмегімізді көрсету ғана. Бұл біздің таңдауымыз. Біз болмасақ, кім көмектеседі, дұрыс қой?
Кешке қарай станция аумағында бір-екі көлік тұрса, ол да ұзаққа созылмайды. Келіп түсетін шақыртулардың көптігінен әдетте бос көлік жоқ мұнда.
Көліктің дезинфекциясы және бос тұрған тұрақ
Жедел жәрдем қызметкерлерін туыстары мен достары қолдайды. Себебі олар бұл жұмыстың қаншалықты қауіпті екенін, қаншалықты жауапты екенін жақсы түсінеді. Жұмыстан қатты шаршағанда олар үшін жақындардың қолдауы өте маңызды.
Бұрын, пандемия енді басталған кезде өте қиын болды: адам да машина да жетіспейтін. Өткен жылдың қазан айына дейін жұмысқа жас мамандар, медициналық колледждердің түлектері қабылданды. Бұл тәжірибе қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл қайталана ма, белгісіз. Қазір біз кезекшілік кестесін құрып, бәріне бейімделіп алдық. Әкімшілік жағдайды күнделікті бақылап, талдап отырады және өз түзетулерін енгізеді. Егер адамдар бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды антисептикпен өңдеу секілді санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаса, біздің жұмысымыз жеңілдейді. Коронавирус індетінің таралуынан қорғану үшін екпе алу қажет, деп қорытындылады Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин.
Анна Туманова