Жаңалықтар тізбегі
0

"Сантехник болып, трактор айдадым". Әншілер өнерге келмес бұрын не істегенін айтты

sputniknews.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.10.2018 18:46 sputniknews.kz
Қазақстандық танымалдар өнер жолына бірден келе салмағанын айтты. Олардың арасында көлік жуып, бөтелке жинағандар да бар екен.

Жұлдыздардың қазіргідей жарқыраған деңгейге бірден жете қоймағаны анық. Бірі ауылда жүріп мал бақса, екіншілері тойда оператор қызметін атқарған. Десе де, арасында көкесінің демеуімен шоу бизнес аралына оңай жеткендер де баршылық. Өздерінің танымал жұлдыз болғанға дейін қайда жұмыс істегенін әншілер Астана арнасының "Ел аузында" бағдарламасында айтты деп жазады sputniknews.kz.

Индира Расылхан әр теңгенің қадірін жете түсінетіндігін жеткізді. Сауда-саттықта қолы жүріп, мықты саудагер болғанын жасырмады.

"Саудамен айналыстым. Стамбұлға барып Қазақстанға киім тасыдым", — дейді ол.

Әнші саудасын жүргізіп жатқанда әріптесі Маржан Арапбаева дәмхана-барларда ән салған. Өнердің айналасынан алысқа кетпеген. Сондай-ақ, Маржан Арапбаева ән айтудан басқа өзгелер секілді ауыр жұмыс істемегенін айтып қалды.

"Шамамен 5-6 жыл мейрамхана мен тойханада ән айттым. Бұл менің сүйікті жұмысым болды. Әрине, жұмыс істеп, еңбектенгенім рас. Бірақ даяшы, аспазшы болып, еден жудым деп айта алмаймын. Мұндай жұмыстарды жасап көрген емеспін. Мен ән салған тойханаларды ол кезде "кабак" деп атайтын", — деді жұлдыз.

Гүлнұр Оразымбетова Маржан Арапбаева секілді қаладағы дәмханаларда жүрмесе де, ауыл-аймақтағы тойлардың гүлі болғанын жасырмады. Қолынан ән айту ғана келгендіктен, қара жұмыспен айналыспаған. 9-сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, сол аймақтағы барлық іс-шара мен той-томалақта өнер көрсеткен. Әнші бала күнінде көп ақша тапса да, оны ешуақытта өзі үшін жұмсамағанын айтады.

"Тапқан ақшамды жинап, ауылдағы әке-шешем мен бауырларыма беріп жіберетінмін. Ақшамды ешуақытта өзіме жұмсаған емеспін. Солардың жақсы тамақ ішіп, жылы киінгендерін қаладым. Өзіме қыста сыртымнан киетін бір қалың күртем болса болды жүре беретінмін. Қазіргідей "Не киемін?", "Не ішемін?" деген таңдау болмады.

Себебі, бар дүниеге қанағат деп, Құдайға мың да бір шүкіршілік ететін едік. Барға сабыр қылғанның арқасында қазіргідей жағдайға жетіп отырған жайымыз бар.

Десе де, кез келген уақытта еңбекпен келген теңгенің қадірін білу керек деп ойлаймын", — деді әнші.

Ел алдына шыққанға дейін түрлі жұмыстың басын шалғандардың бірі Ринат Малцагов. Ол, тіпті, кейбір жұмыстарын айтудан бас тартты.

"Бала күнімнен келе жатқан Қуандық есімді досым бар. Ол кезде екеуіміз де бала болдық. Компьютерлік клубқа барып, дүкенге кіріп өзімізге бірнәрсе алу үшін ақша тапқымыз келетін. Бөтелке тапсыру сәнде болатын еді. Бір кісі әйнек бөтелкедегі шырын немесе сыра ішіп тұрса, жанына барып "Аға, бөтелкені маған бере саласыз ба?" деп сұрайтынбыз. Осылайша біраз уақытқа дейін бөтелке тапсырып жүрдім. Бұдан өзге көлік жуатын жерде жұмыс істедім. Тағы бір жұмыс болды, бірақ ол халал емес. Сол себепті, айтпай-ақ қояйын, ұят болады", — деп күлді жұлдыз.

Ал Айгүл Иманбаева мұндай қара жұмыстың не екенін де білмегенін айтады. Себебі отбасы ауылдағы бақуаттылар қатарынан табылып, ең атақты қонақтарды күтетін болған. Сондай-ақ, әншінің қара жұмыс туралы білмеуіне ата-анасының жақсы жерлерде жұмыс істеуі әсер еткен екен.

"Жұлдыздар жұлдыз болғанға дейін деген күшті сұрақ екен. Біз әрі кетсе өзгелерден өнерімізбен ерекшеленеміз. Әйтпесе, адамның адамнан артықшылығы бар ма? Қара жұмыс деген нәрсені білмей өстім. Анам ауылда бас есепші болып жұмыс істеп, келген ревизор, әртістерді біз күтіп алатынбыз", — деді әнші.

Мұнымен қатар, Айгүл Иманбаева "Аврора", "Артек" секілді демалыс орындарына жиі барғанын айттып өтті. Ал әріптесі Дос керісінше қара жұмыстың түр-түрін жасап көрген екен. Тіпті, ауылда жүріп трактор айдағанын да жасырмады.

"Бірінші орта техникалық және кәсіби училищеде машинист-тракторшы мамандығы бойынша білім алдым. Ауылда трактор айдап, от жағушы, сантехник болып жұмыс істедім. Кейін деңгейімді көтеріп, ауданда дискотека кассирі болдым.Базарда да сауда жасаған жайым бар", — деді ол.

Бала күнінен әнші болуды армандаған Заттыбек еңбек жолын саудадан бастаған. Әнші мұндай жұмыс істегені үшін еш ұялмайтынын айтады. Мұнымен қатар, оқушыларға сабақ беріп, ұстаздық еткен.

"Сатушы да, мұғалім де болдым. Музыка мектебінде жеке оқушылармен жұмыс жасадым. Қалаға алғаш келген жылдары базар төңірегінде жүрдім. Бұл үшін ешқандай қысылмаймын және ұялмаймын.

Бірақ уақыт өте келе сауда менікі емес екенін түсіндім.

Себебі, ойымның бәрі шығармашылық төңірегінде өрбитін. Қалай десек те, 98-99-жылдары табиғатыма жат жұмыстармен айналысқаным рас", — деді Заттыбек Көпбосынұлы.

Елдің еркесіне айналған Майра Ілиясованың да бұл тақырыпқа қатысты айтары бар екен. Әнші өмірінде болған қайғылы жағдайларға байланысты ерте есеюге мәжбүр болған.

"Қой баққанымды естігенде елдің бәрі күледі. Отбасы жағдайымен мектепті Әсия деген әпкем екеуіміз бірге бітірдік. Анамыз бен әкеміз өмірден ерте қайтып кетті. Қалаға келген кезде екі жыл оқуға түсе алмай жұмыс істеп жүрдім. Экономика бөлімінде оқығым келді. Әнші боламын деген ой мүлдем жоқ еді", — дейді Майра Ілиясова.

Ал Роза Әлқожа сахна жұлдызына айналмай тұрып журналистердің әріптесі болған. Ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс істеген.

"Негізі менің мамандығым журналист. Газет, радио және телеарнада жұмыс жасадым. Әнге, өнерге біржолата бет бұрған кезімде 50 долларға тойға шығып жүрдім. Ол уақытта таксиге 2 000 теңге беретінмін. Үстіме киген көйлегім де арзан болды. Тойға барсақ, бастан аяқ "Асаба қашан ән айтқызар екен?" деп қабағына қарап отыратынбыз", — деді әнші.

Сондай-ақ, Роза Әлқожа әлі күнге дейін осы тойдың арқасында қымбат көйлек пен көлік алып, концерт беріп жатқанын айтып өтті. Ал "Құралай қыз" деп ән салған Досымжан Таңатаров өнерге оңай келмеген. Бастапқыда тойда қосымша асаба қызметін атқарып, оператор болып жұмыс істеген.

"Ауылда өскен малшының баласымын. Мектепте 6-7-сыныпқа дейін мал бағып жүрдім. Студент кезімде оқып жүріп екінші курсқа өткен шақта балабақшада домбырадан сабақ бердім. Үшінші курста мектепте сабақ беріп жүрдім. Бұдан өзге қосымша асаба болып, тойды таспаға түсіріп, оператор болып жұмыс істедім. Ән де айтып, келіннің де бетін аштым. Жалпы адамның қолынан келетін нәрселердің барлығын істедім", — деді Досымжан Таңатаров.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: