Жаңалықтар тізбегі
0

Қыздар университетінде тағылымды кездесу өтті

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.05.2018 22:18 Сурет: zakon.kz
Жиында Мұхамеджан Тазабек еліміздің бүгіні мен болашағы, қазіргі қоғамның бет-бейнесі турасында кеңінен әңгіме өрбітті.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Жиында Мұхамеджан Тазабек еліміздің бүгіні мен болашағы, қазіргі қоғамның бет-бейнесі турасында кеңінен әңгіме өрбітті. Ұлттық деңгейде ойлау, мемлекеттік сананы қалыптастыру, қазақы салт-дәстүр, өзіндік болмысымызды сақтау сынды қастерлі құндылықтарды дәріптеуге үндеді. Кешегі Дулати, Баласағұн, Төле билерді, тау тұлғалы Тұрар, батыр Бауыржан, қабырғалы қаламгерлер Шерхан мен Әбішті, ұлы аналарымыз Домалақ, Зере, Ұлжанды бүгінгі бойжеткендерге үлгі ете сөйледі.

Тікелей интерактивті сұхбат түрінде жүргізілген кездесудің ерекшелігі жиынға қатысушылардың әрбір сауалына сол мезетте жауап беруге мүмкіндік берілген. Әсіресе, жиналғандардың бір ауыздан жазған жауап нұсқасы өзге нұсқалардан өзгешеленіп, көлемінің үлкейіп тұратындығы көпшіліктің ой-пікіріне сараптама жасауға жағдай жасады. Сонымен қатар, басқосу барысында түрлі онлайн диаграммалар да назарға ұсынылды.

– Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – мемлекет үшін аса маңызды стратегиялық объект. Өйткені, ел үшін ұлттың анасы, жұрттың ұйытқысы болған қыз баланың тағдырынан артық құндылық жоқ. Бүгін осы университеттің сыртқы тазалығынан бастап ішкі тәртібіне дейін тәнті болып, таңдай қақтым. Шынында, Гауһар Төремұратқызы бастаған оқу орнының басшылығы қыз балалардың тәлім-тәрбиесіне аса ден қойып, байыпты білімі мен өзіне лайықты қылығын қадағалау жұмысын әбден жүйелеген екен. Сондай-ақ, Жәннат Данышпайқызы жүргізіп отырған «Ақтұмар» музейінің де ұрпақ үшін үйретер үлгісі көп, берер тағылымы мол. Орта Азияда өзіндік орны бар білім ордасының жұмысы жемісті, еңбегі елеулі болсын, – деп атап өтті Мұхамеджан Тазабек өз сөзінде.

Жиын барысында белгілі айтыскер ақынға студенттер тарапынан қойылған сауалдар көп болды. Сұрақтардың дені ата-ананы қадірлеу, адамдар арасындағы сыйластық, отбасы құндылықтары мен қыз тәрбиесі жайын қаузады. Басқосу соңында Қыздар Университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің мамандары кеш қонағына тағылымға толы әңгімесі үшін ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

– «Қыз өссе – елдің көркі». Ия, шынында, қыз бала қызғалдақ сияқты, оның тамыры ата-анасының үйінде нәр алып, сабағы сүйген жарының жанында бүр жарып, гүлі ана болған кезінде ашылады. Қазіргі қыз – ертеңгі ұлттың анасы. Сондықтан да, жақсымыз болса, қыздарға бергіміз келеді, ардақты ойымыз болса, аяулы қыздармен бөліскіміз келеді. Бүгінгі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен кездесуде осы ниетіміздің жүзеге асуының сәті түсті. «Мен сізге бір алма, сіз маған бір алма берсеңіз, ештеңе өзгермейді, екеумізде де бір-бір алмадан болады. Мен сізге бір ой берсем, сіз маған бір ой берсеңіз, екеуміз де екі ой болады» дегендей, болашақ аналардың алдында сөз сөйлеп, қарындастарымызға ағалық ақыл-кеңесімізді айтып, риясыз пейілмен, ақжарқын көңілмен берекелі әңгіме-дүкен құрып, шын мәнінде, рухани жаңғырдық. Ләззатты сәттер секундтардан, маңызды сәттер минуттардан, бақытты сәттер сағаттардан тұрады. Бүгінгі кездесу біздің де, құлақ қойып тыңдаған қыздардың да есінде қалатын ерекше шара болды деген үміттемін. Осындай игілікті іске мүмкіндік берген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының басшылығына, әсіресе, оқу орнының ректоры Алдамбергенова Гауһар Төремұратқызына ерекше алғысымды білдіремін, – деді М. Тазабек кездесу соңында.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: