Су тасқыны: Өнеркәсіп министрлігіне жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берілді
Бұл туралы Президент 12 сәуірде өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтты.
"Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент су тасқынына ұшырамаған өңірлерде өз тапсырмасы бойынша "Таза Қазақстан" науқаны басталғанын еске салды.
"Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.
Айта кетсек, аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыруды тапсырған болатын.
Сондай-ақ Президент табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарда баға өсіміне жол бермеу қажеттігін айтты.