Жаңалықтар тізбегі
0

Кентауда парамен ұсталған мектеп директоры әлі жұмыста жүр

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.03.2020 15:39 zakon.kz
Осы оқиғадан кейін білім ұясында береке бола ма?

Түркістан облысында мектепке еден жуушы болып кіру үшін де пара беруің керек. Оған ұсталып жатқан директорлар, балабақша меңгерушілері дәлел, деп хабарлайды zakon.kz "Жас Алаш" газетіне сілтеме жасап.

Осыдан біраз уақыт бұрын Сайрам ауданында бір мектеп директоры жергілікті тұрғынды мекеменің штатында жоқ бағбаншы ретінде жұмысқа қабылдау үшін 300 мың теңге пара алу үстінде ұсталған. Штатта жоқ бағбаншының ставкасы осынша болған соң, басқасының қанша екенін өзіңіз есептей беріңіз.

Жуырда Сарыағаш ауданынан хабарласқан бір азамат мектепке қарапайым мұғалім болып тұрудың ставкасы миллион теңгеден асатынын айтып шағымданды.

Ал осы аптада "Жас Алаштың" облыстағы қосынына хабарласқан кентаулық оқырман бұдан да сорақы деректі алға тартты: Кентауға қарасты Шаға ауылындағы Вахидов атындағы мектептің директоры Меринса Изатуллаева былтыр 5000 теңге парамен ұсталған. Мұғалімнің айтуынша, осы жайттан кейін де директор қызметін жалғастыра берген.

– Білім ұясында ақша жинау әдетке айналды. Әсіресе жаңа оқу жылы басталғалы тыныштық болмады. "Қаржы бақылау басқармасынан тексеруші келді" деп бір жинайды. "Өртке қарсы қызметтен келді" деп екі жинайды. "СЭС-ке береміз" деп үш жинайды. Ақша жинаудың бұрыннан қалыптасқан тәртібі бар. Жалақысы 100 мың теңгеден асатындар 5000 теңгеден, одан төмен алатындар 3500 теңгеден береді. Жөнсіз ақша жинау жүйкемізге тиген соң, мектеп мұғалімі Сайдакбар Рахметов былтыр облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл департаментіне арызданған болатын. Департамент қызметкерлері М.Изатуллаеваны 5000 теңгені қолма-қол алу барысында ұстады. Құзырлы органның өкілдері оны көліктеріне салып алып кетті. Бірақ жұма күні ұсталған директор дүйсенбі күні түк болмағандай, қызметін ары қарай атқара берді. Кейіннен тергеушілер директордың қылмыстық ісін қысқартып, оның тәртіптік мәселесін қарауды Кентау қалалық білім бөліміне жолдаған екен. Сайдакбар Рахметов білім бөліміне де барды. Ондағылар соттың айыптау актісі болмаған соң, директорды қызметінен босата алмайтындықтарын алға тартыпты. Сонда әділдік қайда қалды? Осы жөнінде білім және ғылым министрлігіне дейін арыздандық. Нәтиже жоқ, – деді хабарласқан азамат.

"Директор Изатуллаеваға пара берді" деген атаққа қалған осы мектептің ұстазы Сайдакбар Рахметов болса, былай дейді:

– Директордың орынбасары қызметін атқарған кезімде Изатуллаева жұмысыма сын айтып, тыныштық бермеді. Соның салдарынан инфаркт алып, қарапайым мұғалімдікке ауыстым. Бірақ директор қыр соңыма түсіп қоймады. Сағаттарымды қысқартып тастады. Директорға "емделетін дәрідәрмекке ақша онсыз да жетпей жатыр, жинайтын ақшаларыңнан мені босатыңдар" десем: "Сіз де өзгелер сияқты "полный ставкада" жұмыс істейсіз. Ақшаны бересіз, болмаса мүгедектікке шығып кетіңіз", – деп кесіп айтты. Былтыр желтоқсан айында "қаржы бақылау басқармасынан тексеру келді" деп, тағы ақша жинау басталды. Алғашқыда мен бермеймін деп шештім. Бірақ директор ақша жинайтын қызметкерін қайта-қайта жіберіп қоймады. Осыдан кейін Түркістанға барып, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
департаментіне арыз бердім. 6 желтоқсанда директорға алдын ала дайындалған 5000 теңгені берген соң, департамент қызметкерлері Изатуллаеваны ұстап алып кетті. Бірақ екі күннен кейін ол жұмысына қайта
оралды. Тергеу амалдары кезінде директор қызметінен шеттетілген жоқ. Соның салдарынан тергеуге шақырылған мұғалімдердің көбі директордың алдын ала үйретіп қойған жауаптарын берді. Ақыр аяғында қылмыстық іс қысқартылып, директордың тәртіптік мәселесін қарау туралы ұсыныс білім бөліміне жолданды. Мен Изатуллаеваның сотталғанына мүдделі емеспін. Оның да отбасы, бала-шағасы бар. Бірақ қызметінен кетуі тиіс емес пе еді?! Ал білім бөліміндегілер "директорды қызметінен босата алмаймыз" деп отыр, – деді Сайдакбар Рахметов.

Изатуллаеваны орнынан босата алмайтынын Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төрехан Асанов та айтып отыр.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Изатуллаеваның тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс бергені рас. Бірақ заң бойынша соттың үкімі шықпаған соң, директорды қызметінен босата алмаймыз. Осы аптада білім бөлімінің алқа мәжілісі өтеді. Сол жерде оның тәртіптік ісін қараймыз, – деген басшы Изатуллаеваға қатаң сөгіс беру туралы ұсыныстың барын мәлім етті.

Изатуллаеваның ісін жүргізген тергеуші Данияр Жұматаев қазір еңбек демалысында жүр екен. Дегенмен тергеушінің білім бөліміне берген ұсынымымен танысып шығудың сәті түсті.

Былтыр 6 желтоқсанда Изатуллаеваның Рахметовтен 5000 теңге пара алу кезінде ұсталғаны рас болып шықты. Ұсынымға қарағанда, ұсталған азаматшаның үстінен пара алу бабы бойынша қылмыстық іс
қозғалған. Тергеу барысында директор С.Рахметовтен 5000 теңгені СЭС-тің салып кеткен 44 мың теңге айыппұлынан құтылу үшін алғанын айтыпты. Осыдан кейін қылмыстық іс лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бабына ауыстырылған. Бірақ кейіннен қысқартылып, директорды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным білім бөліміне жолданған. Ұсынымда Изатуллаеваны қызметінен босату керегі жазылған.

Осыдан кейін мектеп мұғалімдерінің әділдік іздеп ары-бері сабылуының себебі түсінікті. "Ақшаны СЭСтің салған айыппұлын төлеу үшін алдым" деп, өзінің айыбын мойындап отырған Изатуллаеваны қылмыстық
жазаға тарта алмауы департамент тергеушісінің дәрменсіздігі ме, әлде заңның осалдығы ме? Тергеу барысында директордың жұмысынан шеттетілмегені мүлдем түсініксіз. Осындай жағдайда қарамағындағы
қызметкерлердің бастығына қарсы куәлік беруі мүмкін бе? Хабарласқан мұғалімнің айтуынша, қазір "диірменнің тасынан бітеу шыққан" Изатуллаева "бәрінің аузын жауып тастадым" дегенді айтып жүргенге
ұқсайды.

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрестің жағдайы, міне, осындай болып тұр.

Бақытжан Әбдірашұлы

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: