Шахматшы Дәрмен Сәдуақасов мемлекет ақшасын опырып жеп жүр
Қазақстандық танымал шахматшы Дәрмен Сәдуақасовтың басынан дау арылмай тұр. Миллиондаған сомаларға мемлекеттік тапсырыс алғыш гроссмейстердің тағы бір келісімшарты әшкереленді, деп хабарлайды zakon.kz журналист Михаил Козачковтың Telegram каналына сілтеме жасап.
1 мамырда Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Сәдуақасовтың Dasco DataCom компаниясы арасында жасалған екі контракт туралы мақала жарияланды. Әкімдік Сәдуақасовтың компаниясына 125 миллион теңге аударған, ал фирма өз кезегінде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, "позитивті-нейтралды сипаттағы" комментарийлер жазуға міндеттелген. Нақты айтқанда, Facebook, Instagram, Вконтакте және Одноклассники желілерінде айына 1000 коммент пен 1000 пост жариялауы тиіс екен.
Әлгі мақаланы оқыған Сәдуақасов өзінің facebook-тегі парақшасында жауабын бергендей болыпты – біз деген мемлекетке пайдалы жұмыс атқарып жатырмыз, ал мемлекеттің ақшасы біздің негізгі табысымыз емес, деген екен.
Осыдан кейін Дәрменнің тағы бір фирмасы – Dasco Consulting Group орындап тастаған тағы екі мемлекеттік тапсырыс табылыпты. Сәдуақасов қаланы дамыту стратегиясын әзірлеп бергені үшін Павлодар әкімдігінен 75 миллион теңге алған екен. Осымен 200 миллион болды деңіз.
Сонымен, журналист енді кез-келген мемлекеттік сатып алу алаңдарын тексергенде алдымен шахматистің компанияларын іздеп көретін әдет тауыпты.
Бүгін тағы бір келісімшарт табылды. Шахматшының "мемлекеттің ақшасы біздің негізгі табысымыз емес" дегені бекер болған сияқты. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Dasco Consulting Group-пен 5 миллион теңгеге келісімге отырған екен. Контракт бір көзден сатып алу әдісімен жасалған.
Бұл енді бес-ақ миллион. Тиын-тебен. Көлгіновтен алған 125 миллион емес, әрине. Ең қызығы, құжатта көрсетілгендей, сол 5 миллионға шахматшы "персоналдың біліктігін арттыруы" тиіс болған екен.
Дәрмен Сәдуақасов сонда кімге сабақ үйреткен дейсіз бе? Судьяларға! Шахмат судьялары емес, кәдімгі судьяларға. Лоттың атауы төмендегі суретте тұр.
Дәрменнің мемлекеттің ақшасына соншалықты жармаса беретіні жөн бе, енді?