Қазір Димаш екеуміз дос емеспіз. Алпамыс Шәрімов сұқбат берді

Instagram, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.08.2020 22:04 Instagram
Дегенмен Алпамыс Димаштың бүгінгі күндері өзіне хабарласпауына бір реніш болуы мүмкін екенін, оған үшінші бір тараптың кінәсі болуын да жоққа шығармайды.

Қытайдағы байқау кезінде Димаштың қасында жүрген продюсері Алпамыс Шәрімов кейіннен жоқ болып кетті. Екеуінің арасында не болып, не қойғанын ешкім әлі күнге дейін жөнді білмейді. Өйткені екеуі де бұл тақырыпқа қатысты жарытып пікір білдірмеген. Таяуда берген сұқбатында Алпамыс Шәрімов бұл мәселенің мәнісін ашты, деп хабарлайды zakon.kz.

Алпамыс Шәрімов журналист Нұрсұлтан Құрманға сұқбат беріп, өзінің ешқашан да Димаштың продюсері болмағанын айтты.

- Рас, бұқаралық ақпарат құралдары Димаш туралы мен арқылы ақпарат алып отырды. Бірақ олардың кейбіреуі менің рұқсатымсыз мені "Димаштың продюсері" деп жазып жіберген. Ол кәдімгідей маған ыңғайсыздық туғызды. Өйткені мен Димашқа продюсер болатындай деңгейім өскен жоқ. Әрине, кәсіби маман ретінде Димаштың өнерін жоғары бағалаймын. Біз Қытайға дейін Қазақстанның 25 қаласын аралап шықтық. Ел: "Неге Димаш Германияға емес, Семейге немесе АҚШ-қа емес Алматыға келіп концерт қоймайды" деп айтуы мүмкін. Бірақ, кешіріңіздер, Димаш Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған оған дейін, барлық жерде афишасы ілініп тұрды. Келетін көрермен келді, келмегені келмеді, кейбір концерт болды билетті тегін таратқан, оның несін жасырайын. Орын толтыру үшін әскерилерді шақыртқан кезіміз де болды. Есесіне, өкініш жоқ оларда, қазір олар әлемге танымал Димаштың жеке концертінде болдық деп мақтанып айта алады. 2016 жылы Қазақстанның 25 жылдығына орай 25 қаладағы концерт деп дайындалғанбыз. Соңғы концерт менің туған ауылым БҚО-дағы Аралтөбеде болды, жергілікті халық ризашылығын білдіріп ақ боз атты сахнаға алып шығып, Димашты мінгізді, ақ батасын берді. Содан соң Алматыға ұштық, екі күннен соң Қытайға Димаш екеуміз ғана кете бардық. Кастингтерінде де бірге болдық. Сондықтан мені Димаштың продюсері дегеннен гөрі, сол кездегі қолдаушы досы деген дұрыс болар еді, - дейді ол.

Қытайдағы байқаудың басынан аяғына дейін жүрген Алпамыс қазір Димаштың досы емес, жанкүйерімін дейді.

"Мен оны ешқашан қызған емеспін, керісінше, музыканы түсінетін адам ретінде оның өз деңгейіне сай шарықтау биікке әлі көтерілмегенін аңғарамын, Бейонсе, Тимберлейктер оның жанкүйері болуы керек, ал ол Майкл Джексонның деңгейіндегі тұлға. Сондықтан сырттай тілекші болып, оның сондай биіктікке жеткен сәтін күтемін".

Ол қазір Димашпен неге дос емес екенін былай түсіндірді.

"Қытайдағы байқау кезінде менде көп проблема болып жатты, денсаулығыма, сол секілді отбасыма қатысты дегендей. Бірақ оны Димашқа айтқан жоқпын, өйткені ол байқауға дайындалып, содан бас алмауы тиіс, мен оны жақсы түсіндім, сондықтан ондай нәрсемен оның басын ауыртуды дұрыс емес деп шештім. Сөйтіп жүргенде Қанат аға (Димаштың әкесі) келді, мен ақырын сыртқа ысырыла бердім, ол кісі де тізгінді өз қолына алып, жағдайды бақылауда ұстады. Осылай мен өз жайыма кеттім. Бұл өмір ғой, өмірде түрлі жолайырықтар болады. Ал былай Димаш екеуміз ұрсысқан да, ренжіскен де емеспіз", - дейді ол.

Дегенмен Алпамыс Димаштың бүгінгі күндері өзіне хабарласпауына бір реніш болуы мүмкін екенін, оған үшінші бір тараптың кінәсі болуын да жоққа шығармайды.

"Сырттан түрлі сыбысты естідім, мені Димашқа жамандаған дегендей. Сол секілді Қытайдағы байқауға дейін кейде екеуміздің де қатты ұрсысып қалатын кездеріміз болатын. Өйткені екеуміз де эмоция адамымыз. Бірақ оны жұмыс процесі десек, артық емес шығар. Мүмкін мен аңғармай Димашты ренжітіп, ол оны ұмыта алмай жүрген де болуы мүмкін, ол жағын мен білмеймін, бұл мен үшін жұмбақ нәрсе. Бірақ бір белгілісі, Димаш та, оның отбасы да өте мәдениетті жандар, баршаға үлгілі отбасы. Сондықтан бұл ретте кішкентай да күмән келтіріп, жаман ойлаған емеспін, олай ете де алмаймын", - дейді Алпамыс.

Сондай-ақ Алпамыс Димашпен араларының ажырауына еш өкінбейтінін де айтты.

"Егер сол кезде отбасылық мәселелеріммен әуре болып, кейінге ысырып қалмағанда мен әлі үйленбейтін едім. Димаштың жанында шапқылап, жеке басқа уақыт табылмас еді. Сол кезде ағам жол апатынан қайтыс болды. Тағы бір мәселелерді еңсерген соң, мен отау құрдым. Шүкір, қазір балам, әйелім бар. Менің жұмағым - отбасым. Ол үшін Аллаға сансыз мың шүкір", - дейді ол.

Сол кезде Димаш өзіне ақша төледі ме деген сауалға:

- Қанат аға келген соң ақша берді, бірақ қанша екенін айта алмаймын...

- Бір пәтер алуға жететін шығар?

- Жоқ...

- Бір көлік алуға ше?..

- Жоқ, Сіз мен ойламаған сұрақтар қойып тұрсыз, бұл маңызды нәрсе емес мен үшін...

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: