Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады

17 Тамыз 2020, 22:13
Сурет: elbasy.kz

"Nur Otan" партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды zakon.kz.

"Құрметті отандастар! Пандемия салдарынан Қазақстан бүкіл әлем елдерімен бірге күтпеген қиындықтарға тап болып, жаһандық дағдарыстың ең қиын кезеңін бастан өткеруде. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы нәтижесінде дамыған мемлекеттер де дағдарыспен күресуде. Мұндай жағдайда кез келген үкіметтің алдында тұрған ең өзекті мәселе – экономиканың дамуы және ел азаматтарының денсаулығы. Бізге халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды. Сондықтан Президентіміз, Үкіметіміз көп шараларды қолға алып жатқанын білесіздер. Осы орайда медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Олар пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр", - деді Елбасы.

Сондай-ақ партия төрағасы волонтерларға алғыс айтып, депутаттарға қатысты қоғамдағы сынға да тоқталды.

"Біз Біргеміз!" акциясы аясында ғана "Jas Otan" барлық мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен бес мың еріктінің басын біріктірді. Әрине, кемшіліктер де болды. Коронавирус дағдарысы мемлекеттік басқарудың кейбір салаларында олқы тұстар бар екенін де көрсетті. Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді. Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін. Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты. Оны көбіне орынды сын деп есептеймін. Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс. Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмытпауымыз керек", - деді ол.

Конституциялық реформа үш жыл бұрын жүргізілді.

"Партиялық-саяси жүйені тереңнен қаузап, жаңғыртуға негіз қаланды. Парламенттің рөлі мен Үкіметтің ел алдында есеп беру талабы күшейтілді. Өкілетті органдарды сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Биыл саяси партияларды тіркеуде сан жағы екі есе азайтылды. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30% квота заңмен енгізілді. Бұл билікке жаңа бетбұрыстарды ұсынудың қайнар көзі бола алатын - өз саласының кәнігі маманы, беделді көшбасшысы, ел тағдырына алаңдайтын, шешім қабылдай алатын және сындарлы ұсыныстар жасай алатын адамдар, - делінген Елбасы сайтында жарияланған хабарламада.

Назарбаев ортақ мақсат - елдің ертеңі екенін баса атап өтті.

"Құрметті отандастар! Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрмыз. Ғасырға тең келетін жол жүріп өттік. Біздің буын ауыртпалығы мол дағдарыс кезеңінде егемен мемлекет құрды. Ұлттық экономика қалыптасты. Шекарамыз шегенделді. Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Біз тұрақтылық пен келісімді сақтай білдік. Біртұтас ұлтқа айналдық. Бірақ алдымызда әлі де көптеген қиындықтар бар екені анық. Мен әрдайым айтып келемін және қазір де қайталап айтамын: "Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бөлек, оны көздің қарашығындай қорғап, нығайтып, келер ұрпаққа тапсыруға тиіспіз". Сондықтан жиған тәжірибемізге сүйеніп, өткен күннен сабақ алып, алға ұмтылуымыз керек. Ортақ мақсат – елдің ертеңі, халықтың болашағы жолында біріге алатындар ғана табысқа қол жеткізетінін ұмытпайық", - деді сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?