Мәжілісте ауылды таза ауызсумен қамтамасыз етуге арналған дөңгелек үстел өтті
Бүгін Мәжілісте ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен толық қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" Жолдауында белгілеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Конференц-байланыс арқылы өткен дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиында кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Павель Казанцев елімізде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқанын алға тартты.
Бастапқыда сумен жабдықтау нысандарының құрылысын қаржыландыру "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Содан кейін біз өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына көштік. Бұдан кейін "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламалары орындалды. Бірақ осы уақытқа дейін бұл мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр, - деді вице-спикер.
Отырысқа төрағалық еткен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау іс-шараның мақсаты-ауылдық елді мекендерді 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудің нақты ұсыныстарын жасау екенін айтты. Одан әрі отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға қатысты баяндама жасады.
Мемлекет басшысы осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы ауыз суға қол жетімділігін 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта, "Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері" Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. 2020 жылдың қорытындысында елімізде сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 94,1 пайызды, оның ішінде ауылдық жерде – 90,1, ал қалаларда 97,5 пайызды құрады. Осы жылдың ауылдарда – 91,8, қалаларда 98 пайыздық жоспарлы көрсеткіші орындалады, - деді вице-министр.
Жауапты мемлекеттік орган басшысының айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту кестесінен артта қалуы байқалады. Олар: ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтудағы ең төменгі көрсеткіші Қостанай облысында - 64,7, Шығыс Қазақстан облысында - 81,4, Солтүстік Қазақстан облысында - 82,1 және Жамбыл облысында 82,2 % құрайды.
Өскенбаевтың айтуынша, осыған орай қамту көрсеткіші төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Бұл арта қалып қойған өңірлердің көрсеткіш деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар "Ауыл – ел бесігі" арнаулы жобасына және өңірлерді дамытудың кешенді жоспарына қосылған жобалаларын қосылған ауылдарға басымдық берілетіні айтты.
Елімізде жалпы 6316 ауыл бар. Оның ішінде 3991 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етілсе, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қамтылмаған 1922 ауылдың 793-іне орталықтандырылған сумен жабдықтау желісін салуды жалғастыру жоспарланып отыр. Ал 1129 ауылда су тазалау дербес желісі орнатылатын болады. Биыл 148 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етіледі және тұрғындары аз 220 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылады, - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, іс-шара барысында вице-министр атап өткендей, 2021-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 181 млрд теңге қолдау тапқан. Бұл қаражат 284 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырыс барысында депутаттар мемлекеттік орган өкілдеріне бірқатар сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Бүгін халықтың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды мәселелер талқыланды. Оларды шешу бойынша ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта еліміздің су саласын дамытуға арналған парламенттік тыңдауға бағытталатын болады, - деді Альберт Рау.