Жанар Хамитованың туыстары әнші өзіне қол жұмсаған жоқ дейді
Әнші Жанар Хамитованың туыстары, оның өзіне-өзі қол салғанын жоққа шығарды. Марқұмның туысқан ағасы біздің арна тілшілеріне қарындасының қазасына мүлде басқа жағдай себеп болғанын хабарлады. Дегенмен қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтауға кіріскен, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Әнші Жанар Хамитова небәрі 30 жаста. Оның қазасы жайлы кеше таңертең әлеуметтік желіде тарады. Қайғылы жағдай Қарқаралы ауданындағы әкесінің үйінде болған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақыртылғанымен, әншіге араша бола алмапты. Дегенмен Жанардың жұмбақ өліміне қатысты түрлі қауесет тарап үлгерді. Әлеуметтік желідегі жазбаларда, әнші өзіне қол салды, асылып қалды,- деген ақпараттар жылдам тарады. Полиция да "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен тергеу жұмыстарын бастады.
Жанартай Сембеков, Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚК 105 бабы, 1-інші бөлігіне сәйкес тіркелді. Тергеу барысында оқиғаның мән жайы анықталатын болады.
Алайда марқұмның туыстары әншінің өзіне қол жұмсағанын жоққа шығарып отыр. Өзін туысқан ағасымен деп таныстырған Тиышбек Хамитовтің айтуынша қарындасының қазасына, оның басында болған жайттар себеп болған. Жүрегіне салмақ салды дейді.
Тиыштық Хамитов, марқұм Ж.Хамитованың туысқан ағасы:
- Ондай ештеңе болған жоқ. Просто сердце не выдержало. Үйде уборка істеп жатты, 1-2 күнге келген. Ондай ештеңе болған жоқ. Просто с сердцем проблемы. Переживаниялар бар ғой, наверное. Алтын бала ол. Она творческая была.
Жанар отбасындағы үш баланың үлкені. 12 жасынан бастап үлкен сахналарда өнер көрсете бастаған. 2006 жылы "SuperStar KZ" мега-жобасына қатысып, үздіктер санатына қосылды. Кейін "Арнау" дуэтінде ән салғанын көпшілік жақсы біледі. Алайда 2009 жылы әнші сахнадан көрінбей кетті. Былтыр ғана көпшілік алдына қайта шығып, ауыр тағдыры жайлы сұқбат берген болатын. Ауқатты күйеуі екі ұлын алып қалып, өзін қуып жібергенін айтқан еді. Бір сұқбатында қорғаушы жалдап балаларын өзіне қайтаруға тырысып жүргенін де жеткізген.
Дегенмен психологтар күйзелістің соңы көп жағдай суицидке апаратынын мойындайды.
Кәмшат Игембаева, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ психология кафедрасының аға оқытушысы:
- Бұл ұзақ уақытқа созылатын депрессивтік күйдің нәтижесі болып табылады суицид. Қоршаған ортада мысалы, адамның бойында туындаған моральдық сұрақтарға адам ұзақ уақыт жауап таппайды. Неге? Қалай? деген секілді. Көбінесе ол жақын адамдармен сөйлесетін болса, қолдау көрсететін болса психологиялық тұрғыдан ситуацияны шешуге болады.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстан суицид бойынша әлемде алдыңғы бестіктің құрамында. Бұл өзіне қол салатындар көп деген сөз. Мамандардың айтуынша, күйзелістен адамдарды отбасының жылуы мен мамандардың кеңесі құтқара алады.
Жанар Хамитованың өліміне қатысты жұмбақ кешікпей шешілері сөзсіз. Осы мақсатта қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Әншінің денесі бүгін туған жері Қарқаралыда жерленеді.