Әбішев ісі: тергеу сараптамасына қорғаушылар сенбейді
Іс бойынша "пара берушінің" де, "пара алушының" да статусы күмәнді, оның үстіне пара нақты адресатқа жетпеген.
– Бұндай жағдайда, негізгі дәлел ретінде іске қатысушылардың өзара сөйлескен сөздері және оған сарапшылар тарапынан берілетін баға, яғни психологиялық-филологиялық сараптама қорытындылары автоматты түрде басты дәлелге айналып шыға келеді, – дейді Ислам Әбішевтің қорғаушысы Абзал Құспан.
Қорғаушы өзінің өтінішінде мынадай дәйектерін ұсынады:
Құрметті сот
Қылмыстық іс құжаттарында, атап айтқанда 8 томда ШҚО бойынша сот сараптамасы Институтының сарапшысы Г.К.Кудайбергенованың №1348 санды, 28.06.2019 ж., №1349 санды, 21.06.2019 ж., №1350 санды, 25.06.2019 ж., №1351 санды, 24.06.2019 ж., сот психологиялық-филологиялық сараптамаларының қорытындылары (СПФС) бар.
Сараптама қорытындыларының сапасы сын көтермейді, онда сәйкессіздектер мен қарама-қайшылықтар өте көп. Мысалы, №1351 сараптаманың синтездеу бөлігіндегі Шындаулетовтың сөздері аз болуы себепті, оның пара алуға итермелеу бөлігінде анықтау мүмкін еместігі және құқықтық баға беруге жататыны себепті, СПФС міндетіне жатпайтыны туралы жазылады да, алайда қорытынды бөлігінде СПФС міндетіне жатпайтыны туралы бөлігі қалып қойған. №1349 санды сараптаманың қорытынды бөлгінде, сарапшы №5-6 сұрақтарын біріктіре жауап бере келіп, тырнақшаның ішіне ақша сомасының келісімнің 10% болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасаған. Біріншіден, сарапшының қорытындысы болжамға негізделмеуі керек, екіншіден, ақша сомасының шыққан тегін анықтау немесе келісімнің қанша пайызына жататыны туралы тергеуші тарапынан сұрақ қойылмаған, соған қарамастан сарапшы Кудайбергенова қойылған сұрақ шеңберінен асып кеткен. Осы сұрақтың зерттеу бөлігінде, Әбішевке тиесілі емес сөзді сарапшы жазып қойған, ондай сөз стенограммада жоқ. Осы сараптаманың №10 сұрағын зерттеу бөлігінде бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырым жасалған, 1. тараптардың әңгімесі бір-біріне түсініксіз 2. бір-біріне түсінікті деп, қорытындыға жеткілікті негізделмесе де, екінші кетіп қалған. №1348 санда сараптаманың 5-58 сұрақтарын біріктіре жауап берген сарапшы зерттеу бөлігінде негіздеп, нақты сөздерден мысал келтірмеген т.б.
Оған қосымша түрде мына негіздерді де көрсете кетейін;
№1348 санды сараптама қорытындысының 25 бетінде, Сарапшы Кудайбергенова №12, 19, 25, 31, 37, 44, 51 санды сұрақтарды біріктіріп, бір жауап берген, яғни 7 сұрақ бір сұраққа біріктірілген. Сұрақтың орысша мәтіні тергеуші тарапынан былай (сараптама басында орыс тілінде тағайындалған) қойылған (мысалы №12 сұрақ) "Имеется ли в разговоре между Тукиевым С., и Шаймерденовым А.К. от 03.01.2019 г., (ссылка на диски) со стороны Тукиева С.А., смысловой компонент требования денежных средств и на какие нужды?".
Сарапшы біріктірілген сұрақтарға жауап бере келіп, атап айтқанда, Тукиев тарапынан Шаймерденовтен ақша талап ету фактісі жоқ, ақша беруге итермелеу әрекеті бар дей келе, сарапшы сұрақтың ең маңызды тұсын, ол ақшаның қандай мақсатқа (на какие нужды) сұралғанына жауап бермей кеткен! Ал бұл сұрақтың өте маңызды жері! Себебі, барлық стенограммаларда және басқа да іс материалдарында Тукиевтың Шаймерденовтен алғашқы 10 000 000 теңге ақшаны "Қазақша күрес" федерациясының спортшыларын Голландияға іссапарға апару үшін демеушілік ретінде алмақшы болғаны анық көрсетілген болатын! Бұл жерде сарапшы Кудайбергенованың толық емес жауабы істің квалификациясына тікелей әсер ететінін айту керек!
Осыған ұқсас, №1349 санды сараптаманың бірінші бетінде сарапшы Кудайбергенова тергеушінің №1 былай қойылғанын көрсетеді (сөзбе-сөз) "Содержит ли текст в разговоре между Абишевым И.А. и Шаймерденовым А.К. от 07.03.2019 г., (диск №1 папка "69с от 11.03.19 г" файл: 2019 март 07 15-00.wav) общие темы и позволяет ли лексико-синтаксический анализ текстов беседы говорить о том, что участники ведут разговоры на понятную друг другу тему (общую для них тему) и кто является инициатором встречи, разговора и начала каких-либо тем для разговора?".
Алайда, сараптаманың зерттеу бөлігінде (№8 беті) бізге белгісіз себептермен, сұрақтың соңғы абзацы (түсіп қалған бөлігі қарамен боялған) толығымен түсіп қалған! Яғни, сарапшы Кудайбергенова өз бетінше тергеу тарапынан қойылған сұрақты өзгертіп тастаған! Нәтижесінде, қорғау тарапы үшін өте маңызды "кездесулердің, әңгіменің жалпы оқиға басталуының себепкері кім" деген сұрақ сарапшы тарапынан жауапсыз қалдырылды! Ал іс материалдары бойынша да, стенограммалар мәтіні бойынша да, жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша себепкер А.К.Шаймерденов екені анық көрініп тұр!
Бұндай фактілер сараптама қорытындыларында аз емес.
СПФС бойынша сараптама жүргізу барысында методика сақталмауы себепті, оны рецензиялау туралы менің тарапымнан өтініш берілді. Қазіргі кезде, ҚР сот сараптама орталығы менің адвокаттық сұранысыма орай жауап дайындап жатыр.
Одан басқа, тергеу жағының тағайындаған сараптамасына басынан бастап, қорғау тарапынан сенімсіздік тууы себепті, қорғау жағы да СПФС-на тапсырыс берген болатын.
Осыған байланысты, Сотқа сарапшы А.Г.Есбаевтың маман ретіндегі 19.09.2019 жылғы сот психологиялық-филологиялық қорытындысын ұсынамын (түпнұсқада).
Аталған сарапшының қорытындысы тергеуші тарапынан тағайындалған сараптама қорытындыларына мүлдем кереғар келетінін ескеруіңізді сұраймын.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар, ҚР ҚПК-ның 287 бабы, 3 бөлігіне сәйкес, қосымша сараптама тағайындауға негіз болып табылады.
Аталғандардың негізінде, Соттан сарапшы А.Г.Есбаевтың маман ретіндегі 19.09.2019 жылғы сот психологиялық-филологиялық қорытындысын (түпнұсқада) қабылдауды сұраймын.