Діни экстремизмнің жастар арасында таралуының алдын алу шаралары
Бәрімізге белгілі болғандай жат ағымдардың арбауына түсіп кету қаупі жастар арасында кең таралған. Мұның салдарына көптеген мысалдарды келтіре аламыз яғни әлеуметтік тұрмыстың төмен деңгейі, қоршаған ортаның әсері, діни сауатсыздық және т.б.
Осыған орай, білім ордалары: мектеп, колледж, университет қабырғаларында жасөспірімдермен осы бағытта жұмыс атқару маңызды. Себебі жасөспірімдердегі құбылмалы кезеңдегі еліктеушілік, өз орнын табуға, рухани азығын табуға ынталы болатын кезеңде арнайы мамандардан құрылған теолог, психолог, дінтанушылармен жұмыс жасап, семинар-тренинг, дәрістерді уақытылы өткізген жөн.
Шетін көзқарастар өмірге енді қадам бастаған жастарды түрлі әрекеттерге бет бұрытып, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік тудырту арқылы қоғамды алауыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін.
Сонымен қоса, жастар арасында экстремизм мен терроризмді алдын алу аясындағы жобалар көбінде уақытша болғандықтан, жастардың ең жиі және тұрақты түрде шоғырланатын жері білім ордаларын тұрақтылы шаралармен қамту маңызды әрі нәтижесін беретіні айғақ.
Экстремистік ұйымдар дін атын жамылып, мемлекеттің біртұтастығын бұзып діни мәселелерде жанжал тудырып, конфессияаралық қатынастарда және қоғамның деградацияға ұшырауына әкеліп соқтырады. Сол себептен, жастар арасында терроризм мен экстремизді алдын алу мақсатында өтетін семинар, дөңгелек үстел, конференция және т.б іс-шаралардың өткізілуі маңызды. Алайда, оның өткізілуінен бұрын жинақтаған аудиторияны қаншалықты сапалы ақпараттандыра алғаны? Олардың белсенді түрде көкейлеріндегі сауалдарға жауап алулары маңызды. Бұл жерде санына гөрі сапа жағына мақсатталуы қажет.
Әрбір ұйымдастырылатын шараға дәріскерлердің тиянақты түрде белгілі бір шарттармен таңдалуы қажет. Дәріскердің жастармен жұмыс жасау барысында креативтілігі, алғырлығы жастар психологиясын ескере отырып, дәріс оқуы немесе оны сұрақ алмасу түрінде өткізуі маңызды. Қазіргі жастар аудиториясының назарын дәріскерге аудару үшін дәріскерге арнайы талаптар қойылу керек. Соның ішінде көбінде жастар аудиторияларына жиі шығатын Ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің белгілі бір критерийлерге сәйкестендірілуін қолға алу қажет деп ойлаймын. Жастар аудиторияларына шығатын дәріскерлерге (кәсіби біліктілігінен басқа) талап:
- Креативті;
- Мобилді;
- Жастар тілінде сөйлей алатын және кей кезде сол сөздер арқылы жеткізу;
- Жастар психологиясын меңгерген;
- Белсенді, жастар санатындағы дәріскер болуы да мүмкін. Себебі жастар өз замандастарымен сұхбат түрінде ой алмасып, өзін еркін сезіне алады. Сонымен қатар жастардың зейінің аударуда түрлі деректі фильмдерді көрсеткен абзал.
Жастар арасында экстремизм мен терроризмнің таралуын алдын алудағы ең тиімді жол ол әрине сапалы ақпараттандыру, түсіндіру. Ол үшін жастар көп шоғырланған мекемелерде белсенді ақпараттандыруды жүргізуді үнемі жетілдіру қажет.
Жоғары оқу орындары мен колледждерде жастар комитетінде рухани секторларды ашып, олармен теріс діни ағымдарға төтеп беруде бірігіп, жұмыла отырып жұмыс жасауымыз қажет. Дін саласымен айналысатын құзыретті органдар мен мекемелер аталмыш рухани сектормен тығыз байланыста болуы, жастарға дер кезінде көмек көрсетуге ықпал бола алады.
Бүгінгі радикалды ағымдардың басты мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сонымен қатар осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды көздейді. Осыған байланысты радикалды идеология өкілдері мемлекеттің зайырлы принциптері мен қағидаларына деген қоғамның теріс көзқарасын тудыруға тырысып бағуда. Алайда, зайырлық – бұл дінді жоққа шығару емес. Зайырлы мемлекетте дін институты шектеулі жағдайларда өмір сүреді. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 18 діни конфессияның 3808 діни бірлестігі жұмыс істейді.
Қазақстандық қоғамның өзекті мәселесі - діни экстремизм және радикализм. Онымен күресті тек мемлекет емес, әрбір қазақстандық азамат жүргізуі тиіс. Жастардың санасын қорғау мен сауатын ашу қоғамдық жауапкершілікке айналуы тиіс.
Қазақстанның өңірлерінде аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық саясатты тиімді жүргізу соның ішінде, жұмыссыз жастарды оқыту, мемлекеттік бюджет немесе облыс әкімдігінің қаржыландыруымен жастар үшін мақсатты білім гранттарын бөлу үрдісін жалғастыру аса маңызды.
Сондай-ақ, жастарды діни деструктивті ағымдардан қорғау үшін БАҚ пен әлеуметтік желілердің алар орны ерекше. Осыған орай, республикалық газеттерде, электрондық ғаламтор баспаларында, жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерде деструктивті ағымдар туралы арнайы нұсқаулы ақпараттарды жиі жариялап, жастарға ақпаратты жеткізу жұмыстарын заман талаптарына сай ұсынып отыру қажет.
Гүлназ Қалабай, дінтанушы
Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы