Жаңалықтар тізбегі
0

Көктемде 600-ден астам елдімекенді су басуы мүмкін

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.03.2020 18:20 видеодан кадр
609 елді-мекен. 675 автожол және 259 учаскеде темір жолды су басуы мүмкін.

Қармен алысып жүргенде көктем де келді. Көктем келді дегенше табиғат ананың тағы бір қатал сыны келді дей беріңіз. Еліміздің бірнеше өңірінде 600 ден астам елді мекенді су басуы мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ел аузында "Қал қырғызстан, ахуал ауғанстан жағдай жапония" дейтін мәтел бар. Дәл осы тіркес қазір өзекті. Ішкі істер министрлігі апта басында үшбу мәлімдеме жасап, жағдайдың қиын екенін мойындады.

Сонымен, 609 елді-мекен. 675 автожол және 259 учаскеде темір жолды су басуы мүмкін.

Бұндай қауіп қатерге басты себеп метерологиялық фактор болуы мүмкін. Яғни қар биыл әдеттен жырақ тым көп жаулы. Алайда себептің барлығын табиғатқа арта салып отыра алмаймыз. Қыс қамын жаз ойла демеуші ме еді осындайда. Су тасу қаупі жоғары аймақтар бойынша қамдану былтырдан басталып кеткеніне қарамастан, кейбір өңірлер шырылдауық шегірткенің әніне басып, бөлінген қаражатты игермеген де. Жалпы көктемгі тасқынның алдын алуға былтыр 91 шара жоспарланса, соның 36-сы жүзеге асырылмаған.

Қаңтарда төтенше жағдай жарияланып қар астында қалған елдің бас қаласында да жағдай мәз емес. Ол аздай елорда іргесіндегі ауылдар да қазірдің өзінде суға батамыз деп дабыл қағуда.

Елордамыздан небары 5 шақырым жердегі Талапкер ауылының іргесі бұл. Бұрынғы саяжай массиві. 50-ге жуық түтін бар. Қазір байқасаңыздар бұл жер арктикаға ұқсайды. Алайда бетін ары қылсын, күн күрт жылынып кетсе екі аптадан бұл жердің Венецияға айналатынын бағамдау үшін бал ашудың қажеті жоқ.

"Үйдің шатырының биіктіктері мынау, қардың биіктігі 3 метр, 5 метр. Кейбіреулер вообще кіруге үйлерінде ход жоқ".

Талапкердің кей көшелері асфальтталған. Бірақ көктемде ол да қолайсыздық алып келеді. Себебі суөткізгіш қоймай кеткен. Асфальт биіктеу орналасқан, үйлер сәл төмендеу.

Жанат Оспанова, Талапкер ауылының тұрғыны:

"Екі көшенің ортасы біз арық боп қалдық. Сондықтан судың бәрі еріген кезде, арыққа түседі де, жолдың үстінде су қалмайды ғой. Сондықтан біз судың астында қаламыз. Енді судың астында қалмас үшін қайық керек бізге".

Ауылдың шеткі тұсындағы жұрт тіптен алаңдаулы. Төменде өзен арнасы, іргеде канал бар. Оған қырдан келетін суды қосыңыз.

Амангелді Мұратов, Талапкер ауылының тұрғыны:

"Автобус жүретін көшелерді тазалады, қалғандарың өздерің біліңдер дегендей қылып отыр. Қарды шығарыңдар деп жергілікті әкімге де, ауданға да шықтым. Бір жарым ай болды, күнде ертең мен тойдырып келеді. Күнде жиналыс, қар шығарушылар мен келіссөздер, әйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз деген алашапқын. Бірақ көшеде қар сол қалпы тұр".

Мирас Кужубаев, Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

"Талапкердің даламен шектесетін көшелерінде сәл жел тұрып қар жауса, қайта жабылып қалады. Мысала таяуда ОБСЕ ауданын түгелдей тазалап шықтық. Үш күннен боран соқты да, бұрынғы қалпына қайта түсті. Еңбек зая кетті. Қарды шығарасың, боран, қарды шығарасың боран. Жауып тастайды".

Манат Айдарханқызы, Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны:

"Жұмыс жасамайды демейміз әкімшілік азаматтар. Бірақ ол барлығы жетімсіз. Неге десеңіздер сол бөлінген ақша. Мынау жол қарап тұрсаңыздар жолды ғана бір тазартып өтуге ғана жетеді. Ал әрбір үйдің қасында, ауласында шығарылған қаншама қар бар".

