Жаңалықтар тізбегі
0

Түркістан: 2 жылдағы экономикалық және туристік әлеуеті көңіл көншіте ме?

otyrar.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.03.2020 17:57 otyrar.kz
Алдағы 5 жылдың ішіндеТүркістан облысының экономикалық драйвері туризм,ауыл шаруашылық, өнеркәсіп дамуы болады деп болжанады.

Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдағы жарлығымен Түркістан жеке облыс болып жарияланып, Шымкент республикалық маңызы бар қала атанды. Түркістанның өз алдына облыс болғанына 2020 жылы екі жыл толады. Осы орайда Түркістанның қазіргі экономикалық әлеуеті мен туризмі хақында сарапшылардың пікірін білген едік.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша халыққа берген есебінде 2019 жылы өңір бюджеті 561 млрд теңгеден 778 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Бұл әкімнің сөзінше, 2018 жылмен салыстырғанда бюджеттің 38 пайызға артқанын білдіреді. Дегенмен экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Молдашев Нұртай Оразалыұлының айтуынша Жоғарыда аталған мағлұматтар Түркістан облысының әлеуетін толық аша алмайды. Себебі, ЖҰӨ анықтаудың номиналдық және нақты көрсеткіштері бар. Сарапшы ақша көрсеткіші өскен, алайда ақшаның құнсыздауын есептей отырып, облыстың экономикалық әлеуетін бағамдауға болатынын алға тартады.

Түркістан ауыл шаруашылығы үшін тиімді өңір ме, кәсіпкерлік ше, экономикасының дамуына не кедергі?

Н.Оразалыұлы Түркістан облысы топырақ құнарлығы мен табиғат жағдайына байланысты ауыл шаруашылығына, оның ішінде жер өңдеу мен мал шаруашылығына өте ыңғайлы,тиімділігі жоғары өңір болып саналатынын айтады. Алайда бұл өңірде бірнеше мәселелерді шешу керек. Біріншіден, аймақ деңгейінде қандай мал немесе егін шаруашылығының тиімділігін анықтау, екіншіден, меншікке негізделген шаруашылық тиімділігін анықтау, үшіншіден, - сыртқы және ішкі нарықты, бәсекелестерді (мысалы Өзбекстан, Қырғызыстан) бағамдау. Түркістан облысының ауыл шаруашылық әлеуетіне қатысты пікір білдірген сарапшы өңірді толық аграрлы аймақ деп атады. Сөзінше, облыс республиканың барша ауыл шаруашылық өнімдерінің 12,5% өндіріп шығарады, Қазақстанда өндірілетін бар мақтаның 100%, жүзімнің – 72,5% өндіреді, облысқа республиканың жылыжай шаруашылығының 80% тиесілі.

"Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 43,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7% -ға көп. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы - тиісінше 4,5 млрд. теңге, мал шаруашылығы өнімдері - 38,2 млрд. теңге, 34,6 мың тонна ет (тірі салмақта) облыстағы барлық санаттағы шаруашылықтарда сатылып, өңірде 84,7 мың тонна сүт өндірілді. Түркістан облысында мал шаруашылығы өнімінің өсу динамикасы оң үрдіске ие болды", - дейді Н. Оразалыұлы.

Сарапшы Түркістан облысы қандай сала болсын өте бай өңір деген пікірде. Алайда "экономика сөзбен емес іс жүзінде нарықтың заңдары мен заңдылықтарына сүйеніп ұйымдастыруды қажет етеді". "Экономика теориясына қоғамдық еңбек бөлінісі,шекті тиімділік дегег ұғымдар бар" деген экономист маман осы тұрғыдан өңірде шығыны аз, тиімділігі жоғары саланы анықтау қажеттігін және оны шағын, орта немесе мемлекттік меншікке негізделген ірі шаруашылықта немесе кәсіпорында жүргізу қажеттігін ашып алуды алға тартты.

Алдағы 5 жылдың ішіндеТүркістан облысының экономикалық драйвері туризм,ауыл шаруашылық, өнеркәсіп дамуы болады деп болжанады. 2018-2020 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында, Түркістан облысында 29,6 млрд. теңгенің 4 инвестициялық жобасы жоспарланған. Жобаны іске асыру кезеңінде 700-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Металл емес минералды өнімдер өндірісінің жоғары әлеуетін ескере отырып, 2018-2020 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша Түркістан облысы. 1,2 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 25,8 млрд.теңге сомасына 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жылдары елімізде жеңіл өнеркәсіп саласының тұралап тұрғаны жалған емес. Деректер бойынша Қазақстанда соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіптің 96 пайызы кіші, шағын кәсіпорындардан тұрады. Бұл салада 12 мың адам жұмыспен қамтылған. Бірақ жеңіл өнеркәсіп саласы ІЖӨ-нің (Ішкі жалпы өнім) 0,1 пайызын құрайды. Бізді қызықтырғаны Түркістан облысының жеңіл өнеркәсіп саласындағы әлеуеті еді. Сарапшы маман Түркістанның жеңіл өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндігі барын, бірақ шағын кәсіпкерлерге нарық талаптарына сай көмек қажеттігін атап өтті.

"Біріншіден,кәсіпкерлік негіздері бойынша қалада, ауылда семинарлар өткізу қажет, екіншіден,мемлекеттік көмек қаржы түрінде емес құрал жабдық,сайман, кіші өңдейтін цехтарды ұзақ мерзімге жалға беру қажет,үшіншіден, банктен несие саясаты түбегейлі өзгеріп, салаға байланысты қайтарым мерзімі ұзарта,пайызы төмендеуі тиіс. Жеке мүддені шынайы қолдау қажет. Шаруалар күзде өнімін қиналып сатады", - дейді Н.Оразалыұлы.

Түркістан халқы көп шоғырланған аймақ. Экономиканың басты заңдылықтары - адамның саны көбейген сайын сұраныс өседі( бұл экономиканы жылжытатын күш), екіншіден бәсекелестік өте жоғары болады. Экономист маман Нұртай Оразалыұлының айтуынша аталған өңірде басты кедергі - бюракраттар және қолдан ойлап табылған тосқауылдар мен парақорлық. "Осылар жойылса, кәсіпкерлік дамиды. Кәсіпкерлік экономиканың даму көзі", - дейді сарапшы.

Түркістандағы туризм: тау-шаңғы курорты тиімді ме, "авто керуен" туризмі хақында не білеміз?

Түркістанның экономикасын дамыту бір мәселе болса, екіншіден бұл аймақ Қазақстандағы туризмнің ошағы десек артық айтқандық емес. Соңғы деректерге сәйкес осы жылдың өзінде Түркістан қаласына миллионнан аса турист келген. Туризм саласы да экономиканы дамытудың басты көздерінің бірі. Сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Дүйсембаев Азамат Алдашұлы қазіргі таңда Түркістан қаласына қызығушылықтың артқанын айтады. Әсіресе, шетелдік туристердің келуі 2-3 есеге өскен. Сарапшының пікіріне сүйене отырып, статистикамен бағамдар болсақ, 2018 жылы Түркістан қаласына 1,2 миллион туристің табаны тиген. 2018 жылдың қазан айының өзінде шаһарға келген туристер саны 1 миллионды құраған. Осы жылы жоғарыда атағанымыздай Түркістанға миллионнан астам турист келді.

Экономист маманның айтуынша Түркістанға аяқ басқан туристердің 46 пайызы яғни жарты пайызға жуығы - шетелдіктер.

"Туристерді қызықтыратыны әрине ол қажылық, тарихи-танымдық, діни туризм. Сондықтан Түркістан осы тұрғыда тартымды өлке саналады. Өйткені шетелдік туристерге біздің елде салынып жатқан ғимараттар емес, тарихи ескерткіштер қызық. Оған Отырар қаласы, Түркістандағы кесенелер, шаһардың тарихи маңызды тұлғалармен байланысты болуы мысал", - дейді А.Алдашұлы.

Алайда сарапшы өткен жылдың желтоқсан айынан бері әлемде тарап жатқан "тәж вирусы" немесе коронавирус салдарынан туризмнің біраз тұралап қалғанын және алдағы уақытта бұл кесел кедергі келтірмесе, Түркістандағы туризмнің көш ілгері дамитынын алға тартады. Сөзінше, 2025 жылы түркістан қаласына 1 күнге келіп түнейтін туристер саны 1,5 млнга жетеді деген болжам бар.

Түркістан облыс статусын алғалы бері оған келген туристер саны мейлінше артқан. Сарапшы мен арнайы стастикалық мәліметтерге жүгінсек, 2018 жылы Түркістан қаласында туристерді қабылдайтын орындар (жатынжайлар, қонақ үйлер т.б) саны 140-тан асқан. Әрі олар мемлекеттік және жекеменшік иелікке ие. Сонымен қатар 2014-2018 жылдар аралығында қалада тағам мен сусынды тұтыну ауқымы да артқаны байқалады. Ал 2018 жылы шаһарға келген қонақтар 150 мың орынға жайғастырылған. 2019 жылы 9 айындағы мәліметтер бойынша 1 күндік келуші туристер саны 985 мың 572 адам болған екен. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш миллионнан асқан. Сарапшы Азамат Алдашұлының айтуынша мұнда туристердің басым көбі танымдық, қажылық, емдік туризм бағытында жол тартады.

"Өткен жылы сыртқы туризм 146,2 пайызға, ішкі туризм бойынша көрсеткіш 115,8 пайызға артқан", - дейді маман. Атап өтерлігі қазіргі уақытта Түркістанда киелі жерлерді, туристік мәні бар ескерткіштерді, сонымен қатар "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өлкетану мақсатындағы танымал орындарды қамтитын 21 туристік маршрут әзірленген. "Бұл кез келген туриске біздегі туризмді түрлі қырынан танытуға, сондай-ақ мәдениетімізді таныту арқылы оларды қызықтырып, өзімізге тартуға мүмкіндік береді", - дейді А.Алдашұлы.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының халқына берген есебінде Түркістан облысында тау шаңғысы базасының салынатынын айтты. Сөзінше, " тау курорты ауқатты, бай және орташа туристерге арналған нысан әрі ол жерде күніне 6-7 мың туриске қызмет көрсететін нысан бой көтермек".

Сарапшы А.Алдашұлы Түркістан облысында тау-шаңғы курорттық аймағын салу қаражатты көп тартатын сала екенін алға тартады.

"Кез келген сала, экономиканың кез келген бағыты болмасын, өзінің дамитын белгілі бір өңірі болады. Біз оны кластерлік деп атаймыз. Еліміздің кең байтақтығы сонша, бізде туризмді арттырудың сан түрлі жолдары баршылық. Табиғи ерекшеліктері, климаты, географиялық жағынан тау-шаңғы курортына ыңғайлы аймақтар бар. Оның бірі – Алматы облысы. Түркістанның жазық даласы, тау бөктерінде тау-шаңғы спортын дамыту қаншалықты ыңғайлы болатындығын оның қайтарымдығын есептеп, қолайлығын бағамдау керек. Былай қарасақ өңірде қыстың қысқа болуы, климатының ыстықтығы тау-шаңғы курортына қаншалықты тартымды болатындығы белгісіз", - дейді экономист маман.

Сарапшының сөзінше өңірде тау-шаңғы курортынан қарағанда "керуен" немесе "автокеруен" туризмін дамыту мейлінше жемістірек. Себебі Түркістан Жібек жолы елдері бойында орналасқан әрі "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық жобасының автодәлізі Түркістан арқылы өтеді.

"Осы мүмкіндік тау-шаңғы спортына қарағанда тиімді. Салыстырмалы түрде сарапшылар бәрін есептеп, оның тиімділігін қарастыру керек. Өйткені қазіргі таңда президентіміз ақшаны бос шашу, алдын ала нақты айқынсыздықтан қаражатты бос жұмсап, одан нәтиже шықпай қалудан сақтану керекпіз деп қадап айтып жатыр. Сондықтан Түркістан өңірінде тау-шаңғы туризмінен гөрі керуен, автокеруен, автокемпингтерді қалыптастыру, шалғай аудандардың арасында инфрақұрылымды дамыту қажет. Халықаралық әуежай салынса да, автокеруен туризмін дамытсақ, шетелдіктер өз көліктерімен немесе республиканың басқа аймағыдағы тұрғындар өз автомобильдерімен аймаққа жол тартар еді", - дейді А.Алдашұлы.

Түркістанда туримзнің қалыптасқан негізі бары айқын. Оның бірі – киелі жерлердің көп болуы. Бұл тұрғыда сарапшы маман тарихи, мәдени-танымдық туризмді әрі қарай серпінді түрде дамытуға мүмкіндік барын айтады. Қазіргі уақытта Түркістанда 5 мың адамға арналған мешіт бой көтергелі жатыр, оның аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Бұдан өзге Түркістандағы туризмнің бір көзі ол – археология немесе тарихи туризм.

Сарапшы А.Алдашұлы Түркістандағы тарихи ескерткіштерді, археологиялық қазбаларды, археологтардың жаңа бір тарихи, киелі орындарды ашуын қазақ, орыс тілдерінен өзге ағылшын және т.б шет тілдеріне аударып, БАҚ-та яки әлеуметтік желіде таратылатын болса, бұл туристердің келу легін арттыратынын айтады. Яғни бұл жерде басты қозғаушы күш – тіл. Әр отандық я шетелдік турист ақпаратты өзіне ыңғайлы тілде оқып, түсінсе, аймаққа келуге ынтығады. Маманның пікірінше, бір ғана жайт бар - туристердің келуіне қарапайым жайлылықты қамтамасыз ету.

"Таза жатын орны, ішетін таза суы, ас-ауқаты, телефондарына қажет электронды құрылғыларының болуы, ескерткіштердің жанында био-әжетханалардың орналасуы яғни күнделікті жүріп-тұруға ыңғайлы жағдай жасау керек. Басқа бір артық инвестициясы ауқымды,таңдай қақтырам деп жанталасудың қажеті жоқ", дейді А.Алдашұлы.

Бар-жоғы туристің өзін жайлы сезінуіне қарапайым жасалған жағдайдың өзі өңірдегі туризмнің дамуына тікелей ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тек Түркістан облысының ғана емес, барша республиканың экономикасына тың серпін болмақ.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: