Елімізде жұмыспен қамтудың жаңа формаларын реттеу тетігі әзірленеді — Тоғжанов
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары жөніндегі брифингте әлеуметтік қорғау мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, біліктіліктерді реттеу еңбек нарығындағы барлық өзара қарым-қатынасты өзгертетін түбегейлі және жүйелі қадам болып табылады.
Жұмыс орындарына, қызметкерлердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарды белгілеу арқасында көптеген елдерде технологиялық серпіліс жасалды. Оңтүстік Кореяның тәжірибесі 1973 жылы "Ұлттық техникалық біліктілік жүйесі туралы" Заңның қабылдануы нәтижесінде ЖІӨ-нің 100 еседен астам өсуіне қол жеткізілгенін көрсетеді. Осыған ұқсас, Қазақстанда "Кәсіби біліктілік туралы" Заң әзірленетін болады, — деді ол.
Алғаш рет еңбек нарығына арналған 589 кәсіптік стандарт әзірленіп, қолданылуда. Сондай-ақ, кез-келген кәсіби оқудан, бейресми, тәуелсіз оқытудан кейін біліктілікті растауға болады және мұндай біліктілікті жұмыс берушілер мойындайды. Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ цифрландыру жұмыспен қамтудың жаңа нысандарының пайда болуына алып келгенін атап өтті. Нақты мысалдары — Uber, Яндекс-такси платформаларында жұмыс істейтін жүргізушілер, Wolt курьерлері және т. б.
Бүгінде әлемнің көптеген елдеріндегі, соның ішінде Қазақстандағы интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамту заңнамалық тұрғыдан жеткілікті түрде реттелмеген. Сондықтан биыл әлеуметтік, медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру және салық салу мәселелерін қоса алғанда, жұмыспен қамтудың жаңа формаларын реттеу тетігі әзірленетін болады, — дейді Тоғжанов.
Тиімді еңбек нарығын қалыптастыру үшін елдің көші-қон саясатын дамыту маңызды. Осыған байланысты Президент Жолдауында көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу бойынша міндет қойды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті құрылуда. Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға төлемдердің қолданыстағы тетігі жетілдірілетін болады. Осылайша, төлемдер тек әкімдіктер арқылы ғана емес, сонымен қатар оңтүстік өңірлерден қызметкерлерді өз бетінше жалдайтын жұмыс берушілердің шығындарын өтеу арқылы да бөлінетін болады. Сондай-ақ, қоныс аударушыларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы жұмысын жүргізу үшін де жер учаскелерін беру мүмкіндігі ұсынылатын болады.
Келесі мәселе – 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін арттыру болды.
Бұл бастама 1,6 млн қазақстандықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл елдің ЖІӨ-нің 1,5%-ға өсуіне ықпал етеді. Заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп, осы жылдың соңына дейін қабылданатын болады, — деді Тоғжанов.
2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін азаматтық қызметшілердің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл 600 мың жұмыскерге, оның ішінде бұрын жалақысы көтерілмеген мәдениет, мұрағат ісі ұйымдарының қызметкерлеріне, техникалық персоналға және т.б. қатысты. Бұл шара төрт жыл ішінде олардың жалақысын 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық даму мәселелеріне келетін болсақ, Үкімет басшысының орынбасары Е. Тоғжановтың айтуынша, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігін жетілдіру жоспарлануда.
Ауылдық ҮЕҰ-ға грант беру тәртібін жеңілдететін заңнамаға түзетулер әзірленеді. Жергілікті бюджеттен ауылдық ҮЕҰ қаржыландыруды арттыру жоспарлануда, — деді ол.
Сайлау тізімдеріндегі квота берілетін азаматтар санаттарының тізбесі заңнамалық түрде кеңейтілетін болады. Әйелдер мен жастардан басқа, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін квота белгіленеді. Бұдан басқа, мемлекет қатысатын компаниялардың басқарушылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.