Мирас Кужубаев, Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

"Қазір ең басты қауіп Есіл өзенінен.Тиісінше басты назар осы бағытта. Ертең қар еріп, өзен тасыса су басқанның көкесі сонда болады. Сол үшін өзен арнасын тегістеу жұмыстарын бастап кеттік. Әрине сосын су басу қаупі басым аудандарды бірінші кезекте тазалап жатырмыз".

Қарды тазалаумен Талапкердегі түйткілдің түйіні тарқамайды. Елді-мекен су көп жиналатын, өзен аңғарында орналасқан. Ауылдықтардан ұсыныс.

Кентай Алдырбай, Талапкер ауылының тұрғыны:

"Мүмкін мына Талапкерге бір цементті бір плотина сияқты бірдеме салу керек пе?! Жылда суда тұрамыз, жылда суға кетіп жатамыз. Бәрінің үйін басып жатыр. Басына бермей саманнан салынған".

Бұл бір ғана Талапкердегі ахуал. Ақмола, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына барсаңыз жүздеген ауыл дәл осындай жағдайда. Биыл жиыны 9 өңірде 600 ден аса елді-мекенді су басады деген болжам айтылып жатыр. Тек оның салдары қалай боладыны ойлаудың өзі қорқынышты. Қырсыққанда күннің райы да қиындау болайын деп тұр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

"Наурыз айындағы синоптикалық болжамға сәйкес ауар температурасы мен жауын шашынның мөлшері Қазақстанның басым аумағында климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде".

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

"Ауруын жасырған өледі. Үкіметте биыл әдеттен жырақ, мәселе ашық айтылды. Сорақысы сол, құқайды тек қардан көрсек бір сәрі ғой, күн жылынып, ернеуі толса бөгендерден де бәлекет күтуге тура келеді".

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

"Жауған қардың үлкен мөлшерде екендігін ескере отырып, ауа температурасы күрт артқан жағдайда біз суқоймаларынан суды едәуіп ағызуға мәжбүр боламыз. Осыған байланысты әкімдіктер төтенше жағдайға жол бермеу жөніндегі тиісті шараларды қабылдауы қажет".

Тиісті шаралар қабылданып жатыр ма? Әуелі атқарылған істерге қысқаша тоқталсақ.

Өңірлерде 8.8 млн тонна қар шығарылыпты. 152.6 мың тонна құм, 840 мың құм толтырылған қап, 47 тонна жарылғыш зат әзірленген. 1707 эвакуациялық бекет жасақталып, құтқару жұмыстарына 9000 адам даяланған екен. 1730 бірлік техника мен 13 мың тоннадай жанармай әзірленіпті. 1000 шақырым дамба жөнеліп, 537 жағалау бекітілген. Жергілікті бюджеттен 34.2 млрд тг игерілген.

Бұрын үкіметте тек атқарылған жұмысты ғана айтатын, енді атқарылмай қалғанын айтпасқа болмайды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

"Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының жергілікті атқарушы органдары екі жыл бойынша жоспарланған іс шараларды орындамай келеді. ШҚО 2019 жыл мен осы жылға қаражат бөлінбеген. Павлодар облысында өткен жылы қаржыландыру мүлдем қамтамасыз етілмеген. Ал СҚО бойынша қаржы тек 37 пайыз жұмсалған".

2019 жылы жоспарланған 91 алдын алу шарасының 36-сы жүзеге аспапты. Бұл дегеніңіз жоспар жартылай ғана орындалды деген сөз.

Ыбырайым Бабаев, қоғам белсендісі:

"Бұл мен ойлаймын жергілікті атқару органдарының өздерінің қызметтеріне немқұрайды қарайтындарының кеселінен осындай жағдайға душар болады да бүкіл халық, қарапайым халық зардап шегіп жатады".

Көктем болса келді. Тау боп үйіліп жатқан қарың анау. Көмек сұраған жұртың мынау. Ерте ме кеш пе, су тасиды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

"Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте".

Сонда қашан деген қисынды сұрақтың басы әлі ашық. Ертең су тасиды,сол баяғы ас ішерде деген жылдағы әңгіме. Тек биыл екіншісінің қаттырақ болатын түрі бар.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: