Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақша сөйлеу үшін енді Тоқаевтың пәрмені керек пе?

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.12.2019 16:21 видеодан кадр
Бұл мәселе өзі қызық. Бір кездері көтеріліп, қып-қызыл талқыға түседі де, дастархан басында айтылған әңгіме сияқты кейін жайына қалады.

28 жыл. Міне, тәуелсіздік алғаннан бері осынша уақыт өтсе де, әлі күнге мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қажеттілігін арттыратын заңды әзірлей алмай келеміз. Ана тілімізде ешқандай статус жоқ. Бұл мәселе өзі қызық. Бір кездері көтеріліп, қып-қызыл талқыға түседі де, дастархан басында айтылған әңгіме сияқты кейін жайына қалады.

Тілші Айбек Қосан осыған дейін сөйлеймін деп сөз беріп алып, аузынан қағылғандар мен сөйлегісі келіп жүрген шенеуніктерді тыңдап көрді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қашанда қоғамдағы өзекті мәселеге қатысты ойын бүкпесіз айтатын сенатор Бақтиярұлы бұл жолғы сауалын Үкімет басшысына жолдады. Депутаттың айтуынша, заңнамалардың талаптарын күшейту арқылы, қажеттілік туғыза отырып, жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

"Осы арада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзге тілдердің жолын кесіп, оларды төмендету емес, керісінше кезінде зорлықпен тұншықтырылған қазақ халқының мемлекеттік тілін одан ары бекемдеу. Айта кетуіміз керек, кеңестік одақтың құрамында болған Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзербайжан Ресей де кеңес үкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертіп, өз мемлекеттік тілдеріне басымдық беріп отыр. Ал Қазақстан Республикасының тіл туралы заңы негізінен кеңес үкімет кезінде қабылданғаны ешкімге жаңалық емес".

Бұл бастамаға қатысты Мәжілістің депутаттары не дейді екен әңгімеге тартқан едік. Обалы сол, өз қуырдағымызды өзімізге қуырып берді.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Әріптесіңізді қолдайсыз ба? Қолдаймын. Осындай бір талап болу керек пе? Болу керек. Уақыты келді ме? Уақыты келді".


Иә, уақыты келгені жайында айтылғаны қашан?! Үйрену керек, үйренеміз деп шаршы топтың алдында сөз бергендер де жетіп артылады. Солардың бірі - Данияр Ақышев.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы (2015-2019):

"Айтыңызшы қашан сіз қазақ тілін жақсы үйреніп, қазақша сұрақтарға қазақша жауап бересіз? Иә-иә. Өте дұрыс сұрақ. Нууу.. Келесі жылдан. Бір жыл керек пе сізге? Иә бір жыл".


Содан бері талай жиын, отырыста төбе көрсеткенімен тіл сындырған Ақышевты көрген жоқпыз. Қазақ тілінің бойына жан бітіретін сөзді өткен жылы елбасы айтқан еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті:

"Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс".


Елбасының сөзі талқыланбайды. Күні ертеңінде Үкімет пен Парламенттің отырысындағы өзгеріс, түрлену көпшілікті есінде болар. Таңдай қағып, қошеметтегеннен басқа амалымыз қалмап еді.

Сонда бұл кісілердің бәрі пәрмен күтіп жүріпті ғой деген ойға қаласың. "Ер көрмеймін деген жерін үш рет көреді" демекші, бір жылдан кейін сөйлеп кетемін деген Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Данияр Ақышев араға екі жыл салып осы науқан кезінде Мәжілісте оңбай сүрінді. Бұқараның алдында банкирді депутат Шиповских жығып беріп еді.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Неліктен сақтандыру полисі сақтандырудың қолдану мерзімі толық өткенше, яғни бір жылға сақтандыру біткенше жарамды болмайды?


Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы (2015-2019):

"Сұрағыңызға рахмет! Өте маңызды сұрақ. Қазір бұл мәселені халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырып отырмыз. Жол апаты болған жағдайда кінәлі тұлғаны сот анықтайды.


К
ешіріңіз, Нұрлан Зайруллаұлы, мен алайда мен баяндамашының жауабына қанағаттанған жоқпын. Мен жауап бердім. Сіз оқып берген мәселе басқаша болды ғой сұраққа қарағанда".


"Мен не деймін, домбырам не дейді" дегеннің керісі. Айтары жоқ, сол кезеңде депутаттар арқаланып, тіпті мынадай да ұсыныс тастаған болатын.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Қазақ тілінен емтиханды тек президенттікке үміткерлер ғана тапсырады. Біздің ойымызша, мемлекеттік тілді игеруді міндетті шенеуніктердің тізімін арттыруды қарастыру керек".


Айтылды, көтерілді, ұсынылды. Соңы сиыр құйымшақтанып кетті. Әйтеуір ара-тұра кешегі дүрмектің сарқыншағы бой көрсетеді. Оған да шүкір.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

"Марат Бәкіржанұлы рахмет! Отырғаныңызға отырыңыз".


Парламент пен Үкімет мүшелері, атқарушы орган бір флешмобты иә болмаса пәрменді күтіп жүрген сияқты.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: