Жаңалықтар тізбегі
0

Баршаңызды тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек етуге шақырамын - Назарбаев

Elbasy.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.12.2019 04:05 Elbasy.kz
Егемендіктің алғашқы сәттерінен бастап отанымызды өркендетуге, елдігімізді нығайтуға зор үлес қосқан, заманның ауыр жүгін бірге көтерген барша Қазақстан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін - Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертке қатысты, деп хабарлайды zakon.kz Елбасының сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара аясында Елбасы Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Ханымдар мен мырзалар!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз – талай сынақтарды бастан өткерген халықпыз.

Дегенмен, басына бақ дарыған елміз, қайсар бабалардың ұрпағымыз.

Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендегені жер жүзіне мәлім.

Біз – ата-бабамыз аманат еткен Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасы, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан дархан даланың заңды мұрагеріміз.

Бүгін біз "Қазақстан – 2050" cтратегиясының басты мақсаты – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу жолында келеміз.

Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының, жаңа тарихының жалғасына айналары сөзсіз.

Ол тарихты өркендеп келе жатқан мемлекетте түлеп ұшқан жалынды жастардың жазары хақ.

Өскелең ұрпаққа аға буынның өмірлік және кәсіби мол тәжірибесі септігін тигізеді деп сенемін.

Алдыңғы буынның өкілі ретінде менің жастарға айтар тілегім бар.

Біз сендер жақсы өмір сүру үшін барлық жағдайды жасадық.

Сондықтан тек қана алға ұмтылып, биік белестерді бағындырыңдар, асқар асуларға талпыныңдар.

Ең бастысы – елімізде бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтай біліңдер.

Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі және алдағы жеңістеріміздің кепілі.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.12.2019 04:05

Қадірлі қауым!

Мен отыз жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы мен ел мүддесі жолында адал қызмет еткенімді мақтан тұтамын.

Бұл – үлкен мәртебе, зор бақыт.

Елім үшін, халқым үшін, Тәуелсіз Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайын тұрдым.

Мемлекеттілік пен тәуелсіздік сияқты қастерлі құндылықтарды сақтауға тырыстым.

Бар күш-қайратымды туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым.

Артымда арқасүйер халқымның тұрғаны барлық сынақтардан сүрінбей өтуіме ұйытқы болды.

Егемендіктің алғашқы сәттерінен бастап отанымызды өркендетуге, елдігімізді нығайтуға зор үлес қосқан, заманның ауыр жүгін бірге көтерген барша Қазақстан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін.

Біздің буын дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді.

Осынау күрделі кезеңде халқымыздың бейбіт те берекелі ғұмыр кешуі басты жетістік деп санаймын.

Ендігі кезекте осы табыстарды еселей түсу маңызды.

Ел конституциясына сай жаңа Президент сайланды.

Бұл – тарихи кезең.

Жаңа ел басының алғашқы қадамдары оңай болмайды.

Еліміз өркендеу жолында іркілмей өсіп-өне беруі үшін барлығымыз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, онымен бірге болуымыз керек.

Біз билік сабақтастығын сақтай отырып, стратегиялық бағыт-бағдардан ауытқымауға тиіспіз.

Себебі біздің ойымыз да бір, мұрат-мақсатымыз да ортақ.

Ол – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту, елімізді мәңгілік ету.

Әбіш Кекілбайұлы: "Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік", - деген еді.

Ендеше баршаңызды тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.

Төл мерекеміз құтты болсын!

Мемлекеттігіміз мәңгілік болсын!

, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.12.2019 04:05

Қазақтың байтақ жері – бабадан қалған ең асыл қазына. Бұл – қазақ жері.

Атадан балаға мирас болған кең даланы сақтап қалу оңайға тиген жоқ.

Баһадүр халқымыз небір жаугершілік замандарда еркіндік үшін қылыш сермеп, бодан болған қиын кезеңдерде бостандықты аңсап өткені жасырын емес.

Кешегі Алаш арыстарының да игі мұраты – егемендік еді.

Біз ата-бабаның асыл арманын орындап, осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздіктің іргесін бірге қаладық.

Әлем қартасында Қазақстан деген дербес республика, азат ел пайда болды.

Ол күндер оңайға соққан жоқ.

Тәуелсіздіктің қиындықтардан басталуы бізді үлкен жауапкершілікке жетеледі.

Зауыттар тоқтап, тіршілік тұралап қалғаны ел есінде.

Сол ауыртпалықтарды бірлік пен татулықтың арқасында еңсердік, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық.

Біз елдігімізді баянды етіп қана қоймай, Қазақстанды әлем мойындаған мемлекетке айналдыра білдік.

Ұлтымыздың сағын сындырып, бағын тайдырған күрделі кезеңдер артта қалып, еліміздің жаңа тарихы – мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды.

Тәуелсіздік – біздің жолымыздың бастауы ғана.

28 жылда толағай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеміз.

Көздеген түпкі мақсатымыз – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру.

Жасалып жатқан игі жұмыстардың бәрі келер ұрпақ үшін екенін мен әрдайым айтып келемін.

Бабадан қалған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету ендігі кезекте жастарға аманат!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: