Алматы мен Нұр-Сұлтан маңындағы ауылдар адамға лық толды
Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында ауыз су, жол мен жарық мәселесі әлі шешілмей тұр. Ал жергілікті әкім "қаржы аз бөлінеді" деп отыр.
Елдімекенде тұрып жатқан адам саны 40 мыңға жуық. Ал нақты тіркелгендер 11 мың ғана. Сәйкесінше қаржы да тиісті көлемде бөлінбейді, дейді 24.kz.
Қоянды тұрғындарын ойқы-шойқы жол, ауызсу мен жарық мәселесі әбден қажытты. Бас қаладан қозы көш жерде орналасқан ауыл халқы сәл жауын жауса, батпақ кешіп жүреді. Жөні түзу жол болмаған соң мұндай кезде ел ішінде көліктің де қатынауы қиын.
Нұрланбай Халық Қоянды ауылының тұрғыны:
– Көктемде басталған екі-ақ көше жасалды. Қалған көше барлығы машина жүре алмайды, балшық. Бұдан басқа Қояндыда жан саны мол. Ауылдан да асып кетті, районға таяу жан саны бар. Көшенің бәрі быт-шыт боп жатыр.
Сәкен Сүйкімбаев, Қоянды ауылының тұрғыны:
– Жоқ, негізі тіркелген жоқпын. Үйім бәрі осы жерде. 10 жылдан бері тұрамын. Халықтың көбі тіркелмеген. Өйткені бұл жерде ең қиыны медициналық мекемелер жоқ. Поликлиникамыз, больницамыз жоқ. Сәл ауырып қалсақ Малиновкаға баруымыз керек.
Қазір Қояндыда екі мектеп бар. Екеуі де лық толы. Былтыр әупірімдеп жаңа білім ошағы ашылған еді. Оның өзі құрылысы толық аяқталмай, оқушы қабылдауды бастап та кетті. Ал ауыл шетіндегі үйден білім ордасына дейінгі жол 12 шақырым. Балаларға тіпті қиын. Тізе берсең күрмеулі мәселе көп. Қайтпек керек?
Берік Дүйсембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Еуропа елдерінде Париж агломерациясы бар. Сол сияқты Астана агломерациясы болмаса, Алматы агломерациясы деп заң қабылдап, осыларды қаржыландырудың, басқа көзін табу керек. Өкінішке орай, агломерацияның мына ресми түрінде құру, оны ресми түрде жүргізу, қаржыландыру бізде тәжірибесі жоқ. Әлде бұл біздің заңнамалық бастамамыз бола ма екен, осы агломерация. Өйткені мұны қаланың құрамына ауылдарды қоса бергеннен ештеңе шықпайды. Депутаттық сауал бойынша жауап мардымсыз болды. Жол мәселесі шешілген жоқ. Бір көшеге тас себумен ауылдың 5 пайызы да асфальтталған жоқ.
Елордадан таяқ тастам жердегі ауылға қоныстанушылар жылдан жылға артып келеді. Бұл маңда халықтың еселеніп жатқаны алақанға салғандай анық көрінеді. Демек, инфрақұрылымды реттеу қажет. Ал ол қаржыға келіп тіреледі. Әкімнің айтуынша, Қояндыда 11 мыңға жуық адам тұрақты тіркеуде болғанмен, шынтуайтында 40 мыңнан аса тұрғын бар. Ал қаржы халық санына қарай бөлінеді. Бұл да бір мәселе.
Айбек Есеев, Қоянды ауылының әкімі:
– Біздің көптеген тұрғындар осы ауылда тұрғанымен бірақ тіркеуі Нұр-Сұлтан қаласында. Өкінішке қарай, бірақ әртүрлі себептер бар әлеуметтік сұрақтарға да байланысты. Емханадан ем алу үшін тіркеледі. Нақты айта кетейін бізде 11300-дей тіркелген. Тіркелген азаматтардың саны мен қаржыландыру жол, свет, су, т.б. әлеуметтік мәселелер бойынша қаржыландыру тек тіркелген адамдар бойынша бөлінеді.
Тағы бір өзекті мәселе ауыз су тапшылығы. Тұрғындар тіршілік нәрін 3 шақырым жерден тасып ішеді. Сапасыз су ағзаны улап жатыр ма деп алаңдайды жұрт. Қояндыда шешілмей тұрған мәселе шаш етектен. Қараша халық елордаға сабылмай, тұрғылықты жерде тіркелсе, тиісті қаржы бөлініп, біраз түйткілдің түйіні тарқар еді дейді әкім қарарлар.
Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Битабаров