Жаңалықтар тізбегі
0

Ұлт жаңғыруы: Абай

inform.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.08.2020 21:05 inform.kz
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде Қазақстан қолға алып жатқан бастамалардың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің керегі жоқтығын, оның бәрін Абайдан табатынымыз туралы түйінді ойды тілге тиек еткен еді

Осы жылдың 10 тамызында ұлы хакім Абайдың туғанына 175 жыл толды. Бұл атаулы дата Қазақстанда ғана емес, ТҮРКСОЙ мен ТМД-ға мүше мемлекеттерде өз деңгейінде аталып өтті. "Абайдың табиғаты, Абайдың дауысы, Абайдың тынысы – бұл заман тынысы, халық дауысы. Бүгінде ақын дауысы біздің дауысымызбен ұштасып, қатая түседі және тың қуат алуда", - деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай біз әлі күнге дейін Абайдың үніне құлақ асып, оның даналығы мен асыл сөздерін бойымызға қуат етіп келеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде Қазақстан қолға алып жатқан бастамалардың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің керегі жоқтығын, оның бәрін Абайдан табатынымыз туралы түйінді ойды тілге тиек еткен еді. "Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екендігі көрінеді", - деді Елбасы. Расында, алдағы даму мұраты мен стратегиясын анықтап берген Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында Абаймен үндес идеялар бой көрсетеді. Рухани жаңғыру ұлт дамуының алғышарты болғандықтан, бұл идея Қазақстан халқын тәуелсіздік алған сәттен бастап алға бастап келеді. Мәселен, 2004 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Қазақстан аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер жаңғыртылды, ал 2013 жылы "Халық – тарих толқынында" бағдарламасы бойынша әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы "Рухани жаңғырудың" басты мақсаты да ұлы хакім Абай келер ұрпаққа өсиет еткен білім жинау мұратын көздейді ғой. Білім алу қай заманда болсын құнды болған, білімді тек мансап пен байлық жинаудың мұраты етсек, онда оның саф білім болмағаны. Білімді болу бірінші кезекте тәрбиемен екшелсе, екіншіден ұлтқа қызмет етуден көрінеді. Елбасы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын жазу арқылы ұрпаққа өз жолдауын жариялады. Себебі 2017 жылы жаһанданудың жаңа прогрестері қадамдап келе жатқан еді. Қазір білім көкжиегі кеңейді, технологиямен астасқан танымдар арқылы әлемдік алаңға шығу мүмкін болады. Әлбетте Абай сөз еткен ғылым мен білімнің дәл бүгінгідей өзекті болмаған кезі жоқ шығар. Нұрсұлтан Әбішұлы осы орайда бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы деген негізгі бағыттарды жазады. Елбасы "Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас¬тары-мыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді", дей келе Абаймен үндес ойларын ортаға салады. Ғұлама "Білімдіден шыққан сөз,талаптыға болсын кез", - дей келе білімдінің үнін білімді ғана ұғатынын, талаптану білім алам деп құлшыныс артқан жанмен қатар жүретін асқақ қасиеттердің бірі екенін бізге мәлім етеді. Абай өзінің отыз екінші қара сөзінде білім-ғылымды игеру үшін бірінші білу керектігін сөз етеді. Ал білу үшін білім мен ғылымға құмарлық, ынтық болу, білгенді берік ұстау, білейін деп алға ұмтылудың арқасында махаббат пайда болатынын пайымдайды. Елбасы өз мақаласында қазіргі білім алудың негізгі алғы шарттарын сөз ете келе бүгін жаңа деп аталатынның бәрі ертең ескіге айналып шыға келетінін, осы себептен кәсібін еркін меңгерген, оны кез келген уақытта жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар жандардың ғана табысқа жететінін алға тартаы. Яғни білім алуға деген махаббат қазіргі кезде оның икемділігімен де сипатталады.

Тәуелсіз ел атанған сәттен бері Абайды ұлықтап, оның философиясы мен асқақ ойларын жас ұрпақ пен барша қазақ халқына жеткізу мақсатында қыруар шаруа жасалды. Сонау 1995 жылы Жидебай қорығында сәулеті мен салтанаты келіскен Абай мен Шәкәрім күмбездері ашылды. Елбасы қасиетті мекенде сөйлеген сөзіне "осы күннен бастап Абайдың ата-бабасы өмір сүрген қасиетті жер - әлем халықтарының өмірі, теңдік пен келісім, әрдайым бір-бірінің мәдени мұрасы арқылы баю қажеттігі туралы ақын идеясымен толық келісетін әрбіреуіміз үшін рухани Меккеге айналатын болады", - деген еді. 2006 жылы Мәскеуде ұлы хакімге арналған ескерткіш бой көтеріп, Елбасы салтанатты ашылу рәсіміне қатысса, 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткішінің ашылу салтанаты өтіп, Елбасы Н.Назарбаев пен сол тұстағы Өзбекстан Республикасының президенті И.Каримов сөз сөйледі. ҚР Тұңғыш Президенті кітап қорында "Абай туралы сөз" басылымы сақтаулы тұр. Ал Елбасының жеке кітапханасында Нұрсұлтан Әбішұлына сыйға тартылған кітаптар арасында Николай Анастасьевтің "Абай. Тяжесть полета", Анатолий Ким сыйлаған "Абай жолы" романын, Бек Елубаев сыйға тартқан "Қалың елім қазағым" кітаптарын ерекше атап өтуге болады.

2019 жылдан бастап ұлы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өту бойынша арнайы жоспар құрылып, Үкімет деңгейінде қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласында "Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. "Ғылым таппай мақтанба" деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол "Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз", – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың "Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге" деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет", - деген ойын ортаға салған еді. Мемлекет басшысы торқалы тойдың тағылымы барын атай келе Абайдың 175 жылдығы бұл қазақ үшін жай ғана атап өтілуі тиіс дата емес, берер тағылымы мен сабағы мол сәт екенін де нығырлап айтты. Бұл мерейтой қоғамдық сананы жаңғыртып, тұтас ұлт ретіндегі дамуымызға серпін беретін салмақты шара екендігін жазған Қасым-Жомарт Кемелұлы "Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз", - деді. Расында біз Абай айтқан ілім мен даналықтан не ұқтық, ол айтқан бес дұшпаннан қашықтадық па, неден қорытынды шығардық, ал неден ұтылдық, әрі қарай не болмақ сауалдарына бір сәт болсын дамылдап түйсіне жауап беріп көрейікші.
Абай ұлт шамшырағы, қараңғыда даңғыл жолға бастаған жол бастар ойшылы болды. Қазақтың дала пәлсапасын заманауилықпен ұштастырып, білім мен ғылымды, ар мен адамдықты, мәдениет пен өнерді үлгі еткен хакімнің үні біздің заманымызбен бірге жасасып келеді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: