Жаңалықтар тізбегі
0

Елу жастан кейін бала сүю мүмкін бе?

egemen.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.06.2018 20:28 egemen.kz
Бүгінгі таңда жасы елуден асқан әйелдердің бала сүюі таңғаларлық жағдай емес.

Соңғы жылдарда жасы қырық, тіптен елуден асқан әйелдердің бала көтеріп, отбасын қуанышқа кенелтіп жатқаны жайында жиі еститін болдық. Оның салдарын кеш бала көтеру, кеш тұр­мысқа шығу сияқты себептерімен де байланыстыруға болады. Осы тұрғыда туындаған сұрақтарымызға Алматы қаласы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) бөлімінің меңгерушісі, гинеколог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан Айсабаева жауап берген еді деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.

– Нұржан Қырғызбайқызы, соңғы жылдарда елімізде елу жастан кейін бала сүю дерек­тері жиі кездесуде. Бұған бел­гілі бір жағдайлар себеп болуда ма, әлде мұны әйелдердің ба­тыл қадамы деген дұрыс па?

– Бүгінгі таңда жасы елуден асқан әйелдердің бала сүюі таңғаларлық жағдай емес. Оның нақты себеп-салдары да жоқ. Себебі, біздің қоғамдағы әйел­дер іскер, ерікті және бі­лімді деуге негіз көп. Сонау 90-шы жылдарда әйелдердің көп уақыты әлеуметтік жағдайға бай­­ланыс­ты табыс табуға кетті. Ал бүгінде елуден асқан әйелдер сол кешегі 90-шы жылдардың ауырт­палығын көргендер. Олар қазіргі заманда қаржылық тұр­ғыдан тәуелсіз, басым көп­шілігі шағын кәсіпкерлікпен, бизнес­пен айналысады. Өздерінің денсаулығына, дене күтіміне жағдай жасауына толық мүмкін­шіліктері бар. Әрине жағдайын жасап алғаннан кейін бала сүюді армандайды ғой.

– Әйелдердің бала көтеру жасында белгілі бір шектеулер бар ма? Сонымен қатар денеден тыс ұрықтандыру үшін әйелдің жасы қаншада болуы шарт?

– Қазір біз ақпараттар тас­қынында өмір сүреміз. Әлемде 50, 60, тіпті 70 жасқа келіп бала сүйіп жатқандар туралы жиі естиміз. Ондай деректер бізде де кездеседі. Медицинамыз қа­рыштап дамыған сайын ре­про­дуктивті технологиялар қатары да көбейіп келеді. Сон­дықтан да әйелдің бала туу жасына шек қойылмайды. Денсаулығы жақсы болып, жасанды түрде бала көтеруге дайын болса болғаны. Бірақ баланы туғаннан кейін қалай өсіреді? Міне, осы мәселеге баса назар аударған жөн. Егер ананың жасы елуден асқанда да денсаулығы мықты болса нұр үстіне нұр.

– Шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша жасанды жолмен бала кө­тер­гендер қатерлі ісік ауруы­на жиі шалдығады деген деректер кездеседі. Бұл қан­шалықты негізді?

– Репродукция саласындағы жиырма жылдан астам жұмыс тәжірибемде мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Елу жастағы әйел­дер донор жасушалары арқылы жасанды жолмен ұрықтандыру қызметіне жүгінуде. Әрине елу жасқа келген әйелдің бала көтеру қабілеті төмендеп, ана­лық безінің жұмысы бәсең­деуі табиғи заңдылық. Алайда ДТҰ барысында гормондарды бел­сендіретін дәрі-дәрмектер бе­ріледі. Алайда мұндай жағ­дайлардың салдарынан қатерлі ісікке шалдығады деу негізсіз. Әрі гормондар да белгілі бір мерзімге дейін тағайындалады.

– Елу жастан кейінгі жүк­тілікте баланың денсау­лығын­да, ту­ғаннан кейінгі кезеңде қандай да бір қиындықтар кез­десе ме?

– Жасанды ұрықтандыру барысында дені сау баланың өмірге келу көрсеткіші жоғары. Себебі, біз донордың аналық безін аламыз. Егер жасы 45-50-ден асқан әйел өзінің аналық ұрығын пайдаланғысы келсе, онда жатырға салардан бұрын генетикалық зерттеу жасалады. Көп жағдайда генетикалық зерттеулерден өткен донорлармен ғана жұмыс істейміз.

– Денеден тыс ұрықтандыру барысында қайғылы жағ­дай­лар орын алуы мүмкін бе?

– Қазақстанда ондай деректер тіркелген жоқ. Жасанды жол­мен бала көтергісі келе­тіндер аса дайындықпен ке­леді әрі мамандардың айт­қа­нын бұлжытпай орындайды. Дәрі­лерін уақытында ішеді. Жасанды ұрықтандыру кезе­ңінде әйел­дердің жүктілігі әртүрлі болып келеді. Олар маман­дар тарапынан арнайы бақылауға алынады.

– Бедеулік ұзақ уақыт ем­деледі және оны емдеу үшін білікті мамандар қажет. Сон­­дықтан да денсаулық сақ­тау мекемелері бедеулікті ұзақ уақыт емдегеннен гөрі бірден ДТҰ жібергенді тиімді санайтын тәрізді. Сонымен қатар қо­мақты қаржыны талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда көп­шілік жасанды жолмен ба­ла көтеру мәселесіне табыс көзі ретінде қарайтын сияқты...

– Табыс түсетін саланың барлығы бизнес деп аталатын шығар. Алайда бедеуліктің көптеген түрлері емделеді. Бе­деу­­ліктің түрлері әртүрлі болады. Осы тұста ДТҰ қалай пайда болды деген заңды сауа­л туындайды. Мысалы, бала сүйе алмайтын отбасында әйел адамның жатыр түтікшесі бітелген немесе мүлде болмауы мүмкін. Бұл нағыз бедеулік. Яғни, әйел адамның басқа жолмен бала сүйе алмайтыны анық. Міне, осы себептерге байланысты ДТҰ тәжірибеге енді. Бірте-бірте оның қызметіне жүгінушілер көбейе бастады. Осы тұста ерлердің де бел­сіздігін айтпай кетуге болмайды. Бедеулікті емдеу барысында мамандар бірден денеден тыс ұрықтандыруға жүгінбейді. Өйткені, бұл үдеріс жүз пайыз жүктілікке апармайды. Сон­дық­тан да әйелді жан-жақты емдеу керек. Бізде алғашқы бала­сын ДТҰ арқылы, кейінгі балаларын өздігінен көтерген әйелдер көп. Кей жағдайда ДТҰ нәтижесіз болады да, күшті дәрі-дәрмектермен ем алғаннан кейін өзі бала көтеретін жағдайлар да кездеседі.

– ДТҰ барысында биоматериалдарды шатастырып алу жағ­дайлары кездесуі мүмкін бе?

– Жоқ. Ондай жағдай кез­дес­пейді деп сеніммен ай­та аламын. Өйткені, әрбір биоматериал маркіленіп, қол қойы­лып, қажетті құжаттармен нақ­тыланады. Балалар немесе ата-аналар кез келген уақытта өзінің әкелігін, анасы екендігін рас­тау үшін өтініш жасауы мүм­кін. Сондықтан да оған жол беріл­мейді.

– Бүгінде ДТҰ мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан көңіл бө­­лініп келеді. Осыған тоқ­талып өтсеңіз.

– Мемлекеттік тұрғыдан де­не­ден тыс ұрықтандыру мәсе­лесі жолға қойылған. 2010 жылдан бастап бала сүйгісі келетін отбасыларға арнайы квота бө­лініп келеді. Бастап­қыда ол жүз, кейіннен үш жүз, былтырғы және биылғы жыл­дары мемлекет тарапынан ДТҰ бағдарламасына 900 квота бөлінді. Квота елі­міз аймақтарына жергі­лікті ден­саулық сақтау басқар­ма­лары­ның сұранысы бойынша бөлінеді. ДТҰ жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, арнайы дәрі-дәрмектер арқылы бедеулікті емдеудің бір жолы. Мысалы, денсаулықты сақтаудың бас­қа салаларында, мысалы, дәрі­герлер донорлық ағзалар, күрделі операциялар арқылы адамзат өмірін сақтап қалуда. ДТҰ мәселесіне діни тұрғыдан қарайтын болсақ, бұған да адам денсаулығын жақ­сар­тудың бір саласы, перзентсіз жүрген отбасыларға қуаныш сый­лаудың жолы ретінде көңіл бөлген жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

Эльвира Серікқызы

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: