Қостанай Абай даңғылына Назарбаев есімін бермей қойды

22 Шілде 2019, 14:53
Сурет: YouTube

Қостанайдағы Абай даңғылына Назарбаев атын беру жайлы қалалық мәслихаттың ұсынысы кері қайтарылғаннан бері қалада қай көшені бірінші президент атымен атау мәселесі шешілмеген.

"Наша газета" басылымы "Гагарин көшесіне Назарбаев атын беру туралы бастаманы қоғамдық тыңдауда талқылайды" атты мақалада бұл мәселені шешу үшін қоғамдық тыңдау белгіленгенін жазады. Тыңдау шілденің 29-ы күні өтеді, бұл ақпаратты жергілікті әкімдік растаған, деп хабарлайды Азаттық.

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов "мұндай ұсынысты бірнеше ұжым өкілдері жасағанын" айтты. Оның айтуынша, бастама көтерген азаматтар Гагарин көшесін - Назарбаев деп өзгертіп, Гвардейский көшесіне Гагарин атын беру туралы ұсыныс жасаған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе сала ел астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деп мәлімдеген еді. Осыдан соң елдегі бірнеше қаладағы көшелерге Назарбаев аты берілді.

Ақпарат бойынша, Қостанай қалалық мәслихатының депутаттары бастапқыда қаладағы Абай даңғылын Назарбаев атымен атау туралы ұсыныс жасаған. "Наша газета" форумындағы ақпаратқа сәйкес, бұл бойынша түпкілікті шешім қабылдамай жатып қаладағы Абай көшесіндегі тақтайшалардың кейбірі алынып та үлгерген. Бірақ кейіннен республикалық ономастикалық комиссия бұл ұсынысты қайта қарау қажеттігін айтқан.

Басылым форумында Қостанайда қай көшеге Назарбаев атын беру туралы шағын сауалнама да бар. Шамамен 123 адамның басым бөлігі Тәуелсіздік көшесін өзгертейік десе, кейбірі Әл-Фараби даңғылына бірінші президент атын берейік деген ұсыныс айтқан. Ұсыныстар арасында Юрий Гагарин, Ғафу Қайырбеков көшелері бар.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?