Жаңалықтар тізбегі
0

Әкімдерді жиі ауыстыру жемқорлыққа жол ашады

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.08.2020 20:50 видеодан кадр
Астана әкімдігінен күні кеше салынған әп-әдемі көшелердің неліктен асты-үстіне көшіп жатқанын сұрадық.

Әкімдерді жиі ауыстыру жемқорлыққа жол ашады. Сондай-ақ, бюджет қаржысын негізсіз шашуға алып келеді. Елдегі экономистер осылай дейді. Ауқымды жобалардағы салғырттықтың салдарын халық тартып жатыр. Елордадағы Ұлы дала даңғылының бойында тұратындар 3 жылға созылған жөндеу жұмыстарынан әбден мезі болдық дейді. Өйткені, алдыңғы жобадағы ағаттықтың кесірінен, сап-сау көше сүріліп, тасжол қайта төселіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Елордадағы ұзын көшелердің бірі "Ұлы дала" даңғылы. Құрылысы 2017 жылы басталған аумақта тұрмысқа жайлы жағдайдың барлығы жасалды. Тасжол төселді, жарық тартылды, инженерлік желілер салынды. Бірақ, уақыт өте келе көлік кептелісін азайту үшін Тәуелсіздік даңғылын сол жағалаумен түйістіру керек болды. Осылайша, Ұлы дала даңғылындағы 38-ші көшеге төселген тап-тамаша тас жолдар сүріліп, бұған дейін жасалған жұмыстар желге ұшты.

– 2017 жылы аталған аумақ "Ұлы дала" жобасының құрылысы аясында салынған еді. Алайда ол кезде өкінішке орай қаланың қосымша желілері, аялдамалар, қарастырылмады. 38-ші көшенің ағымдағы жөндеу жұмыстарынада аталған қажеттіліктер ескерілген. Қазір біз сонымен айналысып жатырмыз, – дейді "38 көше құрылысы" учаскесінің басшысы Арман Көлсейітов.

Осы 900 метр аумақтағы асфальтты қопарып, қайта салуға қала бюджетінен 1,5 млрд тг бөлініпті. Жобаны жоспарлауда жаңылысқандардың кесірінен қазына қаржысы құмға сіңді. Бұдан басқа, үшінші жылға созылған тынымсыз жөндеу жұмыстары тұрғындардың жүйкесін жұқартып біткенге ұқсайды.

– 3 жылдан бері осы көшеде тұрамын. Шеткі үйде. 3 жылдан бері баяғы жартас сол жартас. Жөндеу аяқталар емес. Ақшаны жымқырудың бір амалы ма, түсінбейсің, – деді қала тұрғыны Әсия Асқарова.

"Мұндай пікірдің болуы да заңды", дейді елордалық экономист Рүстем Жансейітов. Қала басшылығы ауысқан сайын осындай ауқымды жобаларға көз аларту да көбейетін көрінеді.

– Жаңадан келген команда ең ауқымды деген жобаларды қайта қарап, оның басы-қасында жүрген адамдарға құрық сала бастайды. Тырнақ астынан кір іздеп, келісім-шарттың бұзуына дейін алып барады. Бір топ заңгер жобаны бастан-аяқ қотарып, кілтипан табуға тырысады. Әкім ауысса, команда да ауысады. Осыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет неге бақылауға алмайтынын түсінбедім, – дейді экономист Рүстем Жансейітов.

Елорданың қазіргі әкімі Алтай Көлгінов те Оралдағы орнынан біраз "нөкерін" ертіп әкелген-ді. Алтынбек Қайсағалиев, Қайсар Маңқараев, бергісі білім басқармасындағы Шолпан Қадырова. Бірақ, кезекті сұхбаттарының бірінде ол жеке командасының барын жоққа шығарды.

"Менің жеке командам жоқ өзімнің. Иә, сенген адамыңды таңдайсың. Себебі сен жауап бересің".

Жауап демекші, астана әкімдігінен күні кеше салынған әп-әдемі көшелердің неліктен асты-үстіне көшіп жатқанын сұрадық. Қаланың шет жағындағы шұрық-тесік жолдар тұрғанда, сол жағалауды сәндей берудің қажеттілігін былайша түсіндіріпті.

"Ұлы Дала даңғылынан №29 көшеге дейінгі учаскеде № 38 көше құрылысы" нысанына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Осы жоба шеңберінде бұрын орнатылған бүйір тастарын ішінара демонтаждау көзделген, осыған байланысты көлік құралдарының қозғалысы үшін қосымша жолақ қосылды. Сондай-ақ жаңбыр суын жинау үшін нөсер кәрізі құдықтары қосымша орнатылды".

Осындай маңызды жайттардың ескерілмеуінен шығын көлемі екі есе. Ал оның есебін беріп жатқан ешкім жоқ. Осы орайда сарапшылар бар салмақты құзырлы органдарға арту керек дейді. Әкімдерді ауыстыра бергеннен іс өнбейді Себебі:

"Әу баста ескеру керек еді. После драки руками не машут".

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: