Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Читайте также

Кесек жеудің кесірі бар ма?

Кесек жеуді ғылымда “геофагия” деп атайды.

Сурет : qarmaqshy-tany.kz9 Қазан 2018, 10:54

Африкалықтардың 80 пайызы әлі күнге дейін құрамында топырағы бар тағам жесе, Индонезияда асқа кірпіш пен топырақты пайдаланатын ауыл тұрғындары кезігеді екен. Ал, бүгінгі медицина топырақтың адамның ішек құрылысына пайдасы барын айтады. Асқазанға түскен топырақ түрлі паразиттерден қорғайды мыс. Себебі, топырақтың құрамында адам ағзасына пайдалы заттар бар. Бірақ, бұл кез келген топырақты жей беруге болады деген сөз емес деп жазады qarmaqshy-tany.kz.

Индонезиядағы Табан ауылында топырақты кірпіш пен керамикалық өнімдерді дайындауға ғана емес, тіске басар тағамдарды даярлауға да арналған шикізат есебінде қолданады. Топырақты асқа пайдаланудың ресми рецепті жоқ. Бірақ олар алдымен топырақты ұрғылап езіп алады. Содан соң нығыздап бір ыдысқа салады, оны күйдіреді. Ас дайын. Бұл әдіс “ампо” деп аталады екен. Медицинада дәлелденбеген болса да, жергілікті тұрғындар арасында қара топырақ ауруды басып, аяғы ауыр әйелдерге пайдалы дейді. Айтуларынша, болашақ нәрестенің бет-әлпеті әдемі болады мыс.

Кесек жеуді ғылымда “геофагия” деп атайды. Мамандар топырақтың құрамында болатын кремнийдің микроэлементтерге өте бай екенін айтады. Қанша пайдалы болса да, қазір қаназдық, бауырдағы құрт пен бүйректегі құмның жиналуы көптеп кезігеді. Мұның бәрі – кесекті жеудің салдары. Әсіре­се аналардың дүкенде жағалай сатылатын бір кесек топыраққа аңсары аууы – алаңдатарлық жағдай. Еңлік Саттарова дәл осындай тәуелділігінің неден басталғанын айтып берді. Ол осы кезге дейін күніне 1 кг топырақ жеген екен.

– Егер қалтамда кесек болмаса, қабырғаны жағалай иіскеп шығамын. Тіпті картоп аршығанда сыртындағы топырағына су тиіп, иісі шықса оған да аңсарым ауып жегім келеді де тұрады. Мүмкін күлкілі көрінетін шығар. Бірақ, кейде өзімнен-өзім ұяламын. Сырт көзге «жындыдай» көрінемін. Үйде жалғыз жеңгем бар еді. Жүкті кезінде кесекке деген жеріктігі қатты болды. Қытырлатып жегеніне қызығып бір тістеп көрдім. Міне содан бастап бұл тәуелділікті тоқтата алмай әлекпін, – дейді ол.

Мамандар саз кесекке зерттеу жүргізіп, нәтижесінде қорғасынның 0,14 пайызы, кадмийдің 0,43 пайызы, мыстың 0,46 пайызы, ал мырыштың 3,5 пайызы табылған. Бұл көрсеткіш нормадан аспайды. Асып кеткен жағдайда адам денсаулығына зиянын тигізеді екен.

Кесек жеуден құтылу үшін не істемек керек? Оны дәрігерлер бірнеше себеппен түсіндіреді. Бірі – дәріханадағы кальций глюканатын пайдалануды ұсынса, екіншісі – ағзаға жетпей тұрған кальцийдің орнын алмастыратын өнімдерді жеуге кеңес береді.

– Кесектің құрамында түрлі паразиттер болады. Қанша дегенмен ол – топырақ. Белгілі бір тексеруден өтпеген, не тазартылмаған. Ондағы паразит кесек ар­қылы адам ағзасына түскен соң дамиды, үлкейеді. Себебі адамның жеген тамағымен қоректенеді. Ал сыртқа шығаратын нәжісі адам денесіне у болып сіңіп, зат алмасу процесін бұзады. Нәтижесінде зат алмасу бұзылған адам аурушаң болады. Тұрғындар саз-кесек жеу қаназдық ауруына әкеледі деп түсінеді. Керісінше, осы аурумен ауыратындар саз жегендер, – дейді дәрігер Наурыз Қаршығаұлы.

Көне деректерде ғалымдар топырақ не балшық жеуді тыйған, олар “топырақ жеу адам денсаулығына зиян тигізеді” деген негізге сүйенген. Десе де, қазіргі медицина, керісінше, топырақтың адамның ішек құрылысына пайдасы барын айтады. Асқазанға түскен топырақ паразиттер мен токсиндерге қарсы қалқан іспетті дейді. Өйткені, топырақтың құрамында адамға пайдалы темір, цинк, калций секілді химиялық элементтер бар делінген. Сондай-ақ, дәрігердің кеңесіне сүйене отырып, арнайы сатылатын тазартылған топырақ жеуге кеңес береді. Бұл пікір жоғарыдағы дәрігердің сөзіне қарама-қайшы. Ал енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін бағамдай беріңіз. Қасиетті Құран Кәрімде адамзат топырақтан жаратылғаны дәлелденсе, бұл сол топырақ адамға пайдалы деген сөз емес. Тәуелділігіміз жеген кесектен басылса да, оның асқазанға тас болып жиналып жатқанын естен шығармаған абзал.

Айнұр Әли


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Загрузка...
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер