Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Читайте также

Бюрабекованың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Індет кезінде дәрі-дәрмек тасымалы, гуманитарлық көмекті таратуда заңбұзушылықтар көп болды.

Сурет : primeminister.kz24 Қыркүйек 2020, 10:15

Белсенді дәрігер, балалар невропатологы Қайырғали Көнеев қызметінен босатылған денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Людмила Бюрабекованың үстінен көп ұзамай қылмыстық іс қозғалуы мүмкін дейді.

Қ.Көнеевпен Л.Бюрабекова не үшін қызметінен кетірілді, Цойдың жаңа команда жинағаны дұрыс па, Цой неге реформа жасауға асықпайды деген мәселелерді Мәлім.kz талқылаған екен.

– Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметіне биылғы жылдың сәуір айында ғана тағайындалған Людмила Бюрабекова не үшін қызметінен босатылды деп ойлайсыз?

– Бюрабекованы қызметтен босату – дұрыс шешім. Өйткені ол Біртановтың командасында болғандықтан, бұрынғы министрдің бұрыс саясатын жүргізуді жалғастырды. Оның үстіне елдегі фармацевтика саласына жетекшілік ететіндіктен, пандемия кезіндегі дәрі-дәрмек тапшылығына жауапты. Шілде айында коронавирус індеті өршіп, адамдар үйлерінде қайтыс болып жатқанда дәріханада парацетомолдың өзі жоқ болды. Ал бірақ дәрі-дәрмек қоймада жатты. Бұған Людмила Бюрабекова жауапты, бұл оның тікелей құзіретіндегі мәселе. Бюрабекова бұл үшін жауап беруі керек. Меніңше, "Самұрық-Қазына" қоры бойынша тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдары Л.Бюрабекованы коронавирус кезіндегі заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартуы мүмкін.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі ресейлік "Фавипиравир" препаратын лоббилап, коронавирусты емдеу хаттамасына енгізді. Препарат елге "ғылыми зерттеу жұмыстары үшін" деген мақсатпен тасымалданды. Яғни ол Қазақстанда тек ғылыми тәжірибелерге қолданылып, сатылымға шықпауы керек еді. Хаттама бойынша бұл препаратты тек стационарда, яғни ауруханада жатқан адамға дәрігердің бақылауымен беруге болатын. Демек, ол тек "СҚ-Фармация" арқылы сатып алынуы тиіс еді. Олай болса, Europharma иесі – "Ақниет" ЖШС оны өз сайттары арқылы қалай сата бастады? Бұған еліміздегі фармацевтика саласына жауапты билік өкілдерінің қатысы бар ма? Мұны енді құқық қорғау органдары анықтауы керек.

– Людмила Бюрабекова қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін дедіңіз. Не себепті? Осыны ашып айтып бересіз бе?

– Оны жауапкершілікке тарту оп-оңай нәрсе екеніне сенімдімін. Құқық қорғау органдары жеткілікті дәлел табуы үшін уақыт керек. Бірақ қылмыстық істің фигурантына айналуы мүмкін екеніне күмәнім жоқ. Індет кезінде дәрі-дәрмек тасымалы, гуманитарлық көмекті таратуда заңбұзушылықтар көп болды.

– Өткен аптада Ерлан Қиясов бас санитар дәрігер әрі вице-министр болып тағайындалды, сөйтіп, министр орынбасарларының саны төрт адамға жетті. Людмила Бюрабекова қызметтен кеткен соң оның орнына басқа адам келе ме, әлде министрлікке үш вице-министр жеткілікті ме?

– Біртановқа дейін фармацевтика саласына жауапты вице-министр болған жоқ. Фармацевтика саласына жауапты вице-министр тағайындауды Біртанов өзі ойлап тапты. Әдетте фармацевтиканы министрдің бірінші орынбасары қадағалайды. Енді министрлік сол жүйеге қайтып оралатын тәрізді. Фармацевтика саласына министрдің бірінші орынбасары жауапты болмақ . Кеше тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі сапасын бақылау комитетін таратып, оның орнына санитарлық-эпидемологиялық қадағалау комитеті және медициналық фармацевтикалық бақылау комитеті құрылды. Демек, фармация саласын арнайы комитет бақылайды.

Ерлан Қиясовты тағайындаудың астарында бас санитар дәрігерді бір мезетте вице-министр ету мақсаты көзделді.

– Цой министрлікті Біртановтың кадрларынан тазалап шығып, өз командасын жинап алды. Ерлан Қиясбеков, Ажар Ғиният Цоймен бірге президенттің іс басқармасы медициналық орталығында жұмыс істеген. Цойдың министрлікке келе салысымен бірнеше айдың ішінде команда жинап алғаны дұрыс па?

– Оны Цой ғана емес, бәрі істейді. Бұл – отыз жылдан бері жалғасып келе жатқан саясат. Мұны осыдан 10-15 жыл бұрын Назарбаев та сынап, жаңа қызметке командамен көшіп қонуды доғарыңдар деген. Бұрын министр ауысса, жаңа министр өзімен бірге орынбасардан бастап хатшыға дейінгі бүкіл қызметкерлерді тайлы-тұяғымен қалдырмай әкелетін. Қазір қайта бүкіл қызметкерді ертіп жүрмейтін болды. Бірақ команда жинау дәстүрі жалғасып жатыр. Әрине, бұл дұрыс емес. Бірақ мұны Цой ойлап тапқан жоқ, сондықтан бұл саясаттан ол да бас тартпайды.

Командамен қызметке бару немесе команда жинау түбегейлі дұрыс емес нәрсе. Жалпы, бізде денсаулық сақтау министрлері қызметте көп отырмайды, тез ауысады. Бұл қызметте ең көп отырған министр – Біртанов. Басқа министрлер бір жарым-екі жыл сайын ауысып отырды. Цой министрлікті сынға алуға түрткі болған мәселелерді шеше алмайтын сияқты. Сондықтан бұл қызметте бір жыл отырса жақсы, меніңше, бір жыл да отырмайды. Демек, Цой кетсе, орнына келген жаңа министр өз командасын жинайды. Бұл елдегі жүйенің проблемасы. Министрліктегі жемқорлық мәселесін шешеді деп жауапты хатшыларды қойған еді, нәтижеде керісінше жемқорлық сол жауапты хатшылардан бастау алып отыр. Қазір төрт вице-министр бар. Алайда мемлекеттік аппарат шағын болуы керек. Төрт орынбасардың не қажеті бар? Бір-екі вице-министр жетеді ғой. 2005 жылдары қымбат мұнай бағасының арқасында шалқып-шылқып өмір сүріп жатқанда төрт орынбасарды ұстауға болған шығар. Ал қазір ондай кеңшілік заман емес.

Денсаулық сақтау министрлігіне түбегейлі реформалар жүргізу керек. Министрліктің бақылау кеңесінің мүшелерін министрдің өзі тағайындайды. Бұл да Біртанов енгізген нәрсе. Бақылау кеңесі туралы ережені өзгерту керек. Оның мүшелерін халық ішінен сайлаған дұрыс. Министр сол бақылау кеңесіне бағынуы керек, ал бізде керісінше, кеңес министрге бағынады. Денсаулық сақтау министрлігі не бітіріп жатқаны белгісіз, қоғамдық бақылау жоқ зейнеткерлер органы сияқты. Цой министрлік реформасын қолға алса, бұл дұрыс нәрсе болар еді. Бірақ, меніңше, Цой оны жасамайды. Өз билігінен айырылу кімге ұнасын.

– Бірақ Цой министрлік жұмысын ретке келтіре алмағаны үшін сынның астында қалды. Бұл оны өзгеріс жасауға мәжбүрлемей ме?

– Цойдың Біртановтан не айырмасы бар? Біртанов министр болуға қатты тырысып ұмтылды, өйткені бұл лауазым оның қызметтік мансабының шыңы болды. Сол лауазымға жету үшін барын салды, тіпті өтірік айту, алдаудан да тайынбады. Ал Цой мемлекеттік қызметке бизнестен келді. Меніңше, оған өзінің ар-намысы, абыройы қымбат. Сол абырой-беделден айырылып қалмау үшін реформа жасауы да мүмкін. Ал реформа жасамаса, оның саясаттағы өмірі өте қысқа болмақ. Біртанов денсаулық сақтау министрлігін ең ұзақ басқарған министр ретінде тарихта қалса, Алексей Цой ең аз уақыт отырған денсаулық сақтау министрі ретінде қалуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Загрузка...
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер