Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Оқи отырыңыз

Елбасы естелігінен: 20 жыл бұрын Астана атауы қалай пайда болды

Жалпы «Астана» атауының өзі қазаққа ықылымнан етене таныс.

Сурет : Хабар 246 Мамыр 2018, 12:00

6 мамыр биыл 20 жасқа толып отырған Астана тарихындағы айтулы күннің бірі. Өйткені осыдан 20 жыл бұрын, 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Жалпы «Астана» атауының өзі қазаққа ықылымнан етене таныс. Ендеше жаңа елорданың атауын таңдауда да тағылымды тарихымызды жаңғыртып, баянды болашағымызға бет бұрғандай қадам жасаптық. Жас Астана қысқа мерзім ішінде Тәуелсіздігіміздің нақ символына айналып, жалпыұлттық дамуға тың серпін берді. Бір сөзбен айтқанда Астана - қазақтың абыройына айналды. Осы атаудың өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені белгілі.

Президент Астана жайындағы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады:

«Бұған дейін де бұл қаланы қалай атау туралы сөз көп болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Қаланы елдің атымен Қазақстан деп атау жөнінде, басқа да, соның ішінде Нұрсұлтан деп атау керек деген де ұсыныстар болды. Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда қалай деп қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек. Мүмкін Қараөткел дерміз? Алматы өзімен бір аттас Алматы шатқалының атымен аталған ғой. Әлде Есіл ме? Сарыарқа ма? Бірақ көкейге қонар емес. Өзіміздің дәстүрлі, қалаулы, бірақ тым ескі атауларымыз бүгінгі астананы көшірумен және Қазақстанда жүріп жатқан басқа да зор өзгерістермен байланысты жалпы көңіл ауанына жауап бере алмай тұрғандығынан болар. Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы...Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Сөйтіп, түн ортасында келген ой Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады. Астана осы сөздің тура мағынасында нағыз астанаға айналды. Жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының астанасына. Айтпақшы, сол күні «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы» Жар­лық қабылданды. Сөйтіп, Астана қаласының картасында екі аудан пайда болды. Олар астананы екі бөліп тұрған жоқ, қайта біртұтас біріктіріп тұр...»;

Осылайша, бас қалаға Астана аты берілді. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды. Елбасы ұсынған «Астана» идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алған еді:

«Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып... «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді» деді. Әдеттегідей, Президенттің сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз» деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Президент бірнеше мысалдар келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады. Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды».

Биылғы жылы 20 жылға толып отырған Астана шын мәнінде тәуелсіздіктің тірегі, ұлттық жаңғырудың өзегі болды десек дөп айтқанымыз. Өйткені азат ел ғана айбарлы астанасын салып, оны әлемге әйгілеп, даңқын шығарады. Елбасының «Тәуелсіз Қазақстанның астанасы етіп Ақмоланы таңдауда маңызы кем болмаған айқындаушы факторлардың бірі - бұл қала келе-келе осы орасан зор құрлықтың қуатты байланыстырушы орталығына айналатындығы еді» деп айтқаны бар еді. Бүгінгі Астананың келбеті Президенттің осы сөзінің шындыққа айналғанын дәлелдейді.

Дереккөз: ҚазАқпарат


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Қызықты
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер